A place where you need to follow for what happening in world cup

Сарысуда Бекжан Тұрыспен кездесу өтті

231

Сарысу аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденінің иегері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Бекжан Асаубайұлы Тұрыс ауданымызға келіп, кездесу өтті.

Кездесуге аудан әкімі Қанатбек Мәдібек, аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратбек Бекмұрзаев және аудан ардагерлері, мекеме, кәсіпорын басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Сыр-сұхбатты аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Құдайберген Жамбылұлы Рысдәулет жүргізді.

— Бірлігіміз бен тірлігімізге қиядан ой тастап, алға жетелейтін ұлт мақтаныштарымен кезекті кешіне қош келдіңіздер. Өткен жылы естеріңізде болса ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы және әлем кубогының иегері, Еуропа-Азия кездесулерінің жеңімпазы Ардақ Құттықожаұлы Назаров пен «ДосСтройКонсалт» ЖШС-нің бас директоры, жерлесіміз, ауданымыздан шыққан кәсіпкер Досбол Мәлікомарұлы Жылқыбаев келіп аудан жастарымен кездескен болатын. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шараларды, кездесулерді өткізу-игі дәстүрге айналады.

Сыр-сұхбатымызды бастамас бұрын сізді алда келе жатқан жеке меншік мерекеңіз 55 жасқа толатын туылған күніңізбен құттықтап, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, жұмысыңызға табыс тілейміз.

Әңгімеңіздің әлқиссасын өткен өміріңізден бастасаңыз. Жалпы 55 жас пен 54 жастың айырмашылығы қандай екен?

— Армысыздар ағайын. Сіздермен кездесуге, жүздесуге себепші болған Досбол Мәлікомарұлына алғысым шексіз. Әкем айтып отырушы еді «Ердің бағасы елге еткен еңбегінің үлкен-кішісімен саналмайды. Тілеуінің, жүрегінің елмен болуында»-дейтін. Міне, тілеуі де, жүрегі де ел деп соғатын осындай азаматтарымыздың барына шүкір. Менің елге келгендегі мақсатым, ардагерлермен, ізімізден еріп келе жатқан жастармен рухани кездесейік, жүздесейік, ой бөлісейік деген ниетпен келдім. Шерхан ағам айтпақшы: «Бабаларымның қанымен, сүйегімен құнарланған қасиетті топырақтың сүйем жерін сүйіп өсуге бәріміз де міндеттіміз!» Кіндігін туған жердің топырағына байлаған бабаларымыздың тектілігінде ұлт болып ұйысудың пәлсапасы жатқандай. Елім деп еміреніп, ұлтым деп тебіренген кешегі бабаларымның, әлемді әнімен нұрландырған даналарымның бәрінің кіндігі топыраққа байланған. Шешем де немерелерінің кіндігін перзентханадан сұратып алып, топыраққа көміп жататын.  «Адам туған жеріне» деп көзіне жас алатын.

Қазір күніне дүние есігін ашып, қаншама сәби туылады. Сол бейкүнә сәбилердің кіндігін кімдер кесті? Әрине, сұрауы жоқ дүниелер. Топыраққа көмілетін тектілігің қан-жын араласып, қасиеттен жұрдай болып жатыр. Олардың келешегі не болмақ?  Осыны ойландық па? Бесіктей жеңіл дүниені неге табыттай ауырлатып алдық деп ойланамын кейде.

Менің балалық шағым ауылда өтті. Үлкен кісілердің қолына су құйып, солардың батасын алып өскенмін. Сол кісілердің ақ батасы мені өнерге алып келді. Қазақтың қара шаңырағы мемлекеттік М.Әуезов атындағы театрда 30 жылдан астам уақыт болды қызмет етіп жатырмын.

Шіркін-ай, қазақтың бойындағы тектілікті тірілтсек қой. Кешке дейін бір балаға айта бергеніммен, тірілте аламыз ба? Дәл қасыңда тұрып, теріс айналып кететіндер қаншама?

