A place where you need to follow for what happening in world cup

Асқар Мырзахметов Әулиеатаның әлеуетін қалай көтерді?

934

Қазақ «Өткен жылға өкпе жоқ» деп жатады. Иә, расында біз өкпелемек түгілі былтырғы жылды облыс тарихына алтын әріптермен жаздық. Өйткені өңірлік жалпы өнім, салықтық түсімдер, бюджет қаражатын толық игеру деген сияқты көзге көріне бермейтін секторлардағы жетістіктерден бөлек рухани өміріміздегі үлкен бетбұрыс кезеңінің куәсі болдық. Облыстың 80 жылдық мерейтойы аясында өңірге тарту ретінде талай-талай тарихи дүниелер өмірге келді. Әсіресе, «Тектұрмас», «Көне Тараз» сынды мәдени-тарихи кешендер қысқа ғана уақытта бой көтеріп, шежіресі қос мыңжылдықтан тамыр тартатын көне шаһардың жоғы түгенделгендей болды.

Кеңес өкіметі құлап, артынша келген тоқырау жылдары да әлеуметтік саланы әлсіретіп тастағаны да жасырын емес. Дегенмен, тынымсыз еңбек пен экономикадағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде республика аумағында әлеуметтік нысандар ел игілігі жолында жыл өткен сайын көптеп ашылды. Оның ішінде өзіміздің облыста да медициналық нысандар мен мектеп, балабақшалар қатары жыл санап артты. Әсіресе былтыр сала жеміске толы болды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы секторында да ауыз толтырып айтарлық жаңалық баршылық. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің былтырғы төл бастамасы – өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған пилоттық жоба облыстың он бір ауылдық округін қамтып, бүгінде оның да алғашқы жемісін көре бастадық. Пилоттық ауылдардағы әр отбасының бір кәсіп ашуына бар мүмкіндікті жасаған жоба толыққанды нәтижесін берсе, мұны еліміздің өзге өңірлері де өз тәжірибелеріне енгізіп көрмекші.
Бұған дейін көптеген отбасының бас қайғысына айналған баспана мәселесінің соңғы жылдары облыста біраз түйіні тарқатылып, былтыр өңірімізде қоныстой көбейе түсті. Бұл жақсылықтың нышаны әрине. «Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді халқымыз. Үйсіз-күйсіз жүрген жанның еңбегі қайбір өнімді болсын. Сол үшін «Баспана – бақыт шамы» дегендей Әулиеатада былтыр біраз отбасының осы бағыттағы мәселесі шешілді. Биыл да Тараз төңірегінде тұрғын үй құрылысы қызғалы тұр.
Жалпы, тәуелсіздік жылдарындағы аймақта атқарылған жұмыстарды ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен облыс бюджеті соңғы 15 жылда 12 есеге артқан. Биылдың өзінде өңірдің экономикалық көрсеткіші 5 пайызға өскен. Өндіріс көлемі 6,5 пайызға, жеке инвестиция 20 пайызға жетті. Биыл жыл басынан бері 430 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қысқасы, өткен жылдың еншісінде біраз жүйелі жұмыстың жемісі қалды. Нақты айтқанда облысымыз ел бойынша бес салада алдыңғы орынға шығып, көш бастапты. Осы мақалада өткен жылдың басты жетістіктерін саралап, салмақтап көрсек.

