A place where you need to follow for what happening in world cup

Шулық шаруалар ширақтық танытуда

485

Бүгінде дала төсінен еңбек дүбірінің дауысы естіліп, диқандар үшін қауырт науқанның жүріп жатқаны белгілі. Несібесін жерден жинайтын шаруалар қауымының бел жазбай еңбек ететіні де дәл осы кез. Әрбір ауылдық округте жылдық жоспарды орындау жұмыстары да мықтап қолға алынуда.

Мысалы, өткен жылы аудан бойынша дақылдар 113 835 гектар жерге орналастырылса, ағымдағы жылы 112 262 гектарға жерге себілген. Жалпы алғанда ауылшаруашылығы мақсатындағы егістік жердің көлемі 135 212 гектарды құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4494 гектарға кеміген көрінеді. Нақтырақ айтар болсақ, биыл жаздық арпа 25100, дәндік жүгері 1700 гектарға егілген. Ал майлы дақылдар 8530, картоп 1280, көкөніс және бақша дақылдары 21647 гектарға себілген.

Дейтұрғанмен, үстіміздегі жылы шулық шаруалар тәтті түбір егуге қатты құлық таныта қоймаған сыңайлы. Олай дейтініміз, биыл аудан бойынша қант қызылшасын 602 гектар жерге егу жоспарланғанымен, науқан кезінде аталған меженің жартысына да қол жеткізе алмай қалдық. Кезінде аудандағы бір ғана ауылдың өзі 10 мыңнан аса гектарға тәтті түбір еккен болса, бүгінде жерлестеріміз бұрын-соңды болмаған төменгі көрсеткішті көрсетіп таңғалдырып отыр. Алайда, ауданымызда қант зауытының іргетасы қаланатынын ескерер болсақ, алдағы уақытта аудан шаруалары стратегиялық маңызы зор шикізатты егуде биылғыдай салғырттыққа жол бермей, белгіленген межені толық орындайды деген сенімдеміз.

Айта кету керек, кейінгі жылдары облыстағы егістік жерлерге шегірткелерден келетін зиян сейілмей тұр. Осыған байланысты, ауданымыздағы сақтық шаралары дер кезінде қолға алынған. Қазіргі кезде шегіртке зиянкесіне қарсы күреске аудан көлемінде жұмысшы топ құрылып, анықтау жұмыстарына болжамдау орталығы, инспекциядан 8 маман және әр ауылдық округтерден бір-бір маманнан жұмылдырылған. Сондай-ақ, шегіртке зиянкестеріне қарсы іс-шараларды жүйелі түрде жүргізу мақсатында карантин кезінде зиянкесті анықтау және қадағалау мекемелеріне кедергісіз жүруге рұқсат етіліпті. Дегенмен ауданда зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары басталған жоқ. Әзірге анықтау жұмыстары жүргізідіп жатыр.

Байқауымызша, биылғы жылы шулық диқандар жылдың орташа өнімділігін өткен жылдарға қарағанда едәуір арттыруға ниетті көрінеді. Әрине, еңбекшілер талмай еңбек етер болса, қандай межеге болса да қол жеткізуге болатыны анық. Тынымсыз еңбектің арқасында егіннің тайқазанын тасытып отырған жергілікті шаруалар, қазірдің өзінде қыруар жұмыс атқарып отыр. Бұл жоспарлы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі болады деген сенімдеміз.

Ерғали АСХАТҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.