Баршамызға белгілі, бүгінде коронавирус дерті әлемдік індетке айналып, елімізде де анықталып отыр. Бүгінде пандемиямен күресу, оның алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан ерекше кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Бұл аса қауіпті індет туралы ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев та халыққа үндеу жасап , жауапты сәтте жұмыла білуге шақырды.
Елбасының көмек көрсетуге ниет білдірген азаматтардың қаражаты жинақталатын республикалық қор құру, бірінші кезекте көмекке аса мұқтаж жандарға қолдау көрсету туралы ұсынысы – ел арасында қолдау табатынына сенімім зор, қолдау да тауып жатыр. Себебі, халқымыз қиындық келсе қайыспай, бір-біріне қашан да қолдау көрсеткен. Қолда барын бөлісіп, қауіп-қатерді бірге еңсерген. Бұл бағыттағы шаралар – ең алдымен еліміздегі қоғамдық-саяси ахуал мен тұрғындардың көңіл-күйінің тұрақтылығына әсер ететіні сөзсіз.
Елбасы дәрігерлер мен әскери қызметкерлерді қолдауға шақырды. Өте дұрыс, бұл ретте баршамыздың қауіпті дертпен күресу, оны болдырмау үшін күні-түні тынымсыз еңбек етіп жатқан жандардың қызметіне аса үлкен құрметпен қарағанымыз жөн деп санаймын.
Дана халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген нақыл сөз бар. Расында, осында тағдыршешті кезеңде бірлігіміз бен татулығымдызды ту ете білсек, қиындық пен қауіп-қатерден қиындықсыз өтетініміз даусыз. Олай болса, жауапты сәтте жұмыла білейік!
Төлендиев Қасымхан Естемесұлы
«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» Жамбыл облысы филиалының басшысы