A place where you need to follow for what happening in world cup

Өнерім – өмірім

626

Музыканы өнердің ішіндегі ең құдіреттісі, ең әсерлісі ретінде қарастырған Әбу Насыр әл-Фараби: «Өмір ғажабы аспан шырақтары жұлдыздарда, ал жердегі ғажап музыкалық әсем дыбыстарда» — деп атап көрсеткен.

Музыкалық аспаптардың ішінде баянның орны ерекше. Баянмен орындалған музыка құлаққа жағымды естіліп, жүрекке жылы тиеді. Бірақ бүгінде музыкалық білімі жағынан сауатты баян тартатын музыканттар өте аз.

Өнер мектебінің ұстазы Әлия Елеуова аудандағы санаулы баянистеріміздің бірі. Сондықтан мақаламызға талай дарынды жастарды осы ерекше өнерге баулып жүрген Әлия Іниятқызын арқау етуді жөн санадық.

Әлия Елеуова баян тартуға бала кезден қатты қызығады. Баян курсына 5 сыныптан бастап қатысыпты. Қызының қызығушылығын ескерген әкесі сол күннен бастап дүкеннен жаңа баян сатып алып берген екен.

-Әкем темір жолда ұзақ жыл жұмыс істеді. Құрметті теміржолшы еді. Ал, анам үй шаруасында болды.

«Сыр елі – жыр елі» демекші, Сыр елі шынында өнерге өте жақын.

 Зоя деген құрбым болды. Бір күні құрбымның үйіне әпкесі Зинаның құрбысы атақты әнші марқұм Мадина Ералиева келген екен. Тамаша басқосуға мен де бардым. Сол күні Мадина Ералиева баянда ойнап әуелете ән салды. Осы бір сәт менің баян тартуға деген қызығушылығымды одан сайын арттыра түсті.

Өнер мектебіне әпкем де барды. Бірақ бір күні мұғалімінен «қызыңыздың сабақ үлгерімі нашарлап кетті» деген шағым түсіп, анам әпкемді өнер мектебіне жібермей қойды. Мен болсам, «Мектеп жабылып қалса да, баянға барамын» деп алған бетімнен қайтпай қойдым. Баянымды көтеріп алып, іс-шаралардан қалмайтынмын.

Тамаша талантты, сауатты ұстаздардан дәріс алдым. Менің музыкаға деген қызығушылығымды байқаған ұстазым Махамбет Әуезов: «Сен музыкалық мектепте оқисың, болашақта үлкен музыкант боласың» — деп айтатын.

1981 жылы орта мектепті және музыка мектебін бірдей тамамдап, Атырау қаласындағы музыка училищесіне құжат тапсырдым. Баян бөліміне 17 талапкердің ішінен бес оқушы қабылдандық. Сол бесеудің бірі мен едім. Емтиханда күрделі шығармалар ойнадым.

Баянда ойнау шеберлігімді дамытып, әртүрлі әдіс-тәсілдерді үйретіп, дәріс бергені үшін Қонысбек ұстазыма алғысым шексіз.

Музыкалық училищеде оқып жүргенде Атырау облыстық Дина Нүрпейісова атындағы қазақ халық аспаптар оркестріне ойнауға музыканттар іріктелді. Сол іріктеуден өтіп, оркестрде үш жыл баянда ойнадым.  Ансамбльдің дирижері, әрі жетекшісі Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Рысбай Ғабдиев болатын.

Оқуды бітірген соң жолдамамен Қызылорда облыстық филармониясына баянист болып орналастым. Күлән Қалымбетованың ансамблінде болып Алматы, Жамбыл облыстарына концерт қойдық.

Білімімді жетілдіру мақсатында Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетін оқып бітірдім.

1990 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданының Сәндібек Құтмамбетов сынды азаматына тұрмысқа шығып, өзімді өнерге баулыған, өмірге жолдама берген музыка мектебіме мұғалім болып қайта оралдым.

Өзіме сабақ берген ұстаздарым мені қуана қарсы алды. Сүйікті ұстаздарым менен ақыл-кеңестерін аяған жоқ.

1994 жылы отбасымызбен Жуалы ауданына көшіп келдік. Аудан орталығындағы №1 Балалар өнер мектебіне жұмысқа орналастым.

Ауданда өткен «Ойна, сырнай» атты сырнайшылар байқауында бас жүлдені жеңіп алып, бағалы сыйлықпен марапатталдым. «Қызғалдақ» халықтық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі болдым. Қазіргі «Қоңыр» тобының мүшесі Мархабат Мықтыбековпен бірге жұмыс жасадым. Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының көркемдік жетекшісі, директор болып қызмет атқардым,- дейді Әлия Елеуова.

Ұстаз бүгінгі таңда өнер мектебінің жоғары санатты ұстаздарының бірі. Әлия Іниятқызының өнерге баулыған шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, топ жарып жүр. Мәселен, Тезекбай Нұрсұлтан мен Құралбай Аңсар сынды шәкірттері халықаралық «Қысқы әуен» және «Rising star» байқауларында І орынды иеленсе, республикалық «Балауса жұлдыздар» байқауында ІІ орынды иеленді. Ал, Әлімхан Нұрдәулет есімді шәкірті «Ұлы Дала ұрпағы» атты республикалық байқауда І орынды жеңіп алды.

Ал, «Болашақ» баянистер ансамблі республикалық «Көк тудың желбірегені» атты байқауда І орын, халықаралық «Жас толқын» байқауында ІІІ орынды жеңіп алды.

Ұстаз Тезекбай Нұрсұлтан, Құралбай Аңсар, Сайлау Жандәулет, Ерқанат Үргенішбай, Мекемтас Асылым, Қалман Марғұлан сынды шәкірттерінің болашағынан үлкен үміт күтеді.

– Менің ұстаздық жолдағы ұстанымым – жас ұрпаққа музыка тілін таныстыру, музыка әлеміне баулу. Менің жаныма классикалық шығармалар  ерекше жақын.

Баян көпжақты, күрделі аспап. Баянмен қалаған классикалық шығармаңды ойнай аласың. Баянмен ән де сүймелдеп, елді билете де аласың.

Баянға қазіргі таңда оқушылардан гөрі олардың ата-аналарының қызығушылығы басым. Сондықтан кейде қиындықтар да туындап жатады,- дейді ұстаз.

Әлия Елеуова өмірлік жары Сәндібек Құтмамбетов екеуі Назерке есімді қыз бен Талғат есімді ұл сүйген. Алланың жазмышымен ұлдары өмірден ерте озды.

Назерке бүгінде тұрмыста.

Өнерлі ана, текті әкеден тәлім-тәрбие алған Назеркенің де жаны өнерге жақын.

Перизат  Шымыртайқызы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.