Оқу орнын бітірген түлектер үшін екі қолға бір күрек табу оңайға соқпайтыны рас. Осы орайда «Жастар тәжірибесінің» маңызы зор. Мемлекеттік бағдарлама білімі бар, бірақ кәсібі жоқтарға көмектесуге арналған. Әрі бұл жоба жас түлекке қолдау көрсетіп, еңбек өтілін жинауға таптырмас мүмкіндік.
Қолына жолдама қағаз – дипломын алған жастарға жұмыс тауып беретін бағдарлама – «Жастар тәжірибесі» арқылы мемлекет оқу орнын аяқтағаннан кейін жастардың жұмыс тәжірибесіне ие болуы үшін алты айлық жастар тәжірибесін өткізеді.
Бұл алты ай жас маманның аз-кем тәжірибе жинақтап, өзінің әлеуетін көрсетуге берілген бірегей мүмкіндік. Егер жас түлек алты ай тәжірибеден өткен мекемеде өзін еңбексүйгіш, жауапкершілікті толықтай сезінетін маман ретінде көрсетсе, тұрақты жұмысқа орналаса алады. Өйткені, бұл – тұрақты жұмыспен қамтылуына жасалған алғашқы қадам.
Мұндай мүмкіндікті қалт жібермеген жастардың бірі – Айтбала Жарылқасынқызы. Бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайтын ЖД-158/1 мекемесі кадр саясаты тобының инспекторы лауазымын атқаратын оның «Жастар тәжірибесі» арқылы білімі мен біліктілігін іске асыруға мүмкіндігі бар. Жас маман мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты дұрыс пайдаланып, алдағы уақытта өзін жақсы қырынан көрсете білсе нәтиже болары анық.
Еркебұлан Садуанов,
ЖД-158/1 мекемесі кадр саясаты тобының аға инспекторы әділет капитаны