Қаржы игеруден алдымызға қара салмадық

Экономикада көзге көріне бермейтін, сол салада қызмет ететіндердің еңбек үнемі жұрт назарынан тыс қалатын ауқымды сектор бар. Ол қазына қаржысының игерілуі, бюджеттің орындалу көрсеткіштері. Қазына – халықтың күнделікті салығы мен өзге де түсімдерінің жиынтығынан құралады. Оның игілігін тек халық көруі тиіс. Сондықтан мемлекет салық жинау мен одан құралған бюджет қаражатының толық игерілуін мұқият қадағалайды.
Облыс бюджетінің 2019 жылғы орындалуын бекерден-бекер атап өткелі отырған жоқпыз. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыс бюджетінің кірістері 328 миллиард 619 миллион теңгеге немесе 101,6 пайызға орындалыпты. Ал меншікті кірістер жоспары 67 миллиард 450 миллион теңгеге немесе 108,1 пайызға орындалып отыр. Мұнда ерекше назар аударатын жәйт – былтыр 5 миллиард 31 миллион теңге жоспардан артық түскен.
2018 жылмен салыстырғанда меншікті кірістердің өсімі 115,7 пайызды құрап отыр, яғни 9 миллиард 145 миллион теңгеге артқан. Бұл – республика бойынша екінші орындағы көрсеткіш болып отыр.
Ашығын айту керек, бізде салық төлеуді әлі күнге елді қанау деп те түсінетіндердің бары таңғалдырады. Батыста, әсіресе АҚШ-та өлім мен салықтан қашып құтыла алмайсың деген түсінік қалыптасқан. Бір сөзбен айтқанда өркениетті елдерде салықты уақытылы төлеу – ел азаматының мемлекет алдындағы парызы саналады. Ал бізде салық төлеу мәдениетінің әлі де төмендігінен сала қызметкерлері салық жинауға қамшы баса түсуге мәжбүр. Десе де былтыр салықтық және салықтық емес түсімдердің өсуі бойынша республикалық деңгейде 102,5 пайыз көлемінде белгіленген индикатор облыста 108,8 пайызға орындалған. Яғни, 3 миллиард 402 миллион теңгеге артық.
Бюджеттік қаражаттар 359 миллиард 241 миллион теңгеге немесе 99,9 пайызға игерілді Әрине, жүз пайыз болса тіптен керемет болар еді. Алайда осы көрсеткіштің өзімен-ақ республика бойынша 1-ші орынға шықтық.
Осы орайда, бюджеттің игерілуіне барынша бел буып, тынбай еңбек еткен аудандарды атап өткен дұрыс шығар. Алдымен облыстық бюджеттің қаражаттары Меркі, Талас, Жамбыл, Сарысу, Байзақ, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарының бюджеттері 100 пайыз игерілген. Ал Мойынқұм ауданы мен Тараз қаласында қаражаттарды игеру көрсеткіші 99,9 пайызды межелепті. Тек Жуалы мен Шу аудандарында қаражаттар 99,8 пайызға игеріліп, белгіленген индикаторға қол жеткізілмеген. Десе де, жалпы алғанда осы көрсеткіштермен-ақ облыс республикада көш бастады.

«Мырзахметовтің жобасы» мақтауға лайық

Әулиеата жері әу бастан егіншілік пен мал шаруашылығына қолайлы өңір. Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандары мал шаруашылығы бойынша сонау кеңес заманынан жетістік жалауын желбіретіп келсе, Шу, Талас өзендерінің бойын жайлаған жұртшылық егін егіп, диқаншылықпен шындап айналысты. Десе де тағы да сол тоқырау жылдары бұл шаруашылықтарға тұсау салғаны рас. Кейінгі жылдары ғана ауыл шаруашылығына қайта бетбұрыс жасалып, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті арта түсті. Оның үстіне жетпісінші жылдардан бастап химия өнеркәсібі мықтап қолға алынғалы өңірлік экономика индустриялық бағыт алып кеткені рас. Бертіндегі әр жылдардағы мемлекеттік қолдаулар жыртыққа жамау болғанымен, жамбылдықтардың жаппай шаруашылықпен айналысып кетуіне даңғыл жол ашыла қоймады.
Міне, осы олқылықтың орнын толтырып, тұрғындардың тірлігі мен тұрмысын түзеу мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметов былтыр жаңа бастаманы қолға алып еді. Бұл пилоттық жобаны жүйелеп, жоспарын сызып, өміршең екеніне Үкімет басшысының көзін жеткізіп, мақұлдатудың өзі оңай болған жоқ. Асқар Исабекұлы осы саланы бүге-шігесіне дейін білетіндігін тағы бір мәрте дәлелдеп, ақыры Үкіметтің «батасын» алды. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» аясында өткен жылы бастау алған осы батыл бастама қазір сынақтан өтуде. Батыл дейтініміз, еліміздің аграрлық саласында бұрын-соңды болмаған бұл пилоттық жобаға Әулиеатадан бір емес, екі емес, бақандай он бір ауылдық округ кіргізіліп, пилоттық ауылдардағы әр отбасы, әр ауланың бір-бір кәсіппен айналысуына бар жағдай жасау болды. Яғни, облыстағы барлық аудан жобаға теңдей қатыстырылуда. Ол үшін, яғни, мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алуға барлығы 6 миллиард 687 миллион теңге қарастырылды. Бүгінде облыс бойынша 388 өтінім мақұлданып, әзірге 1 миллиард 270 миллион 700 мың теңге шамасында шаруалардың қолына тиіпті. Бұл облыста осыншама отбасы жеке кәсіп ашып, нәпақасын табуға бел буды деген сөз.
Әзірге аудандардың арасында Байзақ ауданы жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Оларда 60 азаматқа қаржы тиген. Сарысуда – 47, Жуалыда – 43, Т.Рысқұлов ауданында 40 тұрғын қажетті қаржысын алыпты. Өзге аудандарда да осыған жетеқабыл. Дегенмен, бұл оларда жұмыс баяу жүруде дегенді білдірмейді.
Ең бастысы, салада кезекті бір сең қозғалды. Бүтін бір отбасы жалғыз адамның айлық жалақысына қарап немесе өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар үшін бұл пилоттық жоба тірлік етудің, тұрмысты түзеудің таптырмас тетігі болып отыр. Кім немен айналысамын десе өз еркі, тек әкімдік бекіткен бес бағыттың шеңберінен шықпаса болғаны. Негізінен жоба бос жатқан ауыл шаруашылық жерлері мен үй іргесіндегі ауланы тиімді пайдаланып, мал, егін, бау-бақша шаруашылықтары мен ет, сүт, қайта өңдеу, жеңіл және тамақ өнеркәсібін дамытуды барынша діттеп отыр. Ел шенеуніктері көз тігіп, нәтижесін күтіп отырған бұл жоба да Жамбыл облысын алға шығарып, мерейін үстем етті. Тек ауыл-аймақта шаруашылықтың бес бағытын дамытып, еңсесін тіктеуге бағытталған бастамаға сәттілік серік болғай!

