A place where you need to follow for what happening in world cup

Жақсының жақсылығын айт…

198

№29 орта мектебінде коронавирус індетінің алдын алу және болдырмау мақсатында енгізілген төтенше жағдайға байланысты «Біз біргеміз!» акциясының аясында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Акция барысында мектеп директоры Мұхамеджан Пернеқұлұлы ұстаздармен бірге мөлтек аудан бойынша әлеуметтік көмекті қажет ететін 11 отбасына азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар жеткізіліп берілді.
Сонымен қатар, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың үйлерін аралап, профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ата-аналарға үйді дезинфекциялау заттары таратылды.
Балаларды қашықтықтан оқытуға байланысты қажет еткен 10 отбасына мектептен 10 компьютер жеткізіліп берілді.
Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларымен «Біз біргеміз — біз үйдеміз»!, «Менің бақытты отбасым!», «Мен отбасымен біргемін!» тақырыбында қашықтықтан челлендж жұмыстары жүргізілді. Тақырып бойынша үздік атанған 8 отбасы сыйлықтармен марапатталып, отбасыларға сыйлықтар дер кезінде жеткізілді.
Сәуір айында дүниеге келген мектеп оқушыларының туған күніне орай тәтті торт жеткізіліп, қашықтықтан құттықтау тілектер айтылды.
Әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылармен қашықтықтан «Бақытты отбасы» атты тақырыпта жұмыс жүргізілуде.
Сондай-ақ «Заң – бәрімізге ортақ!» тақырыбында С.Жапарқұлова балалардың өмір қауіпсіздігіне ата-ана жауапты екендігі туралы қашықтықтан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің төтенше жағдайға байланысты шектеу шаралары кезінде беймезгіл жүрмеуін қадағалау мақсатында жоспарға сәйкес рейдтік іс-шаралар ұдайы жүргізілуде.
Сонымен қатар, қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. Кісінің айналасындағы адамдарға танылатын тамаша қыры да қаншалықты қайырымды екендігінен байқалады. Қазіргі таңда еліміздегі жағдайға байланысты көмекке мұқтаж жандарға жаны жомарт жандар әдеттегідей көмек қолын созуда. Ондай азаматтардың бірі мектебіміздің ұдайы демеушісі, 1988 жылдың түлегі Тұрымбаев Талғат Ералыұлы.
Ол елден жырақта болса да, туған жерін ешқашан ұмытпайды. Өзінің туған өлкесіне жақсылық жасау парызы санайтын Талғат Ералыұлы мектепке үнемі демеушілік жасап тұрады. Ол балалардың жақсы білім алып, денінің сау болуы үшін қолынан келген көмегін аямайды. Міне, осындай жаны жомарт жан жақында аз қамтылған 26 отбасының әр қайсысына 50 000 (елу мың) теңгеден көмек беріп, үлестірілді. Мұндай қиын сәттерде қаржылай көмек алған ата-аналардың алғысы шексіз.
Қорыта айтқанда, адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету — халқымыздың игі қасиеттерінің бірі. Осындай сын сағаттарда қайырымдылық жасап жатқан мектеп ұстаздарына, ата-аналарға және демеушілерге алғысымды білдіремін.
Мұхаббат ҚОЙБАҚОВА,
№29 орта мектебінің әлеуметтік педагогы
***
Алғысын білдірді
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жақында бізге Тұрымбаев Талғат Ералыұлының қаржылай көмегін алған көпбалалы ана Ақбота Ақшекеева хабарласып, аналық алғысын білдірді. Ол Бауыржан Момышұлыны тұрғыны. Көпбалалы жалғызбасты ана ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Ақбота еліміздегі жағдайға байланысты қайырымды жандардан көмек алғанына дән риза.
-Біздің қазақ халқы қайырымды, рақымшыл халық. Әрдайым бір-біріне көмек көрсетіп, қиын сәттерде жаныңнан табылады. Біздің бұл қасиетіміз бойымыздан жоғалмағанына көзім жетіп отыр. Елімізде көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық іс жасап жатқанынан хабардармыз. Мұндай игі шара біздің ауданда да көрініс тауып, жақында мен де сол көмекке ие болдым. Ауданымыздың тумасы, №29 орта мектептің түлегі Талғат Тұрымбаев есімді азамат 26 отбасыға қаржылай көмек көрсетті.
Талғат Ералыұлы негізінен Алматы қаласына қоныс аударған. Қазіргі таңда ол жұмыс бабымен Сингапур қаласында тұрады. Жаны жомарт жан бұл уақытқа дейін де мектепке демеушілік жасайтыны туралы жақсы білеміз. Ал, дәл қазіргідей қиын кезеңде алыста болса да туған жерін ұмытпай, көмек қолын созып жатыр. Бізбен бірге екенін, азаматтығын танытты. Талғат Ералұлының қаржылай көмегін оның сыныптасы Нұрлан Баймұхамбетов табыстады. Мұндай игі бастаманы қолдап, жалғастырып отырған жандарға алғысымды білдіремін.
Менің үш балам №29 орта мектепте оқиды. Бізге бұдан бөлек мектеп ұжымы тарапынан да көмек көрсетіліп тұрады. Барлық игі іс жасаған азаматтарға алғысымды білдіріп, ақ тілегімді арнаймын, — дейді Ақбота Сейітқалиқызы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.