Адам мүсіндердің арасында өмір сүріп жүрмін бе деп қорқамын. Балаларымның болашағынан қорқамын. Жаһандық мәдениеттің жетегінде кетіп, қазақы құндылықтардан айырылып қала ма деген қауіп басым.

— Сізді қазаққа кеңінен танытқан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы «Хабар» арнасындағы «Ұят болмасын» бағдарламасындағы ауылдың абызы, Ақылбай қария-ақылгөй қарияның рөлі болатын. Ол кезде сіз отыздан асқан жігіттік шақта тұрсыз. Қазіргі кезде орта жастан асқан кездегі мынау елдің игілігі үшін, ата мен немеренің, әке мен баланың қазақи тәрбие, тектілік, болмыс жайлы Ақылбай қарияның тілімен айтып берсеңіз.

— Мен қазір тентегін тезге салып, тентірегенін жөнге салған, қасиеті қалың елге қазық, өсиеті қауым елге азық болған дала академиктеріне баланған қарттарымды сағынамын. Кезінде бір қарияның кесімді сөзі еліңді, бір кейуананың кесімді сөзі келінді тәрбиелеген ел едік. Әрісі Құраннан, берісі біздің жыр-дастандардан, сондай-ақ, ұшқан құстың қанаты талып, тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр даламызды билеген бабаларымыз туралы қарияларымыз қандай әңгімелер айтушы еді. Бүгін сондай дана қарттарды сағынасың. Батадан гөрі, бокалға жақын қарттарымызды көргенде қайран қаласың. Көңілге мұң ұялатар осындай жағдайлар сахнада ақсақалдардың рөлін көбірек сомдауыма себепкер болды. Бүгінгі кейбір қариялардың өмірде жасай алмаған дүниесін сахнада жасап шығуға тырысамын.

Қоғамда күрделеніп тұрған дүние көп. Ажырасу жағынан қазақ қазір Азияда бірінші орында тұр. Өз-өзіне қол жұмсаудан да солай. Бүінгі жастарымыз өзіміздің дәстүрлі тәлім мен тағылымнан ажырап қалды. Сырттың жылтырына құмар. Ағайын-туыстың арасындағы қатынас үзіліп қалғандай.

Жас ұрпаққа беретін тәрбиеміз болу керек.

Қазіргі қаупіңіз, қорқынышыңыз не десеңіз, бүгінгі ұрпақтың ұлт мінезінен айнып бара жатқандығы. Үнемі ұл-қыздарыма айтып отыратыным да осы-«ұлт бойындағы тектілікті тірілтейік» деймін. Қазір мойындауымыз керек, бұрынғыдай емес, ұрпақ ұсақталып барады. Тарихын, тегін білмейтін жастар жетіліп шықты. Сондықтан сахнада жастарға айтарымыз көп.

— Керемет, аға. Салмақты сөз айтып отырсыз. Тектілік кіндікті босағаға көмуден басталады деп отырсыз. Қазақта тағы бір әдемі сөз бар: «Ер жігіттің кіндік қаны тамған жерге, маңдай тері де таму керек»-деген. Қазақ әдебиетінің қара нары Шерхан Мұртазаның бір әдемі сөзі бар: «Таланттылар-раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашып, көңіл ашады» деген. Талап пен таланттың айырмашылығы неде? Жас буынға адалдық, мықтылық, ұстамдылық туралы айта отырсаңыз.

— Талант деген ол Алланың назары түскен адамға ғана беріледі. Өнер қуған адамның бәрі талантты емес. Қазір көбі таланттан гөрі танымалдылыққа ұмтылады. Смағұл Елубай ағамыздың: «Ел боламын десең экраныңды түзе» деген сөзі бар. Қазіргі жастардың бәрі әнші, актер болғысы келеді. Барлығы танымалдылыққа ұмтылады. Мамандық таңдауда біздің ұрпақ қателеспеуі керек деп ойлаймын.

— «Қазақ қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра»-дейді ғой. Бүгінгі кездесуіміздің тақырыбына сай ән шырқап берсеңіз.