Ауыл шаруашылығы алшаң басуда

Осы ретте «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының да қарқыны өте жақсы екенін айта кеткен жөн. Естеріңізде болса, былтыр аймақ басшысы облыстың біраз ауылдарына арнайы ат ізін салып, тұрғындармен, жұмыссыз жандармен, шаруасын дөңгелетіп отырған шағын кәсіп иелерімен жақын танысып, мәселені көзбе-көз талқылап еді. Бұл бастама да елдегі «Қарапайым заттар экономикасын» дамытудың аясында жүйесін тапты. Яғни, жоғарыда айтылған пилоттық ауылдар жобасынан бөлек, барлық ауылда да шағын кәсіпкерлікті дамыта түсудің таптырмас құралы қажет болды. Облыста «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бағдарламасы аясында бүгінгі күнге дейін екінші деңгейлі банктер арқылы 20,7 миллиард теңгені құрайтын 60 жоба мақұлданып, 12 жоба (47 миллиард теңге) қаралуда.
Жалпы, өткен жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Асқар Исабекұлы облыс тұрғындарының әл-ауқаты агроөнеркәсіп кешенінің даму деңгейімен тығыз байланысты екенін баса айтқан-ды. Яғни, жамбылдықтардың 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімінің өсуі бойынша республикада бірінші орындамыз. Егістік алқабы 18 мың гектарға ұлғайып, 687 мың гектарға жетті. Оның 352,4 мың гектары дәнді дақылдар, 182 мың гектары суармалы жерлер.
Сондай-ақ, озық технологияларды енгізу арқылы үдемелі бақ 40 пайызға ұлғайып, 1029 гектарға жетті.
Кезінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқап 992 мың гектар болса, оның 214 мың гектары айналымнан шығып қалған. Былтыр осы жердің 174 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қант қызылшасы төңірегінде де қордаланған мәселе көп. Соған қарамастан былтыр өндіріс 135 мың тоннаға жетіп, 7 пайызға артты. Облыста қант өндірісін одан әрі дамыту үшін қуаттылығы жылына 148 мың тонна қант өндіретін құны 85 миллиард теңгені құрайтын заманауи қант зауытының құрылысы басталды.
Ал ет экспортының артуына байланысты арпа 27 мың гектарға артық егілді. Қысқасы осы саладағы былтырғы индикаторлық көрсеткіштерді саралай келе Жамбыл облысы республика бойынша бірінші орыннан көрінді.

