2019 жылғы 27 желтоқсандағы «Қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнаманы жетілдіру және жеке тұлға құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен және тиісінше 2019 жылғы 30 желтоқсандағы «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен көзделген, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне түзетулер 2020 жылдың қаңтарында күшіне енді. Бұл өзгерістер жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету мақсатында заңнамада бірқатар ережелерді тиісті қатаңдату арқылы азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің (әрі қарай ҚР ӘҚБтК) 30-тарауындағы бүкіл 76 бап көліктегі, жол шаруашылығындағы болып жатқан әкімшілік құқық бұзушылықтарды қамтиды. ҚР ӘҚБтК-тің 608-бабының 1-бөлігімен санкция күшейтілді — жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру.
Бүгінгі күннің басты тақырыбы – қазіргі қолданыстағы ӘҚБтК-тің 608-бабының күшейтілуі. Егер бұрын ол бойынша жаза 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру түрінде болса, қазіргі уақытта ол баламасыз көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуды көздейді. Егер жүргізуші масаң күйде жол-көлік оқиғасын жасаған жағдайда 20 тәулікке қамалады және 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Заңда жаза мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде тағы қайталаса, мас жүргізуші 8 жылға, бұл әрекет қайталанса 9 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Себебі мас жүргізуші өзінің ғана емес өзгелердің де өміріне қауіп төндіретіні ақиқат. Бұрын осы кодекстің 611-бабының 2-бөлігіне сәйкес — жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы бойынша жаза 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғатын болса, өзгертулер енгізілгеннен кейін – 50 айлық есептік көрсеткіш (әрі қарай АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға не бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
Жолдардағы жол-көлік оқиғаларының азаюына ҚР ӘҚБтК-тің — көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы, яғни 612-бабының 3-бөлігіне түзетулер де ықпал ететін болады. 2020 жылғы 11 қаңтарға дейін аталған бап бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі санкция көзделген болса, қазір 50 АЕК мөлшерінде айыппұл, немесе 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу көзделген. Қайталап жасағаны үшін 70 АЕК мөлшерінде айыппұл, немесе 15 тәулікке қамаққа алу көзделген. ҚР ӘҚБтК-тің 612-бабының санкциясына өзгерістер тек жаза түрінде ғана емес, осы құқық бұзушылық үшін істерді қарау тәртібіне де әсер етті. Бұрын осы құқық бұзушылық үшін істі уәкілетті орган қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қарау мүмкін болатын. Аталған құқық бұзушылық үшін осы тәртіппен басқару құқығынан айырылған жүргізуші айыппұлды төлеп, оны одан әрі пайдалануды жалғасыратын. Өзгерістер енгізілгеннен кейін аталған бап сотта қаралып, қамаққа алу санкциясы көзделетін болды.
Сонымен қатар, ӘҚБтК-тің 613-бабы толықтырылып, осы кодекстің 4-бөлігі бойынша әкімшілік жаза 3 жыл көлік құралдарнын басқару құқығынан айыруға әкеп соққан болса, қазір 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға; осы баптың 5-бөлігі бойынша 4-бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін 1 жыл ішінде қайталап жасалған әрекет бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 6 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соққан болса, қазіргі өзгерістерден кейін 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 9 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады және 9-бөліктің талабы бойынша 20 тәуліктің орнына 25 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
Қамаққа алу түріндегі жаза ҚР ӘҚБтК-тің 50-бабының 2-бөлігіне сай, жүктi әйелдерге және он төрт жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, он сегiз жасқа толмаған адамдарға, 1 және 2-топтағы мүгедектерге, сондай-ақ елу сегiз жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастан асқан еркектерге және он төрт жасқа толмаған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге қолданылмайды. Заң талабының күшейтілуі орынды. Мұның бәрі жол апатын болдырмау және азаматтардың өмірін сақтау үшін жасалынып жатқан сақтық шаралары.
Статистиканы сөйлетер болсақ, Шу аудандық сотында 2019 жылдың 5 айында жол-көлік оқиғасының қағидаларын бұзу бойынша жалпы 104 әкімшілік іс қаралған: яғни,
-608-бап бойынша 96 іс қаралып, 9 тұлғаға әкімшілік қамаққа алу жазасы, 86 тұлғаға көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза қолданылған, 1 іс қысқартылған;
-611-бап бойынша 1 іспен 1 тұлға әкімшілік қамаққа алу жазасы;
-613-бап бойынша 7 іс қаралып, 2 тұлғаға әкімшілік қамаққа алу жазасы, 5 тұлғаға көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза қолданылған.
Ал, 2020 жылдың 5 айында 45 әкімшілік іс қаралған: яғни,
-608-бап бойынша 43 іс қаралып, 29 тұлғаға әкімшілік қамаққа алу жазасы, 13 тұлғаға көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жазасы, 1 тұлғаға әкімшілік айыппұл түріндегі жаза қолданылған;
-611-бап бойынша 1 іспен 1 тұлға әкімшілік айыппұл жазасы тағайындалған;
-613-бап бойынша 1 іс қаралып, 1 тұлға көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Бұл көрсеткіш жол-көлік оқиғасының былтырғы жылға қарағанда, биыл 43,2 пайызға азайғандығын көрсетеді. Енгізілген өзгерістер туралы айта отырып, жалпы құқық бұзушылық үшін жазаны қатаңдату туралы емес, қолданыстағы заңнаманы қазіргі шындыққа бейімдеу туралы қорытынды жасауға болады.
Е.Жаманқұлов,
аудандық соттың төрағасы.