Ғибратты Керуеннің Сортөбеден кейінгі бағыты Масаншы ауылы болды. Бұл жерде де спикерлер жастар тәрбиесі, бейбітшілік пен иман тұрғысында тұшымды ойларын ортаға салып, әңгіме өрбітті.
Әсіресе Масаншыға келгенге шейін Облыстық ардагерлер кеңесі мүшелері Өтеген батыр ауылында болып, жастарды әскерге шақыру, Отан алдындағы борыш және ұлтаралық қатынастық турасында ауқымды тақырыпта ауыл ақсақалдарымен әңгімелескен.
Облыстық ардагерлер кеңесінің Төрағасы Е.Солтыбаев Масаншыдағы басқосуда да бабалар слаған сара жол қонақжайлыққа құрметпен тіл қатуды, ауызбіршілікте болуды, сонымен қатар, ел қорғайтын әскер қатарына жас жігіттердің баруы қажеттігін қадап айтты. Бұдан кейін Билер кеңесінің төрағасы О.Есіркепов бүгінгі тәрбие мен сал-дәстүр, той дағдысы жайында баяндама жасады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі И. Хаджимуратов «Әке мен ана тәрбиелей алмаған баланы көше тәрбиелейді» дегенді ескертіп, бала тәрбиесі оның ішінде қыз балаға дұрыс тәлім беру қажет екендігін мәлімдеді. «Бүгінгі қыз — ертеңгі ел анасы» деп қарауымыз керек дейді ол. Басқосуда басқа да ардагерлер кеңесінің мүшелері сөз алып, ұлт тәрбиесі туралы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, кездесу барысында Масаншы ауылының тұрғындары кезек-кезек сөз алып, өздерінің қажет кезде қастарынан табылған қандастарына алғыс білдірді.
Шара соңында көпшілік назарына тағлымы мол бейнеролик ұсынылып, облыстық филармония әртістері әуезді ән шырқады.