Алматы полицейлері «барахолкада» ұрланған бір шабадан алтынды тауып алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 12 тамызға қараған түні қаладағы базарлардың бірінде алтын-күміс бұйымдары сатылатын сегіз бірдей сауда орны тоналды. Ұры 100 миллион теңгенің әшекейін шабаданға салып, алып кеткен. Қылмыс бейнебақылау камерасына жазылып қалған.
«Бұл қылмысты ашу мақсатында тергеу-жедел тобы құрылды. Базардағы бейнебақылау жүйелеріне талдау жасалды. Күдіктінің жеке басы бірден анықталды. Бұл – 35 жастағы А. есімді азамат. Ол Қонаев қаласындағы қонақүйлердің бірінде ұсталды. Күдікті сол жерде уақытты өткізуді жоспарлаған көрінеді», – деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Дархан Мұсанов.
Ол ұрланған алтын бұйымдарды қала шетіндегі иен далаға жасырған. Заттай айғақтар тәркіленді. ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасы ретінде «қамауға алу» санкцияланды.