A place where you need to follow for what happening in world cup

Жас ақындар облыстық айтыста жемқорлықтың жолын кесуге үндеді

845
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруларды тежейтіні, сонымен қатар, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы, адамдардың демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні анық.
Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу, осынау жағымсыз құбылыстың тамырына балта шабу – қоғам мен мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Осы ретте Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті облыс көлемінде сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде жемісті жұмыстар жасап келеді. Міне, күні кеше ғана «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисі және Жуалы ауданының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған облыстық жас ақындар айтысы сөзімізге дәлел бола алады.
«Жақсылыққа жаршымыз, жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыбында өткен облыстық жас ақындар айтысын өткізудегі мақсат та белгілі. Атап айтсақ, қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру, жас ақындардың жемқорлық жайлы ойларын білу, сонымен қатар, облыс көлемінде ақындық өнерді дамыту мен насихаттау, жастардың шығармашылық ізденістерін арттыруға көмектесу – айтыстың басты мақсаттарының бірі.
Сонымен, қоғамдағы өзекті тақырыпты жырға қосқан жыр жарысына алты ақын үш жұпқа болып айтысты, өзара сөз қағыстырды. Тиісінше, жас ақындардың өнерін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, ақын, журналист, Б.Момышұлы атындағы «Намыс» орденінің иегері Ғайни Әлімбекқызы, ақын, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі Дәулетжан Байдалиев және облысқа белгілі айтыскер ақын Есет Досалы бағалап, әділ төрелік жасады.
Облыстық айтысты аудан әкімі Нарбай Ергебеков құттықтау сөзбен ашты.
Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев өз сөзінде облыста қолға алынып жатқан игі бастамалардан Жуалы жұртшылығының қалыс қалмай, белсене атсалысып келе жатқанына ризашылығын білдірді.
Айтыстың алғашқы жұбы да сахна төріне шақырылып, жыр сайысы басталып, онда Жамбыл ауданынан есімі облысқа белгілі айтыскер Нұрлыбек Құрманов пен меркілік Мұқағали Балтабай сөз қағыстырды. Айтысты бірінші болып бастаған Н.Құрманов: «Ақындарың ортада жырлатыпты, Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» дей келіп, Жуалы жерінің қасиеті, осынау қасиетті топырақта өсіп-өнген тұлғаларды, оның ішінде қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлын, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ерлік істері, қас-дұшпанға шындықтың жебесі боп атылғанын асқан шеберлікпен жырға қосты. Ал Нұрлыбекпен сөз қағыстырған Мұқағали ақын: «Бұрынғы өткен дана бабаларым, Ақшадан биік қойған аппақ арын» десе, тағы бір тұста: «Қоғамда жемқорлық мүлде жойылып, айтыс жасау болсыншы жұмыстарың» деп ұтқыр жыр жолдарымен көрермен қошеметіне бөленді. Бұл жұптың айтысында ортаға тасталған тақырып кеңінен қамтылды деуге болады.
Ал айтыстың екінші жұбы болып, Жамбыл ауданының жүйрігі Мұхтар Қонарбаев пен Жуалы ауданының намысын қорғап шыққан Дидар Аббасов ортаға шақырылды. Бұл жұп та сахнада кең көсіліп, көрерменнің көңілінен шығатындай жақсы айтыс жасады. Жамбылдық Мұхтар ақын: «Қауіпті вирусты жеңу үшін, алдымен жемқорлықты жою керек» десе, енді бірде: «Қоғамды сақтап қала алмаймыз, дәстүрді сақтамасақ алдыменен» деп ортаға ұран тастады. Ал Дидар болса өз кезегінде Қазақ елінің дархандығы мен кеңдігін, қоғамның тыныштығын ұйытып отырған халықтар достығын, жемқорлықты жою үшін халықтың қандай шараларды қолға алу қажеттігін жеріне жеткізе жырға қосты.
Қазылар алқасының шешімімен «Жақсылыққа жаршымыз, жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыбында өткен облыстық жас ақындар айтысының І орны Жамбыл ауданының жүйрігі Мұхтар Қонарбаевқа берілді. Ал жүлделі екінші және үшінші орындарға жамбылдық Нұрлыбек Құрманов пен жуалылық Дидар Аббасов ие болды. Олар қомақты қаржылай жүлделермен марапатталса, ал бұдан өзге қатысушыларға Алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков облыстық айтыста жыр жарысының көрігін қыздырған жас ақындарға игі тілек білдіре келе, ақын Ғайни Әлімбекқызына аудан халқының атынан алғыс білдіріп, сый-сияпат жасады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.