A place where you need to follow for what happening in world cup

Қарасаз жастарының қайырымды істері

134

«Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясындағы қайырымдылық шаралары біздің ауданымызда да қарқын алып отыр. Акцияға аудан жастары белсенділік танытып, біркісідей атсалысуда. Игі бастамадан ынтымағы мен бірлігі жарасқан Қарасаз ауылының жастары қалыс қалмады, Қарасаз ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Аружан Қуанышбайдың ұйымдастыруымен аталған акция аясында қайырымдылық шарасы өтті. Қайырымдылық шарасы округте 7 сәуір күні басталып, ауыл жастары, оның ішінде 2017 жылғы мектеп түлектерінің демеушілігімен қаржылай қолдау көрсетіліп, көпбалалы, аз қамтылған бес отбасыға азық-түлік жеткізілді.

Бұл акцияның жалғасы табылса екен деген мақсатта жастар арасында челлендж жасалып, әлеуметтік желілерде басқа да қайырымды жандарға жолданады. Челлендждің нәтижесінде 2018 жылғы мектеп түлектерінің демеушілігімен 200 медициналық маска тігіліп, көпбалалы отбасыларға және 1-2 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін үлестірілді. Медициналық маскаларды Қарасаз ауылындағы «Сәнді киім» ательесінің иесі, тігінші Гүлмира Байжанова және аталған ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі инспекторы Аружан Қуанышбай тігіп, өз үлестерін қосты.
Округтегі мұндай қайырымдылық шарасынан кейін жаны жомарт жандар мен қайырымды жандардың қатары көбейді. Қайырымдылық шарасына тек қана Қарасаз ауылының жастары ғана емес, басқа да елді мекендерден қолдау білдірушілер де табылды. Қолдаушылардан жиналған қаржыға бес отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Жалпы осы акция аясында округтегі 10 отбасыға азық-түліктей көмек көрсетілді.
-Жастардың басын қосып, қайырымдылық жасауға шақырудағы мақсатым – оларды мейірімділік пен жанашырлыққа баулу, әрбір адамның қолынан көмек көрсету келетіндігін көрсету. Әлемді жайлаған пандемия елімізге де өз әсерін тигізбей қоймады. Дегенмен, біз, қазақ елі бұл індетті де бірлігіміздің күшімен жеңеміз. Қазіргі уақытта сабыр етіп, қиналып қалған отбасыларға барынша көмек көрсету – біздің міндетіміз. Бұл жөнінде Тұңғыш-Президент-Елбасы «Бірлесе білген ел бәрін де жеңеді» атты мақаласында дөп басып айтты. Жастарға осындай сын сағаттарда үлкен сенім артты. Осы сенім үдесінен шығып, белсенділік таныту жастардың туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін көрсететін болады.
Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершік қарым-қатынастарын білдіреді. Сол себепті осындай шараға қолдау білдірген барша қайырымды жандарға алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, волонтерлық қызметін белсенді атқарған Қарасаз ауылының жастарын әрі қарай да осы қалыпта жұмыс істеп, еліміз үшін қызмет етуге шақырамын, – дейді қайырымдылық шарасының, басы-қасында жүрген ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі инспекторы Аружан Қуанышбай.
* * *
Қарасаздық жастардың қайырымдылық жасау бастамасын осы ауылдың ардагерлері де жалғап, көпке үлгі болып отыр. Ауылдық округтің ардагерлері де белсенділік танытып, осындай шараларға атсалысуды жөн санайды. Ауыл қариялары «Аналар» алқасының мүшелерімен бірлесе келе, өз тараптарынан қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Шара барысында жалғызбасты, көпбалалы аналарға, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына азық-түліктей көмек көрсетті. Жалпы қариялардың жомарттығымен округтегі 18 отбасыға қайырымдылық жасалды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.