A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбылда жерлерді тиімді пайдалану мақсатында тексерулер жүргізілмек

401

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі шаруа қожалық басшыларымен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын талқылады.

Кездесуде ҚР Еңбек Ері, «Шаушен»  шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев мал шаруашылығын дамытудағы мәселелерді көтерді. Ол алдымен  кадр тапшылығын алға тартып, бүгінде қожалықта 120 жұмысшының орны бос тұрғанын жеткізді. Онда қызметкерлерге жақсы жалақы төленіп, тегін тамақпен қамтамасыз етілсе де, мамандар бір жылдан артық тұрақтамауда. Әсіресе, механизаторлардың жиі ауысуы техниканың тез тозуына әкеп соғуда.

Сондай-ақ, саладағы өзекті мәселелердің қатарында ахуалды іс жүзінде дұрыс бағамдай алмайтын ауыл әкімдерінің әлсіз жұмысы, жердің жетіспеушілігі, техника құнының қымбаттығы да бар. Айталық, бір комбайнның құны  85 миллион теңге  десек,  ол шығынды ақтау үшін басқа орындарда да жұмыс істеуге тура келеді. Сонымен қатар, өнімді өткізудегі қиындықтар да өз алдына бөлек мәселе. Бүгінгі таңда қайта өндеушілер шаруаларға 500 миллион теңгеге жуық қарыз.

С.Дөненбаев шаруалар тек ауыл шаруашылығына шоғырлануы үшін дайын кеңселер жүйесін қайта құруды ұсынды.

Басқосуда «Түрікпен» агрофирмасының басшысы Бауыржан Әбілдаев Шу ауданының билігіне қатысты шағымын білдірді. Онда 2018 жылғы қазандағы конкурс бойынша жеңіп алған жерге мемлекеттік акті берілмеген болып шыққан. Кейіннен иесі белгілі жерге де конкурс ойнатылғаны анықталған.  Енді әкімдік дұрыс емес мәліметтерді ұсынған жер қатынастары басқармасына айыппұл салмақ. Бердібек Сапарбаев заң бойынша шаралар қолданып, кінәлілерді жазалауды тапсырып, инвестордың тиісті жерге қол жеткізуін қамтамасыз ету керектігін баса айтты.

Сондай-ақ, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС директоры Әбдібек Пошкаев «Тараз» ӘКК-нен құны 500 миллион теңге тұратын құрал-жабдықтарды сатып алуға қол ұшын беруді сұрады.

Ал, Меркі ет комбинаты басшысы Берік Егембердиевтің айтуынша, кәсіпорын өнім көлемін бес есеге дейін арттыруға дайын, бірақ ол үшін 40-50 мың басқа арналған бордақылау алаңдары желісін құру қажет екен.  Бұл орайдағы мәселе –  көлемді алқаптарды иеленіп алып, не өзі пайдаланбай, не өзгеге бермейтіндерге қатысты болып отыр.

«Қызылша» ЖШС-і голландиялық инвесторлармен бірлесе отырып 500 миллион еуроға  ирригациялық желілерін жүргізіп,  Шу ауданында қант қызылшасын және картоп фриін өндіретін зауыттар құрылысын бастауға дайын. Ол үшін «Тасөткел» магистральды каналының бойынан 5 мың гектар жер қажетм екен. Сондай-ақ, серіктестік Белбасар ауылында 22 қойма, Шу қаласында вахталық кент салуды жоспарлап отыр.

– Басты мәселе – жердің жетіспеушілігі болып отыр. Біз  бұл тұрғыда жерлерді барынша тиімді пайдалану мақсатында толық тексерулер жүргіземіз. Еңбек өнімділігіне, жаңа технологияларды енгізуге, сапалы тұқым мен заманауи техниканы сатып алуға ерекше назар аудару қажет. Тағы бір көңіл бөлетін жайт – шаруалықтардың ұсақталып кетуі. Мен үздік агроқұрылымдар тәжірибесін бөлісу мақсатында арнайы семинарлар өткізу, кеңселер жүйесін құру жөніндегі ұсыныстарды қолдаймын. Колледждер кадрларды тек сіздердің  сұраныстарыңыз бойынша дайындауы керек. Басты міндет – импортты төмендету және өңіріміз өзін-өзі  азық-түлікпен қамтамасыз етуге барынша қол жеткізу, — деді Бердібек Сапарбаев.

 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.