Екі бірдей баласы аутизм дертіне шалдыққан жалғызбасты ана далада қалды. Ата-анасы ерекше балаларды бағудан бас тартып, үйден қуып шыққан. Күйеуі қайтыс болған әйелді туған сіңлісі де қарызға батырып, алдап кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әйгерім Үсенованың жан айқайын экономист-блогер Дәулет Мұқаев (dauletten) жариялады.
«Жетісай басшылығының назарына! Жалғызбасты ана 2 мүмкіндігі шектеулі баласымен далада қалды. Дәл қазіргі уақытта аш отыр.
Бұл Үсенова Әйгерім. 2 мүгедек аутист баланы асырап отырған жалғызбасты ана. Жұбайы қайтыс болған. Жетісайдағы Ата-анасы үйдегі үлесін дау қылып, ерекше балаларды бағудан бас тартып қуып шыққан. Туған сіңілісі 15 мың доллар кредит алғызып Астанадан бутик ашамыз, мемлекеттен субсидия алып берем балаңды емдетем деп алдап кеткен. Мүмкіндігі шектеулі баланы емдетем деп түрік азаматына тұрмысқа шығып Әйгерім Түркияға да барған. Ол жақта дүниеге Рахима есімді қызы дүниеге келген. Ол да Алланың қалауымен аутизм дертіне шалдыққан. Бұны көрген түрік жігіті бірден тастап кете салған», — деп түсіндірді Мұқаев.
Әйгерімнің айтуынша, ерекше баласына деп берілген 10 сотық жерді тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы шетелдіктерге сатып жіберген. «Әбден мазақ қылып бітті» деген келіншек жанайқайын көпшілікке жеткізді.
«Дәулеттен» қоғамдық қоры Әйгерімге көмектесетіндерін хабарлады. Елден жиған ақшаға қор Әйгерімге баспана алып бермек.
«Түн болса да, @dauletten_qory қамқоршылық КЕҢЕСІМЕН жиналыс өткізіп, сіздердің пікірлеріңізді ескеріп, 2 баласы аутист жалғызбасты анаға ШҰҒЫЛ СБОР ЖАСАУДЫ қолға алдық. Сау бала кейде есті шығарып, сөз тыңдамай кетеді. Ал ем алмаған аутист балалар болса сөзді де ұқпайтынын жақсы білесіздер. Әрі бұл балалар әр 30-40 минут сайын айқайлай береді екен», — деп жазды Дәулет Мұқаев.