Ауданымызда құс шаруашылығымен айналысатын Айнакүл Ахмадбекова жайлы білмейтіндер кемде-кем. Жеке кәсіпкер жолдасы Абдуманап Балқыбекұлы екеуі бұл кәсіптің қыр-сырын жақсы меңгерген.
Еңбекқор отбасы құс шаруашылығымен 2000 жылдан бастап айналысып келеді. Алайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне биыл төртінші жыл.
-Алғаш құс шаруашылығымен өзіміздің отбасымыздың қажеттілігі үшін айналыстық. Бірте-бірте үй құстарының түрін көбейтіп, жеке кәсіпкерлікпен айналысуды шештік,- дейді құс өсіруші жеке кәсіпкер.
Айнакүл Ахмадбекова 2017 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау Бизнес» курсын оқып, жеңілдетілген пайызбен несие алды. Оған инкубатор аппаратын сатып алды. Өткен жылдан бастап облыстық кәсіпкерлер палатасының ұсынысы бойынша қайтарымсыз грантқа үміткерлердің жобасына арналған конкурстың аудандық комиссиясының құрамына сарапшы ретінде енді.
2019 жылы облыстан келген жобалардың басым көпшілігі құс шаруашылығына арналды. 60-қа жуық құс шаруашылығына байланысты грант жеңімпазы атанған кәсіпкерлердің ішінде 30 шақтысы Айнакүл Ахмадбековамен келісімшарт жасасамыз деп келіскен екен. Алайда бүгінгі таңда олардың тоғызы ғана келісімшартқа тұрыпты.
-Тоғыз 505 мың қайтарымсыз грант ұтып алған кәсіпкер келісімшарт жасасты. Жоба бойынша «Бик-6», «Хайверит Конвертер» тұқымы, яғни етті бағыттағы түйетауықтарды асырау қажет болатын. Сондықтан біз Канададан Ресей арқылы осы түйетауықтардың жұмыртқасына тапсырыс беріп, 1000 дана жұмыртқа алдырттық. Жұмыртқалар инкубаторда 26-27 күн тұрды. Өз уақыты жеткенде жұмыртқалардың 74 пайызы аршып шықты. Келісімшарт бойынша біз оларды жас кәсіпкерлерге 1,5 айлық етіп өсіріп беруіміз керек. Міне, әне-міне дегенше 1,5 ай да өтті. Енді оларды жаймен иелеріне таратып береміз. Әрі қарай да WhatsАpp-та ашылған ортақ чатымыз арқылы сүйемелдеп көмектесіп отырамыз.
Түйетауықтың бұл түрі өте нәзік болады екен. Әсіресе, алғашқы үш күнде қатты қиналдық. Оларға қарағаннан балаға қараған едәуір оңай. Он күн күні-түні көзалмай қарадық. Аяқтарының асты жұмсақ әрі таза болуы керек. Тұрған орнының температурасы 35-36 градус болуы қажет. Осы температурадан түсірмей, астарына резина тор мен аппақ жаялық төседік. Оны қайта-қайта ауыстырып жуып, кептіреміз. Алғаш үш күн жылы суға глюкоза қосып бердік. Бір аптадай жылы суға дәрумендер қосып берсек, кезекті бір аптада дәрі-дәрмегін береміз, кейін қайтадан дәрумендер бердік. Олардың өзін өз уақытында, мөлшермен беру керек. Түрлі жарма жемдер берілді. Қысқасы, мен балам Әбдірасул екеуміз түнгі екіге дейін қарасақ, екіден кейін жолдасым қарайды. Қатты қиналдық. Алайда Аллаға шүкір, қазір балапандар өсіп қалды. Енді торға сыймай сыртқа шыққысы келіп тұр. Түйетауықтарды әлі де үйде екі айдай қарау керек. Сосын сай-салаға жайса, тоғыз айда 25-30 кг ет береді.
Әр жас кәсіпкерге 101 данадан таратып береміз.
Біз тағы да түйетауықтың жұмыртқасына тапсырыс бергенбіз. Төтенше жағдайға байланысты тоқтап қалған. Енді Алла қаласа, 21 мамыр күні келеді. 25 мамыр күні инкубаторға саламыз. Алам деушілер болса, өсіріп беруге дайынбыз. Түйетауыққа қоса тауықтың бірнеше түріне тапсырыс бердік.
Бұл кәсіптің қиындығы көп. Шыны керек, түйетауықтың балапандарын алғаш қараған үш күнде қатты шаршап, тіпті жылағым келді. Кейін жұмысымыздың нәтижесін көріп ұмытып кеттік. Ерінбесең, табысы да жаман емес.
Жақында ауданымызға «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек келгенде түрлі саладағы кәсіпкерлермен кездескен болатын. Кездесуде мен құс фермасын соғамыз деп алған жерімізге жол салып берсе, жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грант болса деген өтінішімді жеткізген болатымын. Менің өтінішімді орындауды аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлына тапсырған. Биыл орындалып қалар деген үміттемін. Егер грант ұтып алсақ, түрлі жемдерді тартатын аппарат сатып алар едік. Себебі, етті бағыттағы құстарға жем шақ келмейді. Оның үсітіне бізден сатып алған барлық құс асыраушылар жемді, дәрі-дәрмегін өзімізден сатып алады.
Инкубатор 15 000 жұмыртқаға арналған. Қазір аудан тұрғындарынан жұмыртқа аштыртуға сұраныс көп түсуде. Яғни, бүгінгі таңда инкубатор толық қуатында жұмыс істеуде. Түрлі құстың жұмыртқаларын аршып шығарып жатырмыз.
Инкубатордың да жұмысы жетерлік. Әр екі сағат сайын оны бұрап, ауыстырып тұру керек. Оның да ылғалдылығы мен жылу температурасын үнемі қадағалап отырмаса, жұмыртқа шықпай қалуы әбден мүмкін.
Әр жұмыстың өз қиындығы мен қызығы болады. Қуанышты сәтіміз балапандардың жұмыртқаны аршып шыққан сәттері. Осы сәтте қатты қуанамыз. Және балапандар өсіп өз-өзіне келіп қатайғанда қуанамыз,- дейді Айнакүл Ахмадбекова.
Жеке кәсіпкер бизнесте «Бас сенера» деген атаққа ие болуда. Бұл жетістікке ол тынымсыз еңбектің арқасында жетіп отыр. Айнакүл Жұмабекқызы енді алдағы уақытта ауданымызда және аудан-ауданды аралап, құс шаруашылығы бойынша семинарлар өткізетін болады.
Қызығы мен қиындығы қатар жүретін кәсіптің қыр-сырын меңгерген ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің тынымсыз, елеулі еңбегі көпке үлкен үлгі-өнеге деуге тұралық.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