A place where you need to follow for what happening in world cup

Есімі ескеріліп, еңбегі еленсе…

297

Биылғы жылы арқалы ақын, күміс көмей әнші, әйгілі сазгер Сауытбек Ұсаұлының туғанына 150 жыл толады.

Сауытбек Ұсаұлы (1870, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Қосқұдық мекені — 1932, сонда) — ақын, «Ашаның алты салы» халық өнерпаздарының бірі ретінде мәлім болған. «Ақбөпе — Сауытбек» дастаны ел аузында сақталған. «Сақпанбайға», «Садыр биге», «Нәметқұлға» деген арнау өлеңдері белгілі. Мырзабай, Балқыбек ақындармен, Майса қызбен, інісі Сыбанбекпен айтыстары бар. Белгілі зерттеуші А.В.Затаевич Сауытбектен өз әндерін және бірқатар халық әндерін жазып алған.

Сауытбектің арғы аталары ақын әрі діни сауатты адамдар болған. Саукеңнің аталастары, яғни мәмбеттер аз ғана, жиырмаға жетер-жетпес түтін болған. Мәмбет балалары шетінен өнерлі екен.

Н.Төреқұлұлының «Жүз жасаған бәйтерек» кітабында: «Сауытбек қазақтың жыр-дастандарын жырлаған ақын. Ол ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Шу өңіріндегі ағайынды, елді аралап, халықтың мерекелерінде таңды таңға ұрып ән мен жырларын айтып, көңілдерін көтеріп, қуаныштарын басқарған азамат» деп жазылған. Сауытбек ата өз заманында жыр алыбы Жамбыл, Алатаудың ақиық ақыны Кенен, Арқаның сал-серісі Балуан Шолақ аталармен тығыз қарым-қатынаста болған. Аты аталған кісілер Шу жеріне ат басын бұрып келгенде қаумалаған елімен қонақ етіп, думанды кештер ұйымдастырған. Саукең өз заманындағы өлең өнерінің көп өкілімен сөз қағыстырған, айтысқан. Мырзабай, Балқыбек, Бармақ, Өзібек ақындар Саукеңмен талай рет айтыса жүріп, үлкен сыйластықта болған.

Сауытбек Ұсаұлы –әлі де зерттей түсуді қажет ететін өте күрделі тұлға. Ғашығына деген махаббаты баянсыз болып, сүйгенінен айырылып, шерменде күйге түскен де, атақты Ақкөз Қосанұлы көтерілісіне Ашадан қырық шақты адамды бастап келіп қосылған да осы Сауытбек болатын.

Голощекиннің ашаршылық қыспағынан Қырғызстанға жаяу ауып бара жатқан көпшіліктің ішіндегі Сауытбек Ұсаұлы Тоқташ деген жерде көз жұмады. Бұл — тарихи шындыққа келеді. Сол нәубет жылдары Шу тұрмақ, Арқа қазақтарының да көрші республикаларға ауғаны анық, жолда сүйегі шашылып қалғаны аян.

Ғалым Сейсекүл Исматова: «Қоғамдық пікірде Сауытбектің туған жылы 1870 жыл деп қалыптасқан. 1990 жылы Сауытбек Ұсаұлының туғанына 120 жыл толды деп танып, ел есінде қаларлықтай мәдени және тарихи шаралар атқарылды. Үкіметтің ономастикалық комиссиясы шешім қабылдап, ақын есімі туған ауылына, мектепке, Шу қаласындағы мәдениет үйіне берілді» деп жазады, бірақ ол кісінің есімі ресми түрде мәдениет үйіне тіркелмеген екен. Құрметті Шу ауданының тұрғындары, Сауытбек Ұсаұлы атамыздың есімін Шу қаласының мәдениет үйіне беріп, ресми түрде «Сауытбек Ұсаұлы атындағы Шу қалалық мәдениет үйі» деп аталса және Сауытбек ақын мен Ақбөпе ақынның бір-біріне деген ғашықтық ескерткіші қаламызда орнатылса, келер ұрпаққа үлгілі мұра болып қалар еді.

Нариман МЫРЗАҚҰЛОВ,

Шу қаласының тұрғыны.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.