Әділетті қоғам – ортақ болашағымыздың берік негізі! — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Әділетті қоғам – ортақ болашағымыздың берік негізі!

18

№3 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат
Кенесбаев Бекболат Аскарович

Өмірбаяным

Құрметті жерлестер!

Мен, Кенесбаев Бекболат Аскарович, 1988 жылғы 5 қаңтарда Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ. Қазіргі уақытта Тараз қаласында тұрамын.
2012 жылы Астана медицина университетін «Медициналық-профилактикалық іс» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Еңбек жолымды 2010 жылы Астана қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясында санитар болып бастадым. 2012–2018 жылдары Мойынқұм аудандық орталық ауруханасында дәрігер-эпидемиолог қызметін атқардым. 2018 жылғы 16 ақпаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Жамбыл облыс- тық инфекциялық ауруханасында дәрігер- эпидемиолог болып еңбек етіп келемін.
Еңбек еткен жылдарымда денсаулық сақтау саласында мол тәжірибе жинақтап, кәсіби білімім мен біліктілігімді үнемі жетілдіріп келемін. Өз қызметімде жауапкершілікті, ұқыптылықты және кәсіби талаптарды басты назарда ұстаймын. Ұжыммен тиімді қарым-қатынас орнатуға, жұмыс үдерісін үйлестіруге және алдыма қойылған міндеттерді сапалы орындауға мән беремін.

Сайлауалды бағдарлама

Қадірлі сайлаушылар!

Мен көп жылдан бері денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келемін. Дәрігер-эпидемиолог ретінде жұқпалы аурулардың таралу себептерін, олардың алдын алу жолдарын және қоғамдық денсаулықты қорғаудың маңызын тәжірибе жүзінде жақсы білемін. Осы кәсіби тәжірибемді ел игілігіне жұмсап, Жамбыл облысының әлеуметтік дамуына және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға үлес қосуды мақсат етемін.

1. Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін нығайту

Ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесінде профилактикалық жұмыстарға ерекше басымдық берілуі қажет. Тұрғындар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу, вакцинацияның маңызын түсіндіру және санитариялық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды қолдаймын.
Мектептерде, балабақшаларда, еңбек ұжымдарында және қоғамдық орындарда түсіндіру шараларын жүйелі жүргізу маңызды. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға, маусымдық инфекциялардың алдын алуға және медициналық тексерулердің қолжетімділігін арттыруға назар аударамын.

2. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру

Әрбір тұрғын тұрғылықты жеріне және әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы медициналық көмек алуға құқылы. Осы мақсатта емханалар мен ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелеріне басымдық беремін.
Ауылдық елді мекендердегі медициналық қызметтің қолжетімділігін жақсарту, дәрігерлер тапшылығын азайту және алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту маңызды. Сонымен бірге медициналық ұйымдардағы кезек мәселесін шешу, пациенттердің өтініштерін қарау сапасын арттыру және дәрігер қабылдауына жазылу жүйесін жетілдіру жөніндегі бастамаларды қолдаймын.
Денсаулық сақтау саласында цифрлық технологияларды тиімді пайдалану арқылы тұрғындардың медициналық қызметке қол жеткізуін жеңілдету де назардан тыс қалмауы тиіс.

3. Балалар мен жасөспірімдер денсаулығын қорғау

Балалардың денсаулығы – ұлт болашағының кепілі. Мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда санитариялық талаптардың сақталуы, қауіпсіз тамақтану және аурулардың алдын алу жұмыстары тұрақты бақылауда болуы керек.
Оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, дене белсенділігін арттыру және зиянды әдеттердің алдын алу бағытындағы жобаларды қолдаймын.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы медициналық кабинеттердің жұмысын жетілдіру, алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйрету және балалардың профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуіне жағдай жасау мәселелерін көтеремін.

4. Медициналық қызметкерлердің мәртебесі мен еңбек жағдайын жақсарту

Денсаулық сақтау жүйесінің сапасы ең алдымен онда еңбек ететін мамандардың кәсіби деңгейі мен жұмыс жағдайына байланысты. Дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалау, олардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасау және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру маңызды.
Жас мамандарды өңірге тарту, ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан дәрігерлерге қолдау көрсету және медицина қызметкерлерінің кәсіби даярлығын жетілдіру бағытындағы бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына ықпал етемін.
Сондай-ақ медицина мамандарының қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, жұмыс жүктемесін оңтайландыру және кәсіби біліктілікті арттыру курстарына қолжетімділігін кеңейту мәселелерін назарда ұстаймын.

5. Салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік қолдау

Халық денсаулығын сақтау тек медициналық ұйымдардың міндеті емес. Ол әр адамның күнделікті өмір салтына, дұрыс тамақтануына және дене белсенділігіне байланысты. Осы бағытта бұқаралық спортты дамыту, қолжетімді спорт алаңдарын көбейту және қоғамдық денсаулыққа арналған ақпараттық жобаларды қолдаймын.
Әлеуметтік жағынан осал азаматтардың медициналық және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыру да маңызды. Қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін қолдаудың тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды көтеремін.

Құрметті сайлаушылар!

Мен үшін депутаттық қызмет – халық сеніміне ие болу ғана емес, сол сенімді нақты іспен ақтау. Дәрігер ретінде жинақтаған тәжірибем мен білімімді өңірдің дамуына, тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағыттауға дайынмын.
Біздің мақсатымыз – аурудың алдын алуға басымдық беретін, сапалы медициналық көмекке қолжетімділігі жоғары, санитариялық жағдайы тұрақты және әрбір азаматтың өміріне қолайлы өңір қалыптастыру.
Дені сау ұрпақ, қауіпсіз орта, әділетті қоғам – ортақ болашағымыздың берік негізі!

Тапсырыс беруші: № 3 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Кенесбаев Б.А.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.