A place where you need to follow for what happening in world cup

2021 жылдың желтоқсанында соңғы 30 жылдағы ең жоғарғы температура тіркелді — Синоптиктер

242

2021 жылдың желтоқсаны, республиканың барлық аумағында жылы болды, тіптен оңтүстік-батыста көктемгі қолайлы температура да байқалды. Бұндай ауа райына Иран мен Орта Азия аймақтарынан келген жылы ауа массалары себеп болған, деп хабарлайды munaranews.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазгидромет мәліметінше, Жер бетінде оңтүстік және солтүстік-батыс циклондармен байланысты ауа райының тұрақсыздығы байқалған. Республиканың басым бөлігінде, көбінесе желтоқсан айының екінші жартысында боран соғып, қалың қар жауды. Мысалы, 22 желтоқсанда Құсмұрын метеостанциясында (Қостанай облысы) 23 мм (бір айдағы норма бойынша 19 мм), айдың соңында еліміздің батысында жауын-шашын мөлшері 22 мм-ге жеткен.

Еліміздің оңтүстігінде жауын-шашын жаңбыр және дымқыл қар түрінде өтті. Айдың алғашқы онкүндігінде оңтүстік-шығыс және Түркістан облыстарындағы жауын-шашын мөлшері 18-25 мм-ге жеткен.

Айдың басында батыс өңірлерде күндізгі ауа температурасы +6°С дейін, оңтүстік-батыс және оңтүстік өңірлерде +12 және +25,7°С дейін көтерілді. 2 желтоқсанда Шымкент (Түркістан облысы) метеостанциясында +25,7°С тіркелді. Бұл – рекордтық көрсеткіш, себебі соңғы рет ауаның ең жоғары температурасы 1987 жылы 24 желтоқсанда (+25,4°С) байқалған.

Сондай-ақ Маңғыстау облысында да рекордтық көрсеткіштер орын алды. 1 желтоқсан күні Аққұдық метеостанциясында ауа температурасы +22,6°С-қа дейін көтерілді. Айта кетсек, соңғы рет абсолюттік максимум 1981 жылы 16 желтоқсанда (+22,0°С) байқалған.

Солтүстік және шығыс өңірлерде күндізгі ауа температурасы +2, +5°С-қа дейін, елдің оңтүстік-шығысында +13°С-қа дейін көтерілді. Алайда, желтоқсан айының басы мен соңында республиканың солтүстік жартысында түнгі және күндізгі ауа температурасы айтарлықтай төмендеп, түнде -22 -32°С дейін, күндіз -17 -25°С дейін жетті.

Осылайша, Қазақстанның барлық аумағында ауа температурасы нормадан 1-6° жоғары болды. Тек елдің шеткі шығысы мен оңтүстік-шығысында климаттық нормаға жақын болған.

Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан көп болған. Мысалы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облысы, Алматы облысының солтүстігі, Қарағанды облысы және Атырау, Қызылорда облыстарының жекелеген аудандарында жауын-шашын мөлшері қалыпты жағдайдан 1,3-2,9 есеге артқан.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.