Бүгінгі уақыт еңбек етемін, кәсіп жасаймын деген адамға үлкен мүмкіндік беріп тұр. Құдайға шүкір, бейбіт заман, кәсіпкерлікті дөңгелетуге жағдай бар, себебі мемлекеттің кәсіпкерлікті дамытуға қолдау мақсатында қолдауы да, жеңілдігі де аз емес. Тек ерінбей еңбек ете білсең болғаны…
Бүгінде елімізде азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мақсатымен және шарықтаған бағаны ұстап тұрудың бірден-бір көзі — өнім өндіру, егін егу екені белгілі.
Содан да болар, жылыжай шаруашылығын дамыту мәселесі күн тәртібінен түспей келеді.
Көптен бері көп мінберлерде айтылып жүрген жылыжайды дамыту шаруашылығын үндемей-ақ қолға алған кәсіпкер Д.Әбдікәрімовтің жылыжайын көзбен көргендер тамсана айтатындай бар екен. Жылыжай жайын көзбен көрмек мақсатта әдейілеп, ат арытып барғанымызда жайқалған жылыжайды біз де көріп, тамсанған едік.
Кәсіпкер әңгіме басында «бүгінде кәсіп жасаймын дегенге мүмкіндік көп» деп бекер айтпаған сияқты.
Қияр өсіруге жылы жай салып, алғашқы өнімін терген және тамшылатып суару технологиясын меңгерген Тоғызкент ауылының тұрғыны-Дастан Әбдікәрімовтың еңбекқорлығын ауылдықтары айтып жеткізе алмайды.
Дастан 1972 жылы Тоғызкент ауылында дүниеге келген. 2019 жылы өз қаржысына жылыжай салып, 770м 2 жерге қияр егіп, бүгінде алғашқы өнімдерін жинауда. Сонынмен қатар, 1820 м2 тамшылатып суғару бойынша картоп екті.
«Тәуекел — түбі жел қайық» демекші, әуелі жылыжай салып, қияр өсіріп көріпті. Нәтиже жаман болмапты. Әуелгі өнімнен-ақ жақсы нәтиже беріп, күтіп-баптаса, бұл жер жылыжай алаңына айналатынына көзі жеткен азамат жыл ішінде тыным таппастан жылыжай шаруашылығына білек сыбана кіріседі.
Көкөніс өсірудің ең тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту, өйткені сұраныс жоғары. Сондықтан шағын ғана жылыжайдың өнімдерін сатып тапқан табыс бір отбасын асырауға жетеді. Қасиетті ораза айында бірінші алған түсімді тегін таратып, ауылдықтарға ауыз тигіздік.– дейді 5 ұлдың әкесі Д.Әбдікәрімов.
Әрине, жылыжай жасау оңай шаруа емес. Кәсіптің көзін білетін, құпиясына қанық бағбандардың «алтын қолы» қажет-ақ. Бұл тұста кәсіпкер Дастан өзгелерден үйренуге, көзбен көруге, ізденуге еш жалықпағандығын жасырмады.
Жылыжай бабын тапқан кәсіпкердің тынымсыз тірлігі көпке үлгі боларлықтай. Шынында да көзбен көргендердің «аядай ауылдан мен бір ерекше жылыжай көрдім» дейтініндей-ақ екен. Кәсіпкер еңбегі аядай ауылда қандай да бір жобаны сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жүзеге асыруға болатынын дәлелдей түскендей.
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы.