A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбылдағы пилоттық жоба – пиар үшін емес, проблеманы шешу үшін

561

Мемлекеттік қызметке оралғалы сегіз жұмадан асыпты. Айың апта, аптаң күн, күнің сағат, сағатың секунд сияқты сырғиды мұнда! Жексенбіге жетіп жығылып, жан-жағыңа қарасаң тақырбас балаңа шаш өсіп, бесікте жатқаны еңбектеп, тілі жоғының тақпақ айтқанына таң қалып отырғаның. Әсіресе «ӘЖ» деген жарықтық жаһанды жайлағалы бұл салаға жауаптылар сең соққандай сенделіп жүр. Қалың тоғай өртеніп, қолыңдағы жалғыз шыбықпен қай жерін өшіреріңді білмей далбасалап жүрген орманшы сияқтысың. Жауап беру керек және жылдам жауап беру керек! Алып-қашпа ағымдағы ақпараттармен алысып жүріп, жүйелі жобаларды жұртқа жеткізудің жан-жақтылығын жоғалтып аламыз. Төрт сөйлемге құрылған үш цифры бар ресми релиз, әдемі әрленген инфографика, 1,5 минуттық сюжет мәселені шешпейді. Сауатты сараптама жетіспейді. Қарапайым тілмен тереңінен талдап, зерттеп-зерделеп, жіктеп-жіліктеп, толыққанды түсіндіріп беретіндер некен-саяқ. Барларының өзі екі сөйлемнен тұратын еріншек посттарға еріп кеткен. Көк түсті баннерге ақ түсті әріптермен -«Әкім қайда қарап отыр?» деген трендтеміз.

Ал дәл қазіргі кезеңде соны жаңалық, тың тақырып, жан-жақты сараптайтын бағдарлама пилоттық жоба дер едім. Әулиеатаның 60 пайызы ауылда тұратынын ескерсек, тұрғындардың тұрмысын түзеудің төте һәм тиімді жолы осы қосалқы шаруашылықтарды дамыту, кооперативтерге бірігу, кәсіпкер атану, мал басын көбейту, жұмыспен қамту, үй іргесіндегі жерлерді жөнімен игеру.
Президент қолдап, үкімет қаржыландырып, әкім ұсынған бірегей жобаның басталғанына екі ай болды. Етек-жеңі жинақы ерекше бағдарлама он ауданның 11 округінде жүзеге асып, алғашқы нәтижелерін беріп үлгерді. Бес бағыттан тұратын пилоттық жобаның жүзеге асу тетіктері де өте қарапайым. Қат-қабат қағаз жинамайсыз. Банктің табалдырығын тоздырмайсыз. Еселенген пайызға кірмейсіз.

Ауыл әкіміне ниетіңізді білдіріп, салыққа барып «ИП» ашып, «СПК» — дан несие рәсімдейсіз. Кепілге қоятын ауылдағы үйіңіз сабаннан болса да жарайды. Құжатыңыз қанттай болса, ары кеткенде он күннің ішінде кепілге қойған мүлкіңіздің сомасына қарай 5 миллионға дейін несие рәсімдейсіз. Бар болғаны 2,5 пайызбен! Бір жыл каникулы тағы бар. Яғни несиеге алған малыңыз төл бергенше ақшаны қайтар деп төбеңізден ешкім төніп тұрмайды. Одан кейін де айлап емес, тоқсандап қайтарасыз төлемақыны. Содан, қажетті қаражат шотыңызға түскесін ойыңыз сан-саққа жүгіруі бек мүмкін.
-Той жасап жіберсем бе екен?

-Көлік алсам ба?

— Әлде пайызы үлкен кредитті жауып тастасам ба?

— Мүмкін, қолдағы малымды көрсете салсам ба?

Олай болмайды! Алатын малыңызды ауыл әкімі мен мал дәрігерлері бірдей қадағалайды. Бұған дейін ауылдағы төрт түліктің есебі шығарылып, ортақ базаға енгізіліп қойған. Жаңа алғандарыңыз бірден сырғаланып сол базаны толықтырады. Мәселенки, бұл ауылда осыған дейін 100 сиыр болса, сіздің алғаныңызбен 110 болады. Қой, ешкі, жылқы тағы сол сияқты.
Бұл бірегей жобаның бірінші бағытындағы берекелі басымдықтар.
Ал енді сонша малды сатып алдық. Қорада мөңіреп, кісінеп, маңырап тұр. Қалай асыраймыз? Жем-шөп қайдан табамыз? Мал азығын даярлайтын техника қайда? Тұқымды кім береді?

Дәл осы жерде пилоттық жобаның екінші бағыты көмекке келеді. Ол бүт ауыл болып кооперативтерге бірігу. Қолдағы бар 3-4 гектар жерлерді пайлық үлеспен бір орталыққа жинақтау. Азын-аулық жеріңізге техника алуға мүмкіндігіңіз жоқ және ол тиімсіз. Бірігу арқылы техникалық қажеттілігіңіз толықтай шешіледі. Он бір окуругтан он бір кооператив құрылып, 194 ауыл шаруашылығы техникалары СПК арқылы лизингке алынды. Бұл жерде де жеңілдік көп. Бұрынғыдай миллиондаған қаржы тұратын техникаларға кепілдік іздеп сандалмайсыз. Осы техникалардың өзі кепілдікте тұрады. Пайыздық мөлшері де төмен 5%.

Ауылдарға көктем шықпай жөнелтілді. Енді бұл техникалар не істемек?
Әлгі өзіңіз игере алмай жүрген ауыл сыртындағы жерді өңдейді. Мал азығы жем-шөп даярлайды. Оған қоса үй іргесіндегі (шарбақ) аз-маз жеріңізді жыртып, сеуіп, тырмалап береді. Кооперативке барып жер көлемін айтып, тапсырыс берсеңіз жетіп жатыр. Ал енді өңделген жерге тұқым мен тыңайтқыш қайдан таптық? Тағы да кооперативке жүгінесіз. Жеріңізге шақтап тұқым аласыз, тыңайтқыш сұрайсыз. Береді. Әрине, тегін емес. Нарықтағы бағадан 30% төмен. Лизингкке алынған техниканың несиесі төленуі керек емес пе? Тұқым мен тыңайтқышты бірден сатып ала алмасаңыз күзге дейін тағы күтеді. Өніміңізді жинағасын есеп-қисап жасалады. Қарап отырсаңыз пилоттық жобада кооперативтердің жүгі ауыр. Пилоттық жобаның одан арғы миссиясы қандай?

Малды алдық, жерді өңдедік, егінді ектік. Бұдан шыққан өнімдерді қайда апарамыз? Оншақты малдың еті мен сүтін, ауладан алған көкөністі қалаға тасымалдап одан пайда табам деу бекершілік. Жол шығыны жеп қояды. Қазақша айтсақ ақтамайды. Немесе делдалдарға тап болып тақырға отырасыз. Сондықтан бұл жағы да терең ойластырылған. Әр кооперативке ет өңдейтін, сүт жинайтын шағын цехтар мен көкөніс қабылдайтын қоймалар орнатылады. Бар жинаған өніміңізді ауылдан шықпай өткізіп, қолма-қол ақшаңызды сытырлатып санап аласыз. Алған ақшаңыздың бір бөлігін бала-шағаның нәсібіне жаратып, екінші бөлігін екінші айналымға жібергеніңіз абзал. Той жасап қоймаңыз)).

Несиенің де уақыты кеп қалады. Әлденіп алғанша тоқтамағаныңыз жөн.
Сізден сатып алған өнім қайда барады? Техникасы бар, құрал сайманы түгел кооперативтер қала маңында тұрғызылып жатқан көтерме-сауда орталықтарына тиімді бағамен тікелей өткізеді. Бастысы бағаны білгендерінше қосатын жылпос делдалдар жоқ. Одан әрі жекелеген сауда орындарына кете береді. Мұның ішінде шағын теплицалар, құс, балық шаруашылығы деген дүниелер өте көп. Бәрін айта берсем мемқызметті тастап, пилоттық жобадағы ауылға кетіп қалғың келеді. Бұл — осындай үлкен Жүйе! Тұрмысты тіктейтін Жүйе! Еңбекке баулитын Жүйе! Жұмыспен қамтитын Жүйе! Қазіргі кездегі ауыл тұрғындарының әл- ауқатын арттыруға арналған бірден-бір бірегей жоба!

Асқар Исабекұлы бір сөзінде: -«Пилоттық жоба пиар үшін емес, проблеманы шешу үшін»-деген еді.

Мінекей, осы жобаны мейілінше қарапайым түсінікті тілде ауылдағы ағайынға жеткізе алсақ. Он бір ғана округ емес, облыстың барлық ауылдарына, одан әрі еліміздің барлық аймағында іске асырылса бастапқы мақсаттың орындалғаны болар еді.

Ендеше, бірге атсалысайық, таратайық, бөлісейік, лайктайық!
Лайкка лайықты жоба!

Жасұлан Әбдіхалықтың «Фейсбуктегі» парақшасынан алынды

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.