Әулиеата Әлеуметтік нысан салуда да үздіктер қатарында

«Халыққа қызмет – қастерлі міндет» деген қағида бар. Осы халыққа қызмет етудің бір көрінісі әлеуметтік саланы дамытумен тығыз астасып жатыр. Ал әлеуметке сапалы қызмет көрсету бірінші кезекте мектеп, аурухана, балабақша сынды әлеуметтік нысандарды салудан басталса керек. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыста еліміз тәуелсіздік алғалы осы күнге дейін 871 әлеуметтік нысан бой көтеріп, ел игілігіне берілген екен. Бұл тәуелсіздік жылдары аймақтың әлеуметтік саласы айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізе алғанын аңғартады.
Нақтылай түссек, 28 жылда білім саласында – 245, денсаулық сақтау саласында – 126 және 500-ге тарта спорт нысаны бой көтеріп, жұртшылықтың игілігіне жараған.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, тәуелсіздік алған жылдардан бастап, өңірде 126 медициналық нысан салынса, қазір жалпы саны 391 денсаулық сақтау ұйымы халыққа тұрақты қызмет көрсетеді. Сондай-ақ салаға бөлінген қаржы да ондаған есеге артқан. Айталық, 2000 жылы бөлінген қаржы көлемі 2 миллиард теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш 61,4 миллиард теңгеге жеткен.
Жалпы, айтпағымыз былтыр республикадағы жақсы көрсеткіш­тері­міз­дің бірі – осы әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы болып отыр. Әрине, қазына қаржысына қарап отыра беретін болсақ, бүгінде есігін айқара ашып, елге қызмет ете бастаған нысандардың әлі қазығы да қағылмайтын ба еді, кім білсін? Осы ретте мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүйесін ұтымды ұйымдастыра білген облыс басшылығы көпшіліктің ризашылығына бөленіп отыр. Мәселен, аймақтың құрылғанына 80 жыл толу мерейтойын атап өту аясында «80 жылдыққа 80 жоба» ұранымен өңірдің барлық аудан тұрғындары дәрігерлік пункт, фельдшерлік-акушерлік амбулатория сынды денсаулық сақтау нысандары мен ұрпақ тәрбиесіндегі балабақша секілді маңызды нысандарға қарық болды.

«Жасыл экономика» – Жамбылдың бренді

Жамбыл облысында жасыл энергетика жобалары кейінгі жылдары қарқынды дамуда. Қазір өңірде күн, су және желден қуат өндіретін 11 электр стансасы жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы қуаттылығы – 169 мегаватт.
Айта кетсек, бүгінде жергілікті тұрғындар баламалы қуат көздерінен өндірілетін энергияның 20 пайызын тұтынып отыр.
Бұдан бөлек өңірде тағы бес жобаның құрылысы жүргізілуде. Олардың жалпы құны 118,5 миллиард теңге болса, қуаттылығы 233 мегаватты құрамақ.
Облыста кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2025 жылға дейін 2,9 триллион теңгені құрайтын 69 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде шетел инвесторларының қатысуымен жүзеге асып жатқан Шудағы «M-KAT GREEN» күн электр станциясы жобасы да бар.
Жалпы, қолданыстағы 9 жобаны қосқанда облыстағы жаңғыртылған энергия көздерінің жалпы қуаттылығы 403 мегаватты құрайды. Бұл да республика бойынша – 1 орын.
Тоқсан ауыз сөзімізді түйіндесек, былтырғы көрсеткіштер көңіл көншітеді. Өзге облыстар арасында оқ бойы оза шаппасақ та, жекелеген салалар жөнінен топ жара алдық. Әсіресе, тұрғын үй салу жөнінен ауыз толтырып айтарлық жұмыс атқарылды. Мәселен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 30 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 888 пәтерлі 12 тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 11 жатақхана салынуда.
Туризмді түлету бойынша да инвестиция тартудың аймақтық картасы бекітілді. Оған 33 туристік нысан енгізіліп, 12 туристік бағыт айқындалды. Әсіресе, соңғы екі жылда 8 саябақ, гүлзарлар мен аллеялардың құрылысы жүргізіліп, 80 жылдық айтулы мерейтойға тарту етілген «Көне Тараз», «Тектұрмас» сынды этно-мәдени, тарихи кешендердің ашылуы облыс тарихындағы ұмытылмас оқиға болды. Ал инвесторлар есебінен салынып жатқан «Қаралма» тау шаңғы базасы құрылысы аяқталуға таяу.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

«ARAI» газеті

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.