A place where you need to follow for what happening in world cup

Қазақтың қасиетті қара шалы

204

Қазақта «қара» сөзі киелі де, қасиетті сөз болып саналады. Мысалға қара қазан, қара орман, қара халық дегендей. Сондықтан мен бұл мақаламды «Қазақтың қасиетті қара шалы» деп атағанды жөн санадым.

Ауданымыздың бар жаңалығын дүйім жұртқа жария етіп тұратын «Мойынқұм таңы» газетінде наурыз айында жерлесіміз, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың туған күніне орай мақала жазған едім. Ал мұны соның жалғасы деуге де болады.

Қазағым «Малым — жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп малды жанның алдына қойған. Сәлемдескенде  «мал-жан аман ба?» деп сәлемдесетіні де бар. Сол төрт түліктің кішісін, қойдың жай-күйін жақсы білген Жаз-ата десем жаңылыспаймын. Бұрынғы Кеңестер Одағы көлемінде мал шаруашылығы саласында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған да осы  Жаз-ата екенін әркез мақтан етеміз.

Жаз-ата жылдың төрт мезгілінде малдың жайын қамдап  көктеуге, жайлауға, күздеуге, қыстауға көшіп жүреді екен. «Саулық шелді болмай, төлді болмайды» дейді. Сол көшіп жүргенінде бір шөкім бұлт көшпен ілесе жүріп, көш қонған жерге жауын жауатын көрінеді. Жаз-ата мұны «Бәсіре жауыным» дейді екен. Міне осыдан кейін Жаз-атаны қалай қасиетті, Алланың нұры жауған кісі демейсің! Осы қасиетті қара шалдың аты Кеңестер Одағы кезінде жер жарғанын сол кездегі ауыл адамдары жақсы біледі. Еңбегіне орай аудан орталығына үлкен жеті метрлік ескерткіші қойылды. Ескерткіштің тақтасына алғаш соғылғанда сол кездегі саясатқа байланысты «Еңбек ерлеріне» деп жазылып қойылды. Ал тақтаның астында «Қуанышбаев Жазылбек» деп жазылған еді. Сол кездегі аудан басшысы А.Назарбеков екеуі ескерткішке келіп, қарап тұрғанда Жаз-ата «Айтбай мынау маған ұқсайды ғой» десе, бірінші хатшы «Ой, Жазеке, Еңбек Ерлері сізге ұқсамағанда кімге ұқсауы керек» деген екен. Сонда атамның жүрегі ескерткіштің өзі екенін сезген — ау!

1986 жылы тоқсан жасында қайтыс болған соң, атамызды сол ескерткішінің жанына жамбасын тигізіп, «Еңбек ерлеріне» деген тақтайшаны алып тастағанда астынан «Қуанышбаев Жазылбек» деген жазу шыға келеді. Неткен тапқырлық деп таңдай қағасын. Бұл да Жаз-атаның, ал оны күні бұрын ойластырған ауданның сол кездегі басшысы А.Назарбековтің  тегін адам емес тігін көрсетсе керек.

Кеңес өкіметі тараған соң Жаз-атаның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында аудан орталығының Новостройка көшесі Ж.Қуанышбаев деп өзгертті. Бірнеше ауылдарда көшелер бар. Аудандық музей Жаз-ата музейі болды. Әйткенмен бұл Жаз-атаның еңбегіне сай құрмет емес болғандықтан сонау 1990 жылдан бері қарай аудан орталығын ол кісінің атымен атау мәселесі көтеріліп келеді. Биылғы жыл бұл тұрғыда нәтижелі болып тұр. Себебі 2001 жылы облыстық маслихаттың жетінші сессисында Мойынқұм ауылын «Жазылбек ауылы» деп атау туралы шешім  де шықты. Бірақ адам атын ауылдарға, басқа да нысандарға беруге маротории болғандықтан ол шешім орындалмай қалды. Осы мәселені көтерген  азаматтар ары қарай әрекет етпеді.

