A place where you need to follow for what happening in world cup

Мемлекеттік бағдарламалар – іс жүзінде

189

Биыл Байзақ ауданына 6 миллиард 268 миллион теңгеге 135 жоба ұсынылса, оның бүгінгі таңда, 105 жобасы бойынша мердігерлер анықталып отыр. Аталмыш жобалардың 38-і әлеуметтік – мәдени нысандарды жөндеуге, 39 жоба тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық саласына, 42 жоба инженерлік – көлік инфрақұрылымын орташа жөндеуге және 16 жоба абаттандыруға негізделген. Сонымен бірге, ағымдағы жылға «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша ұсынылған жобалардан Сарыкемер, Қосақ, Байзақ, Қостөбе, Бурыл ауылдарынан барлығы 1 миллиард 741,3 миллион теңгеге 21 жоба қолдау тапқан. Бұл туралы ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке аудан әкімі Нұржан Нұржігітов мәлім етті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары алғашқы жұмыс сапарын Бурыл ауылдық округіндегі 300 орындық жаңа мектеп құрылысымен танысудан бастады. Аудан әкімдігі сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысы негізінде бой көтеріп жатқан аталмыш нысанның ағымдағы жылдың наурыз айында іргетасы қалана бастаған. Жалпы құны 1 млрд. 181 млн. 47 мың теңге болатын жаңа нысанға «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер атанған. Аумағы 2,5 гектарды құрайтын құрылысқа техникалық қадағалаушы «Инжиниринг Сервис Групп», ал, жобалаушы мекеме «Күмбез Тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері болып танылған. Құрылыс нысаны келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берген мердігерді мұқият тыңдаған облыс әкімінің бірінші орынбасары өңір басшысының тапсырмасына сәйкес орындалуы тиіс міндеттерге тоқталды.
«Мердігерге қойылатын бірінші талап – жұмыстың сапасы мен қаржыны тиімді игеру мәселесі. Екіншіден – «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша жергілікті халықтың елу пайызын жұмыспен қамтамасыз ету. Бұдан бөлек ең маңыздысы – мердігерлер біздің өңірден болуы керек. Сондай-ақ, құрылысқа қолданылатын материалдар да өзіміздікі болуы қажет. Облыс бойынша биылғы жылға 136 млрд. теңгені құрайтын 1 329 жоба бар. Өңірде Төтенше жағдайға байланысты Қордай ауданы 20 млрд. теңге алып отырса, одан кейінгі ең қомақты қаражат осы Байзақ ауданына тиесілі болып отыр» — деді Бекболат Серікбекұлы.
Бұдан соң іссапар Көктал ауылындағы ауыз су имараты мен су құбырлары жүйесінің құрылыс жұмыстары, кіші футбол алаңшасы құрылысы және «Тараз – Бурыл – Тегістік – Ойық» облыстық мәндегі автомобиль жолының қайта жаңғырту жұмыстарымен танысуға жалғасты.
Өзі барған құрылыс нысандарының қайсысында болмасын Бекболат Орынбеков: «Қазіргі таңда, ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер бар. Мәселен, ауылдардың жартысынан астамында көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді» — дей келе, мердігерлерге құрылыс сапасына ерекше мән беруді, жұмысшыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамтуды, құрылыс жүргізілетін аумақты қоршауды, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қауіпсіздік шараларын қолға алуды тапсырды.
Осындай және де басқа да бағдарламалар аясында құрылыстары жүргізіле бастаған Сеңкібай, Сарыкемер, Қостөбе ауылдарындағы ауыз су имараты мен су құбырлары жүйесінің құрылыс жұмыстары, Сазтерек ауылдық округіндегі Абай атындағы орта мектебі мен Түймекент ауылдық округіндегі «Қарлығаш» бөбекжай – бақшасындағы күрделі жөндеу, Қостөбе ауылындағы Қостөбе орта мектебі ғимаратына жанама спорт және мәжіліс залы, асхана мен үш оқу бөлмелерінің құрылысын салу барысына куә болды.
Бүгінде облыста құрылған механикалық отряд ауылдық округтер теңгеріміндегі «Шымыр», «Сиқым», «Күнту», «Жеңіс», «Құрама», «Диқан» каналдарын тазалау жұмыстарымен айналысуда. Бекболат Серікбекұлы Диқан ауылдық округі аумағындағы «Аса – Талас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тазалап жатқан каналдарды аралап, «Ақжар» әскери бөлімшесіне апаратын автомобиль жолының орта жөндеу жұмыстары мен Суханбаев ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратына жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді. Сонымен қатар, аудан орталығында орналасқан А.Суханбаев атындағы демалыс саябағындағы шағын футбол, стрит воркаут және балаларға арналған ойын алаңшаларында болды. Бұл нысан «Самұрық — Қазына» ҰӘҚ демеушілігімен атқарылуда.
Жұмыс сапарын қорытындылаған Бекболат Серікбекұлы ауданда «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы мен «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын бере отырып, ісссапар барысында құрылыс нысандарына қатысты берілген сын — ескертпелерді дер кезінде жою керектігін ескертті.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.