Күллі мұсылман қауымның асыға күтетін, мол сауапқа кенеліп, руханиятын жаңартатын, игілік пен жақсылыққа ұмтылып, сансыз қайырымдылық жасайтын мейірім айы Рамазан айы да келіп жетті.
Рамазан айы — жұмақ есіктерінің ашылып, тозақ есіктерінің жабылатын, шайтанның кісенделетін уақыты. Ораза жай ғана ішіп-жемнен тыйылу емес, ішкі жан-дүниеңді, руханиятыңды тәрбиелеу, тепе-тең ету. Бұл айда ауыр сөз, балағат, өтірік айтудан, бұзақылық жасау сынды жаман әдеттерден бас тартып, барынша ізгілік мен сабырлық танытуға тырысуымыз керек.
Биылғы ораза айы әлемді шарпыған коронавирустық инфекцияның өршуін болдырмау мақсатында енгізілген тыйымдар жағдайында өтуде. Сондықтан діни құлшылық рәсімдеріне де бірқатар шектеулер салынған. Ораза тұтқан қауымға үйде ауызашар бермеу, ас-жиындарға бармау, қажет болған жағдайда ас-ауқатты жеткізіп беру, тарауық намазын мешітте оқымау ұсынылып отыр.
Халқымыз пітір садақа беруге шынайы мән береді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасымен биыл пітір садақа жан басынан 370 теңге мөлшерінде бекітілді.
Қасиетті айдың алғашқы күнін Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылдық мешіті өнегелі, қайырымды істен бастады. Ақылдастар алқасының шешімімен мешіт қорына жамағаттан түскен пітір садақа қорынан ауылдағы аз қамтылған, тұрмысы төмен оннан астам отбасына бір-бір қаптан ұн, құмшекер, 5 литр өсімдік майы, басқа да күнделікті қажетті ас-ауқат таратып берілді.
— Рақымды Жаратушымыз құлдарым тәубеге келсін, сауап жинасын, қайырым жасап, қияметке қамдансын деп, сауапты істеріміздің қарымтасын еселеп қайтаратынын сүйіншілеп, жақсылық пен жомарттық жасауға ынталандырды. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім Рамазанда Алла үшін кішкентай бір жақсылық жасаса, басқа айларда парыз өтегендей сауап алады. Ал осы айда бір парыз өтеген адам басқа айларда 70 парыз өтегеннің сауабындай сауап алады» деген. Сондықтан осы айда барынша мейірімді, қайырлы болуға тырысуымыз қажет. Бүгінгі жасалған қайырымдылық көмек ай бойына жалғасатын болады, — дейді Қайрат ауылдық мешітінің имамы Сауранбек Сарыпбеков.
Абылайхан СӘРСЕН