A place where you need to follow for what happening in world cup

«Қазақ тілі: бүгіні мен келешегі»

1 243

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласына қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.

Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкіндігінше, басқа тілдерге аударылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін.

Сот ісі бүгінгі күні қазақ тілінде және  орыс тілінде қаралады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14 бабының талабы бойынша сот ісін жүргізу тілі қамтамасыз етіледі.

Азаматтық істер бойынша  сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі немесе  басқа тілдер бірдей қолданылады.

Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Белгілі бір азаматтық іс бойынша  іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.

Істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындық барысында талапкердің өз өкілі талап арыз  берген тілді білмейтіндігі анықталса, онда сот талапкердің жазбаша өтініш хаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.

Іс жүргізіп отырған тілді білмейтін  немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу, аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.

Аазаматтық сот ісін жүргізуге қатысушы адамдарға басқа тілде жазылған істің заң бойынша қажетті іс материалдарының сот ісін жүргізу тіліне сот тегін аударып беруді қамтамасыз етеді.  Сот процесіне қатысушы адамдарға  сотта сөйленген сөздің басқа тілде айтылған бөлігін ісін жүргізу тіліне аударып беру қамтамасыз етіледі.

Сот құжаттары іске қатысушы  адамдарға  олардың ана тіліне немесе  олар білетін басқа тілге аударылып беріледі.

Осы жоғарыда келтірілген заң тәртібі бойынша талап қоюшының қалауы бойынша сотқа азамат пен заңды тұлғаның талап арызды немесе арызды қазақша беруі осы Кодекстің 14 бабының 2 бөлігі бойынша сот ісін жүргізу тілін анықтауға негіз болады.

Егеменді  елдің бір белесі – мемлекеттік қазақ тілі.  Осы ел белесін жоғары деңгейде ұстау үшін мемлекеттік органдар мен қатар сот жүйесінде мемлекеттік қазақ тілін игеруге қосар  үлесіміз зор деп есептеймін.

З. Габоева,
мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының судьясы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.