2018 жылдың 20 тамызы күні аудандық мәдениет үйінде ауыл тұрғындарының  жиыны болды. Бұл жиында ауданның Құрметті азаматтары Шора Әміреқұлов, Айтжан Көпбергенов, Стамқұл Садырқұлов, Мұханбетқұл Сабыров, Жамбыл Қалыбаев, Шакизат Акимов, Бекмұрат Жамбылов, ауыл тұрғындары Зияділдә Әлімбетов, Бақыт Пралиевтер Ж.Қуанышбаевтың ауданға, облысқа сіңірген ерен еңбектерін айтып, ауылды Жазылбектің атымен атауды ұсынды. Жиынға қатысушылар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

2019 жылдың қаңтар айында мен, еңбек ардагерлері А.Көпбергенов, С.Сағымбаев үшеуміз аудан әкімі Мәден Мұсаевтың қабылдауында болып, халықтың  ұсынысын жеткіздік. Аудан басшысы бұл ұсынысты толықтай қолдап, бар көмегін жасайтынын айтты.

Осы жылдың ақпан айында ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Е.Базарханов ауданға іссапармен келді. А.Көпбергенов қария екеуміз ол кісінің қабылдауында болдық. ҚР Президенті Әкімшілігінің сол кездегі басшысы Ә.Исекешовтың атына жазылған ауыл тұрғындарының өтінішін Е.Базархановқа табыстадым. Ол кісіге рахмет, өтініш адресатқа жетіпті. Бірақ бұл өтініш қанағаттандырылмады. Себебі Ж.Қуанышбаев ҚР Үкіметі бекіткен «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілмеген екен.

Осыдан кейін ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевқа вертуалды кабинеті арқылы электронды түрде және Елордадағы өтініштер қабылдайтын кеңсесіне Ж.Қуанышбаевтың есімін «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізіп, ауыл атын беруді ұсынған аудан тұрғындарының өтінішін тапсырдым. Биылғы жылдың қаңтар айында Ж.Қуанышбаевтың есімі «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілгені туралы ақжолтай хабар келді. Ал ауыл атын беру 2020 жылы елімізде жүргізіледі деген  халық санағына байланысты кейінге шегерілді. Бұл мәселені шілде айында ауданымызға келген облыс әкімі Б.Сапарбаевқа аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Б.Сатыбалдиев те айтты. Облыс басшысы бұл ұсынысты қолдап, ұсыныс облыс әкімінің хаттамасына енгізілді. Бұл да бір қуанышты хабар болды. Артынша осы мәселеге байланысты құжаттарды дайындауға тапсырмалар да берілді. Солардың бірі-алдағы 27 қазан күні аудандық мәдениет үйінде Мойынқұм ауылы тұрғындарының жиыны өткізілгелі отыр.

Қәзіргі таңда екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы қоғамдық қор жұмыс жасап жатыр. Мойынқұм ауылы, Амангелді көшесінде орналасқан автобекетте кеңсесі ашылған. Осы кеңсенің ашылуына үлкен үлес қосқан ауданымыздың белгілі кәсіпкері, меценат, аудандық маслихаттың депутаты Пернебай Рысымбетовке, ауылдың меценат азаматы Қайрат Нұрабековке көп рахмет айтамыз. Жаз-атаның 125 жылдығына үлес қосамын деген ағайындар болса қордың есеп шотын беруді де ұмыт қалдырмадық. 2021 жылдың 29 наурызында Жаз — атаға 125 жыл толады. Осы мерейтойға біздің қоғамдық қор дайындық жұмыстарын бастап кетті. Атамыз туралы деректі фильм түсіріліп жатыр. Сондай ақ көркем суретті кітап шығаруға тапсырыс беріледі. Жазба ақындар айтысын өткізу, батагөй қариялар жарысын ұйымдастыру, тағы басқалар жоспарда бар. Ал мұның бәрі қаржыға келіп, тірелетіні белгілі. Сондықтан күн-түн демей қимылдап жатырмыз. Ауданның барлық тұрғындары осындай игілікті іс, баршаға ортақ  шаруаға атсалысады деген сенімдеміз.

Жазылбек Қуанышбаев атындағы қоғамдық қордың реквизиті:

ИИК KZ46563Н350000098426

БИН 200340015199

БИК KPSTKZKA

AO «Казпочта»

Кбе 17

Орынбасар АХМЕТ,

екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ж.Қуанышбаев

атындағы қоғамдық қордың Президенті.                                               

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.