-Домбыра мен қазақ бұл егіз ұғым. Әр отбасының төрінде домбыра тұруы тиіс, оны тарта да білуі керек қазақ азаматтары. Қазір тақырыпқа сай ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Сүрініп кетпе» өлеңін шырқап берейін. Ешқашан жүрер жолымыздан сүрінбейік.

— Рахмет, аға. Халқымыз басына қандай қиын-қыстау күн туса да ешқашан  өзінің руханиятын жоғалтпай бабалардан қалған аманатты көзінің қарашығындай сақтап келді. Расында салтымызда сараланып, дәстүрімізде дәріптелген ынтымақ пен бірліктің халқымызды талай тар жол, тайғақ кешулерден алып шыққанына тарихтан куәміз. Қазіргі уақытта қазақи қалыптасуымызға ханафи мазхабы дінімізден бөлек масхабқа бағынбайтындар пайда болуы қалыптасуымызға кері әсерін тигізбей ме? Қалай ойлайсыз?

— Өте орынды сұрақ. Шынында да дін деген өте нәзік дүние. Бабаларымыз айтады: «Дін-ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің»-дейді. Бұл қасиетті қазір қаруға айналдырып алдық. Баяғыда айтатын дін әрбір ақыл иесін дүниеде де, ақиретте де бақытқа жеткізетін иләһи жүйе делінген. Қаруға айналдырып алдық дегенім-Тәуелсіздік алғаннан кейін шекараны айқара ашып бердік. Сол арқылы бізге басқа діндер ене бастады. Біздің ата-бабамыздың өзінің ұстанған діні, салт-дәстүрі бар. Сол адал жолмен, ақ жолмен жүре білсек, біздің дінімізді, салт-дәстүрімізді ешкім бұрмалай алмайды, оған жол бермейміз.

Таза ақылдың бағытымен табылмаған дін шынайы емес деп мен де үнемі айтып жүремін. Сондықтан ең бірінші оны түсінетін ақыл керек. Біз исламды таза ұстаған халық едік. Кешегі Пайғамбарымыз (с.а.с) сүннеттерінің бәрі біздің дәстүріміздей болып кеткен болатын. Сақтардан келе жатқан салтым, ғұндардан келе жатқан ғұрпым, түркілерден қалған жұртым бар. Соның бәрін қазақы қазыққа байлаған елміз. Қазақтың діні мен ділі, діңгегі, ілімі ілкі жұрттан да ілгері болатын. Апаларымыз ай көрген кезде: «Ай көрдім, аман көрдім! Айдың амандығын, жылдың есендігін бер!»-дейтін. Соңынан ұрпақтың амандығын сұрайтын. Ал, қазір: «Бұл ширк, айға табынып жатыр», дейтінді шығарды. Айтпай кете алмайтын, соқпай өте алмайтын баянсыз тарихымыздың кешегі дәуірі социалистік қоғам. Алдымыз ор, жолымыз тар, тіліміз тұсаулы, қиялға кісен салып тастаған кезде де ата-әжелеріміз дінін ұмытпай намазын оқып, ораза, құрбан айттарды тойлады. Қазағым сол кезде де иманын жоғалтпаған еді. Керісінше, қайта мықты болды ма деймін. Наурыз мерекесі де атап өтілді, айт мерекелері керемет тойланды. Аналарымыздың басынан жаулығы түспеді. Кимешегі кірлемеді. Ол кездің адамдарының ойлайтыны ағайынның татулығы, ынтымағы болды. Берекеге қарай ұмтылып тұратын. Ал, қазір бәрі басқаша, Исламды жалаң сенім ретінде қабылдайды. Ата-әжелеріміз үнемі: «Жатсам да бір Алла, тұрсам да бір Алла, лә иләһә иллә Алла»,-деп жүретін. Сондықтан қазақты дінінен бөліп қарауға болмайды. Екеуі егіз. Ұлтымызды ілгері сүйрейтін ілкімді істердің барлығы имандылыққа, Алланы танумен ұштаспаса, онда мына істеп жатқан істеріміздің бәрі баянсыз.

