A place where you need to follow for what happening in world cup

Компьютерлік томография кабинеті ашылды

334

Биыл дүйім жұртты дүрліктірген коронавирус дертінің салдарынан медицина саласына артылар жауапкершіліктің жүгі артып, ақ халаттылардың халық алдындағы жанкешті еңбегі де еселене түсті. Сонымен бірге, бұл дерт елдегі медициналық технологиялардың жетіспеушілігін анық аңғартып, денсаулық сақтау саласын жетілдіруге барынша ден қою керектігін көрсетті.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайының басты көрсеткіші болып табылатын медициналық қызмет көрсетудің сапасына зор көңіл бөлу керектігін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсуді қолға алуды тапсырған болатын. Әсіресе, ауыл-аймақтағы медицина саласын заман ағымына сай жабдықтау керектігін ескерткен.
Бүгінде аталған жұмыстардың алғашқы нәтижелері де көріне бастаған сыңайлы. Дәлірек айтар болсақ, жуырда 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласындағы ауруханада компьютерлік томография кабинеті ашылып, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған болатын. Қалалық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Нұрбол Жолдасовтың айтуынша, жаңадан әкелінген медициналық құрылғы еліміз бойынша төрт қалада ғана бар екен. «Компьютерлік томография аппараты біздің ауданға 2015 жылы қойылу керек болатын. Жергілікті бюджеттің шамасы келмегендіктен кейінге шегеріліп келді. Енді, міне, еліміздегі «Демеу» медициналық орталығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бұл аппаратты ауруханаға орнатып берді. Құны 412 миллион теңгені құрайтын құрылғы еліміз бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және біздің Шу ауданында ғана бар. Бұл соңғы үлгідегі технология болғандықтан тиісінше оның функционалдық мүмкіншілігі де өте жоғары. Адамның кез келген ағзасын түсіргеннен бөлек, бір мезетте 64 кескіндеме жасауға қауқарлы. Сондай-ақ, компьютерлік томограф көрсетілімінің айқындылығымен және сәуле жүктемесінің аздығымен ерекшеленеді», — дейді Н.Ошанбайұлы.
Аталмыш құрылғының құны тым қымбат болуына байланысты көбінесе үлкен қалаларға ғана орнатылатындығын ескерер болсақ, бұл Шу ауданы үшін елеулі оқиға болып отыр. Оның үстіне, аудан тұрғындары компьютерлік томография аппаратының қызметін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында амбулаториялық деңгейде тегін ала алады. Ол үшін жергілікті жердегі емханаға жүгіну қажет. Учаскелік дәрігер денсаулығыңыздан аурудың белгісін тапқан болса, компьютерлік томографияның қызметіне жолдама береді. Одан бөлек, КТ кабинеті ақылы негізде де жұмыс істейтінін айта кету керек. Қалалық аурухананың бас дәрігерінің стратегиялық даму және ішкі бақылау жөніндегі орынбасары Алуа Жазылбекқызының сөзінше, бұл аппараттың қызметін көршілес ауданның тұрғындары да пайдалана алады екен.
–Шу ауданы облыс орталығынан шалғайда орналасқандықтан біз үшін бұл аппараттың маңызы зор. Бұдан былай аудан тұрғындары КТ-ға түсу үшін алысқа сабылмайтын болды. Тәулігіне 24 сағат бойы емделушілерді қабылдайтын КТ кабинетінің қызметіне Шудан бөлек, Мойынқұм, Қордай және Меркі ауданының тұрғындары да жүгіне алады. Бүгінде біз дәрігерлер мен рентген-лаборанттардың біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқытып, КТ аппаратымен жұмыс істеуді үйреттік. Қазір мұнда 6 маман жұмыс істейді. Дегенмен, кабинет тәулік бойы жұмыс істейтіндіктен алдағы уақытта қызметкерлердің санын арттыратын боламыз. Тағы бір айта кетерлігі, дәл қазір өзекті болып тұрған коронавирус пневмониясын анықтауда аталмыш аппарат өкпенің қанша пайызға қабынғанын дәл көрсете алады. Ал бұрын қолымызда бар құрылғылармен өкпенің ішкі бөлігіндегі зақымданған жерді дөп басып айта алмайтынбыз. Одан бөлек, мидың қай бөлігіне қанша миллилитр қан кеткеніне дейін көре аламыз. Айталық, адамның денесіне имплант салынған немесе темір салынған болса, я болмаса эндопротез қойылған болса, магнитті-резонансты томографияға түсе алмайды. Ал компьютерлік томография аппаратының біздегі үлгісінде бұндай шектеулер жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта бұл аппараттың диагностикалық мүмкіншілігі дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдететініне толық сенімдімін, — дейді бас дәрігердің орынбасары.
Иә, денсаулық сақтаудың тиімді жүйесін құрудың негізгі алғышарттарының бірі – заманауи технологиялармен қамтамасыз ету екені сөзсіз. Әлбетте, оған ғылым мен техниканың бүгінгі жетістіктеріне негізделген бірегей медициналық құрылғылар жатады. Ауыл-аймақтағы ауруханалар дәл осындай соңғы үлгідегі технологиялармен қамтылатын болса, халықты түгелдей сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Қазірдің өзінде бұл бағытта жеткен жетістіктер аз емес. Алдағы уақытта ауданымыздағы медициналық мекемелердің технологиялары бұдан да жоғары сапалы құрылғылармен толыға түсеріне сенімдіміз.
Ерғали АСХАТҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.