A place where you need to follow for what happening in world cup

Жер мәселесі кезең-кезеңмен шешілуде

75

Түркістан облысының жер көлемі 11 млн 609,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 4 млн 307 мың гектары – ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерлер. Түркістан облысы бойынша жалпы жайылым жер көлемі – 8 864,7 мың гектар. Облыс бойынша 2022 жылдың басында елді мекендердегі жайылым қажеттілігі 3 119,8 мың гектарды құрайды. turkystan.kz

Халқы тығыз әрі ауыл шаруа­шы­лы­ғы­на бейім аймақ ретінде жайылым жер жетіспеушілігі жайлы мәселе жиі кө­терілетіні жасырын емес. Осыған орай, пар­тия жанындағы «Жер аманаты» комис­сиясының жұмысы Түркістан облысынан бас­тау алған болатын. Комиссияның негізгі мақ­саты – заңсыз жеке меншікке өткен жә­не пайдаланылмай жатқан жерлерді мем­лекет меншігіне қайтарып, халыққа әділ үлес­тіру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норма референдум арқылы Конституцияда біржолата бекітілді.
Жақында «AMANAT» Партиясының Хатшысы, комиссия төрағасы Д.Кәрібек, Парламент Мәжілісінің депутат­тары Е.Сайыров және Ж.Әшімжан, жауапты ми­­нистрлік өкілдері Түркістанда жиын өт­­кізді. Оған облыстық әкімдік және жауап­ты басқарма басшылары, шаруа қожа­лық­тарының иелері қатысып, өңірдегі жайы­лым жер мәселесі қаралған болатын. Кез­десуде Д.Кәрібектің ұсынысымен партия­ның Түркістан облыстық филиалы жаны­нан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Оның құрамына тек жауапты сала бас­шы­лары ғана емес, құзырлы органдардың өкіл­дері, депутаттар, партия белсенділері жә­не халық атынан пікір білдіру үшін шаруа­лар енді.
Комиссия мүшелеріне тұрғындардың ұсыныс-тілегін орындау, мәселелер­дің түйінін шешуге ықпал ету және оңтайлы жолдарын қарастыру міндеті жүктелді. Өйт­кені партияның мобильді және жеке қо­ғамдық қабылдауларында арыз-өтініш­тердің басым бөлігі жер дауына қатысты болып, көп талқылаудан өтті. Комиссияның тағы бір ұтымды жағы – жергілікті ат­қару­шы орган арқылы орындалуы ықтимал мә­селелерді Мәжіліс депутаттары фракция отырысында қарайды. Ол үшін азаматтар нақты ұсыныстарды жолдауы қажет. Сол арқылы өңірлік ерекшеліктер сараланып, Заңның қай тұсына өзгеріс енгізу керектігі анықталады.
Түркістандағы жиыннан соң, рес­публикалық комиссия өкілдері Ор­­­дабасы ауданына барып, ондағы ахуалмен танысты. Тұрғындармен кездесу барысында жағымды жаңалықпен бөлістік. Жаңа бас­тамаға орай Төрткөл ауылдық округі, Ақ­сары ауылының тұрғындарына 285 гектар, ортақ пайдалануға берілетіні хабарланды. Былтыр жалпы 133 елді мекенге 135,8 мың гектар жайылым жер ортақ пайдалануға бекітілген болатын.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәй­кес, 2022 жылы елді мекендердегі ор­­тақ жайылым көлемін 1012,0 мың гек­тар­ға ұлғайту жоспары әзірленіп, аудан, қала әкімдерімен келісілген. Сонымен қатар әр­бір елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету бойынша әр айға жоспар кестесі бекітілген. Бекітілген жоспарды орын­дау бойынша жұмыстар екі бағытта жүр­гізіліп жатыр. Бірінші бағыт – мақсаты­на сай пайдаланылмаған жайылым жер­лерді мемлекет меншігіне қайтару (405,2 мың гектар). Екінші бағыт – 600 мың гек­тар­дан астам ірі жер пайдаланушылармен ме­морандум түзу арқылы жайылым жер ие­ленушілерімен ортақ пайдалануға ұсыну. Аталған жоспар кезең-кезеңімен орын­далуда. Есептік мерзімде ауыл халқы 325,5 мың гектар ортақ жайылыммен қамта­масыз етілді. Оның ішінде 58,5 мың гектары жайы­лым жер мемлекет меншігіне қайтару жо­лымен іске асса, 267 мың гектары ірі жер пай­­даланушылармен келісім орнату ар­қылы орындалды.
Сонымен қатар 2021 жылы құрылған жұмысшы топ тарапынан аудан, қа­ла әкімдіктері бойынша жайылым жер учас­келерін мақсатына сай пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде, 476,2 мың гектар жайылым жер мақсатына сай пайдаланылмағаны анық­талып, аудан, қала әкімдіктері тара­пынан жер пайдаланушыларға хабарлама беріл­ген. Берілген хабарламалардың 1 жыл­дық мерзіміне сәйкес, биыл қыркүйек-қа­зан айларында қайта зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы Жер инспекциясы басқармасы 2020 жылы 49 тексеру жүр­гізіп, оның ішінде 42 заңбұзушылық анық­талған, нәтижесінде 6 млн 721 мың теңге айыппұл салынған.
Ал 2021 жылдың он айында Құқықтық ста­тистика және арнайы есепке алу жө­нін­дегі комитетке тіркеліп, 80 тексеру жүр­гізі­ліп, 12 нұсқама беріліп, заңбұзушылықтар қал­пына келтірілді. Бұдан бөлек 53 жер учас­­кесінің иелеріне «Әкімшілік құқық­бұзу­шылық» кодексінің 802-бабына сәйкес, Құ­қықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетке тіркелмей хат­та­малар түзіліп, жалпы 133 жер иесіне 12 млн 652,4 мың теңге айыппұл салынып, бүгінгі таң­да 7 млн 642,5 мың теңге өндірілді.
Жалпы бір атап өтерлігі, ірі жер пай­даланушылар арасында жерін өз ер­кімен аудандық жер қорына қайтарып жат­қан азаматтар бар. Ал бұл жерлер кәсі­бін дөңгелетем деген адамға қолданысқа ке­­рек. Сол себепті жер мәселесін жан-жақты қарас­тырған жөн.
Облыстық комиссияның жұмысына келер болсақ, кездесулер арыз-ша­ғым көп келіп түсетін аудандардан бас­тал­ды. Мәселен, Келес ауданында 417 мың гек­тардан аса жайылым жерге мұқтаждық бар. Мал шаруашылығы үшін жайылымдық жерді ұлғайту мақсатында биыл ауданда 88,2 мың гектар жер қайтару жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Осы секілді Сайрам ауданындағы кездесуде де шаруаларды жер үлесін алу жайы алаңдатты. Биыл аталған ауданда 10 мың гектарды жер қорына қай­тару көзделуде.
Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясы жайы­лым мәселесін шешу жұмыс­тарын күшейтіп, қоғам пікірін ескере келе, шаруалардың ұсыныстарын кезеңімен орын­дауға күш салады. Жерге қатысты заң­бұзу­шылықтар көшбасшы партия тара­пынан зерделеніп, нақты істермен тиісті шешімдер қабылданады.

