A place where you need to follow for what happening in world cup

«Жасыл аула» акциясында 300 түп ағаш көшеті отырғызылды

403

Ертеден «артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген ата аманатын жалғаған дана халық ұрпағымыз. Ағаш – дүниенің бар кереметін бойына дарытып, күллі әдемілікті айналасына төгетін қасиетті жаратылыс. Сондықтан болар, адамзат баласы табиғатты осы бір жаратылыссыз елестете де алмайды. Ал оның пайдасының өзі бір бөлек дүние.
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы игі бастама көтеріп, ағымдағы жылдың 7 қарашасында «Жасыл аула» деп айдар таққан ағаш отырғызу акциясын ұйымдастырды. Шараға басқарма басшысы Аслан Оразбеков қатысып, сәттілік тіледі. Сөз соңынан аула тұрғындары ішінде акцияны ұйымдастыруда белсенділік танытқан тұрғындарға алғыс хат табыс етті.
Аталмыш акцияны ұйымдастыруда мамандар әуелдегі жазық далада немесе қала сыртында емес, көп қабатты үйлердің ауласына отырғызуды жөн көрген.
Мұндағы мақсат — көп пәтерлі үйлердің аулаларын көгалдандырып, жасыл желекті көбейту және тұрғындар тұратын аумақта экологиялық тазалықтың да алдын алу болып табылады.
Тараз қаласы бойынша бұл жолғы шарада «Арай-2» мөлтек ауданы (13 м.а.) таңдалып алынды. Алдын ала жүргізілген зерделеу барысында жаңадан бой көтерген ғимараттардың бос аулалары қамтылған. Басқарма мамандарының сөзіне сенсек, аталмыш аула тұрғындарымен жүздесіп, акция бойынша ортақ келісімге келген.
«Бұл шараның басты мақсаты да сол тұрғындарды тікелей шараға қатыстыра отырып, егілген ағаштарға жауапкершілікпен қарауға бағыттау. Алдын ала жүргізілген зерделеу бойынша осы аудан тұрғындарымен жүздестік. Біздің тарап барлық егілетін ағаш пен оның түбіне төгілетін қажетті қара топырақпен толықтай қамтылып, ағаш отырғызуға арнайы техникамен орындарында әзірлеп бердік. Тұрғындар тарапы отырғызылған ағаш күтімін өздері қолдарына алуға келісіп отыр» — дейді басқарманың орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын аумақтар бөлімінің басшысы Д.Башанов.
Шара аясында барлығы 300 түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде шаған (ясень), қайың (береза) және емен (дуб) ағашы секілді түрлері алынған. Ағаш көшеттері басқармаға қарасты Қарақоңыз ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің тәлімбағында өсірілген.
Деректерге сүйенсек, бір ағаш 3 адамды оттегімен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бірақ, қазіргі экологияның бұзылуына, автокөліктердің көптігіне байланысты ол да аздық етеді. Ал ағаштардың қатарын көбейтеміз десек, тұрғындар көп шоғырланған аула үшін мұндай шаралардың жиі қолға алынуы құптарлық іс болмақ.

Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар
және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының
баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.