Ақтөбеде хирургия бөлімінің екінші қабатындағы арнайы палатада жатқан науқас операциядан кейін ауруханадан қашып, жертөледе бір күннен астам уақыт бойы полициялардан жасырынған, деп хабарлайды munaranews.kz Stan.kz cайтына сілтеме жасап.
БАҚ-тың хабарлауынша тергеу изоляторында жүргенде ол кеудесіне жарақат алған. Жағдайға байланысты оны жедел медициналық көмекке алып келген.
Дәрігерлердің айтуы бойынша 19 қаңтарда ауруханаға түскен ол 23 күні таңертең қашып кеткен.
“Науқасқа операциядан кейін түтік қойылған болатын. Қалай қашып кеткенін біз білмейміз. Оны бірнеше адам күзетіп тұрды және жағдайы да сауыға қоймаған”, – деді Ақтөбе облыстық жедел медициналық көмек ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапанов.
Науқасқа кеудесіне қан мен ауа жиналып асқыну бойынша диагноз қойылған. Бас дәрігердің айтуынша 49 жастағы ерекше күзеттегі науқас хирургия бөлімінің екінші қабатындағы арнайы палатада болған. Ер адам отадан соң қойылған денедегі түтікшесімен, сырт киімсіз қашқан. Қазір барлық жағдайлар анықталып жатыр.
Оны полицейлер бір тәуліктен кейін тапқан. Күдікті көпқабатты үйлердің жертөлесінде жасырынған. Енді оған тағы бір қылмыстық іс қозғалады. Қашу әрекеті үшін үш жылға дейін жаза қарастырылған.
Еске салсақ Мұрат Айтқалиев Ақтөбе қаласында азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталған болатын.