Бейсен ТӘЖІБАЕВ,
«AMANAT» партиясы
Түркістан облыстық филиалының
атқарушы хатшысы,
фракция жетекші

Керек дерек:

Облыстың жалпы жер көлемі – 11 млн 609,5 мың гектар
ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 4 млн 307,7 мың гектар;
елді мекендердің жері – 791,6 мың гектар;
өнеркәсіп жері, көлік байланысы, тағы басқа – 103,2 мың гектар;
ерекше қорғалатын табиғи аймақтар жері – 430,5 мың гектар;
орман қорының жері – 134,4 мың гектар;
бос жатқан жерлер – 2 832,4 мың гектар;
басқа мемлекеттер пайдаланатын жерлер – 874 гектар
(Өзбекстан Республикасы, Шымған).
Жер қорлары:
Егістік – 966,0 мың гектар (оның ішінде суармалы 453,4 мың гектар)
Жайылым жерлер – 3 127,1 мың гектар
Шабындық – 69,3 мың гектар
Басқа алқаптар – 145,3 мың гектар
Шаруашылық субъектілері:
83 441 Шаруа қожалығы, жер көлемі – 2 369,2 мың гектар;
2 590 Заңды тұлға, жер көлемі – 1 159,9 мың гектар
1 135 Өндірістік кооперативтер, жер көлемі – 686, 3 мың гектар

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.