A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбылдықтар жауынгерлерін үнсіздікпен еске алды

217

15 ақпан – Ауған соғысы ардагерлерi үшiн естен кетпес ерекше күн. Дәл осы күнi Кеңес әскерiн Ауғанстан жерiнен қайтару туралы шешім қабылданды. 1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Ауғанстан жеріндегі әскери әрекеттерге Қазақстаннан қатысқандардың мыңға жуығы қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті. Жамбыл ауданының өзінен 130-ға жуық жерлесіміз қатысып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтты. 6 жас жауынгеріміз әскери қақтығыстар кезінде қаза тапты. Бұл орны толмас өкініш. Тұтас бір ұрпақтың, дәуірдің трагедиясына айналған қарулы жанжал халық жадынан ешқашан ұмытылмайды. Өз елінің намысы үшін қанын төккен жауынгерлердің есімдерін жадымызда сақтау, олардың ерлігін жастарға насихаттау – біздің борышымыз.
Дүйсенбі күні Ауғанстан жерінде он жылын от пен оқтың астында өткізген Кеңес әскерлері жауынгерлерінің туған еліне оралғандарына 32 жыл толды. Осыған байланысты жылдағы үрдіс бойынша Ауған соғысы ардагерлері саябағында Ауған соғысы ардагерлерінің, аудандағы мекеме-ұйым қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті.
Айтулы шара гүл қою рәсімінен басталды. Аудан әкімі Сәкен Арубаев пен Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ерғазы Әлжанов бастаған топ ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Жиналған жұртшылық сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгер-интернационалистерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бұдан кейін сөз сөйлеген Сәкен Қаланұлы: «Ел аузында «Ауған соғысы» деп аталып кеткен қасіретті де жұмбақ соғысқа мыңдаған қазақстандық қатысып, қан төккені белгілі. Кеңес дәуірі тарихының ең қаралы беттерінің біріне айналған соғыс қаншама адамның жүрегіне жазылмас жара қалдырды. Жүздеген жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған отандастарымыз оқ пен оттың ортасынан жарақатпен оралды. Саяси оқиғаның құрбаны болған қазақ азаматтарының, оның ішінде, қыршын боздақтардың есімдері халық жадында жаңғыра бермек.
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 32 жыл өтсе де, сол соғыстың жан жарасынан айыға алмай жүрген азаматтар ортамызда жүр. Бүгінде ауданымызда 60 ардагеріміз бар. Олар тәуелсіз еліміздің дамуына жан-жақты үлес қосуда. Өнегелі отбасының отағасы атанып, ұл-қыз тәрбиелеуде.
2011 жылы Аса ауылында Ауған соғысы ардагерлерінің аллеясы салынғанын білесіздер. Осы саябақтың салынуымен арнайы ескерткіш тақта орнатылды. Бұл – Ауған соғысы ардагерлеріне деген үлкен құрмет.
«Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» деп бағалаған дана халқымыз батырларын әрдайым құрметтеген. Бүгінгі жас ұрпақ аға буынның ерен ерлігін мақтан тұтып, алға сенімді қадам басатынын айтқым келеді.
Ұрпаққа ұлағатты өмір қалдырған сіздердің еңбектеріңіз бағалы. Бейбіт өмірдің баға жетпес бақытты күндері жалғаса берсін. Болашағымыз жарқын болып, еліміздің тәуелсіздігі ғұмырлы болғай», – деді.
Өңір басшысының сөзін жалғаған Ерғазы Рысмаханұлы елімізде соғыс болмасын деп тілек білдіріп, көпшілікке ізгі тілегін арнады.
Мұнан соң Бірлесу-Еңбек орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ақжол Құдайберген, Амангелді атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Алихан Яшар Ауған соғысы ардагерлеріне арнауын мәнерлеп жатқа оқыды.
«Туады ерлер ел үшін, өлмейді ісі мәңгілік» демекші, жауынгер-интернационалистердің ерлігін айту, бойындағы рухты жастарға тәрбиелік мәнде жеткізу, жастардың бойына отансүйгіштік, патриотизм сезімін сіңіру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Жиналған жұртшылықтың түйген ойы да осы.

Ильяс Қалыбеков,

Жамбыл ауданы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.