Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза мекен – таза болашақ» акциясы өткізілді — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза мекен – таза болашақ» акциясы өткізілді

18

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданында «Таза мекен – таза болашақ» тақырыбында экологиялық акция ұйымдастырылды.
«Ұлы Дала» ықшам ауданы – еліміздегі ең ірі тұрғын алаптарының бірі. Бүгінде мұнда 40 мыңнан астам тұрғын тұрады. Соған сәйкес, ықшам ауданда түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудан аумағында жасыл желектер, демалыс орындары мен серуендеу алаңдары орналасқан. Осыған байланысты мұнда абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
Экологиялық акцияға қала жастары, еріктілер және жастар ұйымдарының өкілдері белсенді қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар ықшам аудандағы №47 тұрғын үйдің аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қураған бұтақтар мен тұрмыстық қалдықтарды жинады.
Ізгі бастамаға ұйытқы болған Тараз қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Лесбектің айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы – қоршаған ортаны қорғауға, қала тазалығын сақтауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба.
– Тазалық – айналаны ретке келтіру ғана емес, адамның табиғатқа, туған жеріне деген көзқарасының көрінісі. Бүгін «Ұлы Дала» ықшам ауданындағы сенбілікке қатысқан әрбір азамат қаламыздың көркеюіне өз үлесін қосты. Экологиялық мәдениет күнделікті әдеттен, қарапайым әрекеттен басталады. Егер әрқайсымыз қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарасақ, таза әрі жайлы қала қалыптастыруға бірге қол жеткіземіз, – деді Азамат Лесбек.
Акцияға 50-ден астам жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен белсенді жастар қатысты. Нәтижесінде ықшам аудан аумағынан 1 тоннадан астам қоқыс шығарылып, тұрғын үйлердің айналасы тазартылды.
Айта кетейік, осындай экологиялық шаралар облыстың бірқатар аудандарында да ұйымдастырылуда. Еріктілер мен жастар ауыл көшелерін, өзен жағалауларын, орталық саябақтар мен қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарын жүргізуде.
Акция барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындарда тазалық сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар тұрғындардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуына ықпал етеді.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін өңірде 48,5 мың жасыл желек отырғызылып, 3,5 мың шақырым көше жолдары тазартылды. Сондай-ақ 831 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, 685,5 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумағы абаттандырылды. Нәтижесінде 6,9 мың тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай шаралар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын нығайтуға зор үлес қосуда.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.