A place where you need to follow for what happening in world cup

Жас кәсіпкер Жасұлан

247

«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деген қағиданы ұстанған талапты жас кәсіпкердің бірі Жасұлан Әлімбетов аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында тұрады. Жасұланның өз үйінен автокөліктердің мотор майларын ауыстыратын шағын жұмыс орнын ашқанына да үш жылдан асып барады. Оның алға даму бағытында шын ниетпен ашқан кәсібі өз жемісін беріп келеді.

Жас кәсіпкер Жасұлан Әлімбетов 1989 жылы Б.Момышұлы ауылында туған. Осындағы №29 мектептің 2007 жылғы түлегі. Ол Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында азаматтық борышын өтеп оралғаннан кейінгі 10 жылын әскери салаға арнайды. Дәлірек айтқанда, Жасұлан Өмірзақұлы 2008-2017 жылдар аралығында Жуалы ауданының аумағындағы 91678 әскери бөліміне қарасты таулы-егерлік ротасында бөлімше командирі қызметін атқарған екен. 2017 жылы жеке кәсіпкерлікке біржолата ауысып кетеді.

-Менің бұл кәсіпті ашуыма ең біріншіден әкем Өмірзақ Әлімбетовтың бастамашы болғанын айтуға тиіспін. Әкемнің мамандығы механик. Одақ тұсында аудандағы бірқатар мекемелерде жұмыс істеп, өз мамандығының майталманы болған кісі. Отбасында төрт ұл, екі қыз өстік. Мен ұлдан ең кенжесімін. Менен кейін қарындасым бар.

Әкеміз техникаға жақын болып, оның тілін білгендігінің әсерінен болар, мен де кішкентайымнан техникаға жақын болып өстім. Үнемі әкемнің жанында жүріп, көп дүниелерді сол кісіден үйрендім. Қазір сол үйренгенім, көкейге тоқығаным өз жемісін беріп жатыр. Ал өз алдыма жеке кәсіпкерлік ашсам деген ой-жоспарым бұрыннан бар болатын. Осыдан үш жыл бұрын «Алимбетов Ж.У.» деп аталатын жеке кәсіпкерлігімді ашып, заңды түрде жұмыс жасап жатырмын. Арнайы сертификаттарымыз бар. Май ауыстыратын орнымыз бен автокөліктерге арналған аксессуарлар дүкені аудан орталығына кіреберістегі Б.Сафинов көшесінің бойында орналасқан.

Мұнда негізінен жеңіл автокөліктердің мотор майлары ауыстырылады. Мотор майларының дені фирмалық сапалы өнімдер болып табылады. Атап айтқанда, «MANNOL», «Mobil», «Titan», «TOYOTA», «Kixx» маркалы шетелдік сапалы мотор майлары сұранысқа ие. Фирмалық тауарлар Алматы және Тараз қалаларынан тасымалданады. Негізінде автокөліктің мотор майы бес мың шақырым жол жүргеннен кейін міндетті түрде ауыстырылуы керек. Одан бөлек, мұнда көліктердің тосол, антифриз сияқты сұйықтықтары да ауыстырылады. Жұмысқа қажетті қондырғыларымыз бар,- дейді Жасұлан Өмірзақұлы.

Біз жас кәсіпкермен сұхбаттасуға жұмыс орнына барғанымызда Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылының тұрғыны Ержан Қаңтарбаев «NISSAN» маркалы автокөлігінің майын ауыстыруға келген екен. Ержан Мейірбекұлы жас кәсіпкер Жасұланның тұрақты клиенті екенін, сонымен қатар, қызметінің сапалы екенін айтады.

–Көлігімнің мотор майын үнемі осы орыннан ауыстырамын. Майлары да өте сапалы, қызмет ақысы да қолжетімді. Қазіргі таңда жастардың жеке кәсіпке бет бұрып жатқанына, оның ішінде автокөлік жөндейтін білікті жастардың қатарының артып келе жатқанына аға буын ретінде қуаныштымын. Қазір қай салада да жұмыстар техниканың көмегімен атқарылады. Осы тұрғыдан алып қарағанда ауданда көлікке қызмет көрсететін орындардың көптеп ашылғаны жақсы. Жас кәсіпкер Жасұлан Әлімбетовтың кәсібіне табыс тілеймін,- дейді Е.Қаңтарбаев.

Жас кәсіпкер алдағы уақытта қолға алған кәсібін одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Ол автокөлікке ең қажетті автоматты беріліс қорабын, ГУР ауыстыруға қажетті арнайы құрал-жабдықтар сатып алып, орнатуда аздаған проблемалар бар екенін айтады. Оның негізгі себебі, жұмыс жасауға қажетті шетелдік құрал-жабдықтар өте қымбат тұратын көрінеді. Аяққа жаңадан тұрып келе жатқан кез келген жас кәсіпкер үшін мұндай қымбат дүниелерге қол жеткізудің оңай еместігі айтпаса да түсінікті. Осы ретте кәсіпкер Ж.Әлімбетов қолға алған шағын кәсібін кеңейтуге аудандық кәсіпкерлер палатасы тарапынан көмек-қолдаулар болса деген тілегін де жеткізді.

Кәсіпкер Жасұлан Өмірзақұлы отбасында келіншегі Айжан Әлімбетова екеуі Жансұлтан, Бексұлтан, Даниал есімді үш ұл тәрбиелеп отырған үлгілі ата-ана. Отанасы Айжан өз кезегінде жас ұрпақтың тәрбиесіне атсалысып, №30 Көктөбе орта мектебінде ұстаздық етіп жүр.

Нұржан МАНАСҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.