— Төле би бабамыз: «Құрметсіз өткен бес күннен, ұйқыда көрген жақсы түс артық, сипаты бірдей болғанмен, ерлерден ердің ісі артық» — деген екен. Қазіргі той-жиындардағы даңғазалық туралы өз ойыңызбен бөліссеңіз.

—  Даңғазалық бізге жат нәрсе. Ата-бабаларымыз, аналарымыз қолында барымен қонағын сыйлай білген. Қазір тойды айтпай-ақ қояйын, жаназада да тойдың дастарханындай асып-тасып жатқан дастарханды көргенімде «әттегенай» деп қоямын. Несие алып, қарызға батып, осындай даңғазалықтың бізге керегі бар ма еді дегім келеді.

—  Бекжан аға, қазіргі қоғамда өзіңіз үлгі тұтатындай, сол адамға қарап бой түзерлік тұлғаңыз бар ма?

— Мен жоқ десем азаматтығыма сын болар. Мен қадір тұтатын Абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов, жазушы, тарихшы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының докторы Мұхтар Мағауин, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының батыры, Халық Хаһарманы Тоқтар Әубәкіров.

— Тазалық деген сөздің ұғымы кең. Соны қалай түсінесіз?

— Тазалық үстіңдегі киімнің тазалығы емес. Бұл ар тазалығы. Ата-апаларымыз айтатын еді «Бүкіл бір ұлттың иманы жоғалмасын, рақымшыл жүрегімнің тазалығы жоғалмасын деуші еді». Сол ар, жүрек тазалығы жоғалмаса екен деймін.

— Сынаптай сырғыған уақытқа тосқауыл бола алмаймыз. «Адамның адамшылығы- ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады»-деген екен кемеңгер Абай.  Бұл сөз әлі мағынасын жоймай келеді. Сіздей ұлттың мақтанышы бар. Ендеше ауданның, осы отырған ағайынның атынан аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеевке сөз кезегін берсек.

Аудандық мәслихат хатшысы алыстан ат арытып келген ел мақтанышының үстіне шапан кигізіп, қолына қазақтың қасиетті қара домбырасын сыйға тартты.

Ал, актер осындай сый-сияпат көрсеткендеріне алғысын білдіре отырып, қазақтың салт-дәстүрі бойынша ардагерлерімізге, көнекөз қарияларға сый-сияпатын тарту етті.

Сонымен қатар, осындай керемет басқосуда ауданның Құрметті азаматы, ақын Асылбек Саттаров өзінің баспадан жақында ғана жарық көрген кітабын сыйласа, зейнеткер Алтай Сатыбеков қазір қазақ жастарына теріс ықпалын тигізіп отырған «Евразия» арнасынан көрсетілетін «Қалаулым» бағдарламасының жабылуына көмектесуін өтінді.

-Ыстық ықыластарыңызға, шын жүректен жасаған ілтипаттарыңызға алғысым шексіз, енді сіздерге Ақылбай шал болып батамды берейін.

-Я, Құдайым оңдасын,

Еш жамандық болмасын.

Әр қазақтың үйінде құраны болсын,

Имандылық ұраны болсын.

Әр іске пайымымыз болсын,

Зекет-қайырымыз болсын.

Жастарымыз иманды болсын,

Ақылы терең, білімді болсын.

Келерзаман керім болсын,

Бірлігі бұзылмас елім болсын.

Тұнығы шайқалмас көлім болсын,

Қойы мен құланы қосылып жайылар,

Шөбі шүйгін жерім болсын.

Жастарымыздың еңсесі биік,

Ізгілік пен парасат билеген қоғам болсын.

Аллаһу әкбар!-деп ел мақтанышы ақ батасын берді.

Кездесу қазақтың термеші әнші қызы Наркенже Серікбаеваның әсем әндерімен аяқталды.

Камели Сүлейменова

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.