A place where you need to follow for what happening in world cup

Қырмандағы қызу еңбек

186

Өткен ғасырдың кеңестік кезеңінде «Дала аруы» жүгері дақылын мейілінше мол алқапқа егіп, одан көп өнім алған көктеректік дихандардың бүгінгі ұрпағы ата дәстүрін жаңылмай жалғастырып келеді. Жиырма жылдай ағын суының дұрыс берілмеуі салдарынан  дихандардың тауы шағылып, ата бабаларының  айналысқан пайдалы ісін жалғастыруға ниеттері болмай, жүгері, жоңышқа, бақша дақылдарын еккен суармалы жерлерге жыңғыл, шеңгел, жиде, түрлі арам-шөптер бей-берекет өсіп, егістік алқабы көріксіз күйге түскен еді. Былтырғы жылдан бері аудан әкімі Мәден Мұсаевтың қолдау көмегінің нәтижесінде бірліктік дихандар егістік алқабына қайта оралып, өздеріне тиесілі жерлерін игере бастады. Бұл оң нәтиже беріп, дихандар жүгері, жоңышқа, бақша дақылдарынан мол өнім жинауға қол жеткізді.

Үстіміздегі жылы бұл үрдіс кеңінен қанат жайды. Бірліктік дихандар ағымдағы жылы 1445 гектар суармалы жерді игерді. Оның 260 гектарына жүгері, 100 гектарына арпа, 10 гектарына жоңышқа, 125 гектарына бақша, көкөніс, тары дақылдарын еккен. 760 гектар ескі жоңышқалық алқап бар. Жаз бойы ағын су жүйелі берілді. Дихан қауымы судан таршылық көрген жоқ. Ауыл дихандарының арасынан ерте көктемде жиырма күндей бұрын 50 гектар жерге жүгерінің «Қазбудан», «Украйн» сұрыбын, 7 гектар жерге тары, 25 гектар жерге жоңышқа еккен «Байбарақ-Агро» кооперативінің төрағасы Алмабек Әбдіқадыров жайқала бітік шыққан жоңышқасын екі рет орып алды. Бұл жаңадан егілген жоңышқа үшін үлкен жетістік болып саналады. Міне уақыт оздырмай ерте әрекет жасағанның нәижесінде Алмабектің жүгерісі бітік шығып ерте пісті. Қазір жүгері алқабын орып алып, сотасын ауыл қырманына жинап үлгерді.

Біз қырман басына келгенімізде жүгерінің сотасын қабығынан аршып жатқан ауыл тұрғындары мен жас балалардың қызу еңбектерінің үстінен түстік. Осында кәнігі дихан А. Әбдіқадыров та жұмысты үйлестіріп жүр екен.

– Қазір жүгері алқабын орып бітірдік. Түсімі ойлағанымыздай болды. Аршылған жүгерінің келісін 65 теңгеден, собығы мен тіркемесін 150 мың теңгеден сатып жатырмын. Негізінен алушылар өзіміздің ауылдың мал шаруашылығымен айналысатын шаруалары. Аршылған қабық пен ору барысында түскен сыйлысын ауыл тұрғындарына тегін берілгенін, жүгеріні аршуға шыққан әр адамға күндігіне 1500 теңге еңбекақы, 10-15 келі жүгері беремін. Түстік астары тегін. Ұлым Мархабат Тезекбаевта өзі жеке жер алып, жүгері еккен болатын. Ол қазір жүгерісін оруды бастады. Жүгеріні жинап бітірген соң тары оруға кірісемін дейді, -Алмабек Әбдіқадыров.

Сол сәтте қырман басына келген ауыл әкімі Қанат Көпбаев егін саласы бойынша ағымдағы жылы атқарылған қыруар тірлікті тізбелеп айтып өтті. Көктемде «Үш тал» деп аталатын егістік алқабы егін егуге құлшыныс танытқан   12 азаматқа бөліп берілген болатын. Егістік жерін алған олар өздеріне тиесілі алқапқа жүгері, жоңышқа, тары, бақша дақылдарын екті. Бірнеше жыл қатарынан егін егілмеген тың жерге себілген әр дән бітік шығып, ауыл азаматтарының үмітін ақтады. Қазір мұнда көктемде себілген жоңышқалық екі рет орып алынды. Қазір олар жүгері алқабын, тарыны оруға дайындалуда. Біз осы егістік алқабы келгенімізде дихан Қалижан Байжанов жоңышқасын орғызып жатыр екен. Оны өзінің жеке техникасымен Біржан Оңдасынов атқаруда. Ол  жоңышқалықтың гектарын 10 мың теңгеге орғызып, престеуге 10 литр солярка, өнімнің 15 пайызын алады екен. Жоңышқаның бір түгі 700 теңгеден сатылуда. Осы алқапқа түрлі дақылдарды еккен дихандар Нұрбай Өксікбаев, Мұсатай Тәжібаев, Еркін Жетпісбаев, Серік Орынбеков, Мейрамбек Әбілқасымов және тағы басқалары ала жаздайғы төккен терімен тынымсыз еңбектерінің жемісін көретіндіктеріне шүкіршілік етіп, сірескен сеңді бұзып, егін суын жеткізуге ықпал жасаған, ауыл тұрғындарына қозғау салған аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлы Мұсаевқа алғыстарын айтуда.

Комбайншы жүгерінің әр гектарын 25 мың теңгеге орады. Алайда «Херсонец» комбайынының ору процесі баяу, күніне  мықтағанда 2 — 4 гектар аралығындағы жерді ору мүмкіндігі бар. Комбайн кезегін күткен дихандар күздің жауынына ұрынбай жүгеріні жинап алсақ дейді.

Иә, араға жиырма жылдан аса уақыт салып,  дала төсі мен қырман басы берекелі еңбекке толып, қызу еңбек қайнап жатыр.

 

Жолдыбай ДӘМЕТОВ,

Мойынқұм ауданы

Бірлік ауылы.

Суреттерді түсірген А.Әлтай.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.