A place where you need to follow for what happening in world cup

Жуалыдан көмек аттанды

438
«Апат айтып келмейді». Мамыражай мамыр айының алғашқы күндері «Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, шекаралас жатқан Түркістан облысы Мақтаарал ауданының бірқатар елді мекендері су астында қалды» деген суыт хабар қалың қазақтың жүрегіне қанжардай қадалды. Іле-шала өңірде төтенше жағдай жарияланып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жойқын апаттың салдарын жою шараларына кірісті. Оқиға орнында болған Премьер-Министр Асқар Мамин тұрғындарды сабырға шақырып, ешкімнің көмексіз қалмайтынын жеткізді.
Су тасқынынан зардап шеккен, баспанасы мен дүние-мүлкі қирап, қиын жағдайда қалған мақтааралдықтарға жер-жерден қайырымдылық көмек ұйымдастырылуда. Киелі Әулиеата өңірінен су басқан аймақ тұрғындарына азық-түлік пен қажетті тауарлар тиелген жүк керуендері жөнелтілді.
Қиналған ағайынға қол ұшын созудан танбайтын қазақы қалпынан жаңылмаған жуалылықтар да бұл сауапты амалдан сырт қалмай, байтақ жұрт болып жұмылған қайырымдылық іске дер кезінде үлестерін қоса білді.
«Көп түкірсе — көл» дегендей, төтенше жағдай режімі кезінде өздері де қысылып-қымтырылып отырғанына қарамастан қалың көпшілік азық-түлік пен жылы киім-кешектер жинаған жүк көлігіне қолдан келген көмегін аямады. Аз-кем уақыттан кейін жүк көлігі жұлдызы биік Жуалыдан апат аймағына аттанып кетті.
Ал біз тарихы терең Мырзашөлде жер еміп өскен, маңдай терден маржан төгіп, шөлстанды гүлстанға айналдырған еңбекқор мақтараалдықтарға қасиетті Рамазан айында Алла жар болсын дегіміз келеді.
Абылайхан СӘРСЕН

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.