A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбыл облыстық көп бейімді ауруханасы кардиология бөлімшесінің ұжымына мың алғыс

297

Адам үшін басты байлық – денсаулық. Сондықтан да саламатты өмір салтын қалыптастыру, пайдалы нәрселермен ғана шұғылдану кез келген адам үшін аса маңызды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығы денсаулықты сақтауда басты қағида болуы тиіс. Дей тұрғанмен, көпшіліктің басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайтыны анық.
Әлемдегі ең ардақты да құрметті мамандықтың бірі – дәрігерлік. Адам ауруы асқынып, дерті деңдеп, дауа іздегенде ақ халатты жандарға жүгінері анық. Осындай кезде тісқаққан тәжірибелі дәрігер науқасты дертінен құлан-таза айықтырып, аяғына тік тұрғызады.
«Біз қазір үшеу болып тұрмыз — мен, сен және сенің ауруың. Егер екеуміз біріксек, ауруды жеңеміз, ал сен ауру жағына шықсаң, мен жеңілемін». Ғұлама дәрігерлердің аузынын шыққан осы бір тәмсіл сөз кейін талай ақ халатты абзал жандардың аузынан шығып, миллиондаған науқастардың көкірегіне үміт отын ұялатты. «Жақсы сөз- жан азығы» деген осы емес пе?!
Дертті емес сырқат адамды емдеу медицинаның негізгі принциптерінің бірі. Бүгінде Егеменді мемлекетіміздің адам денсаулығынан асқан маңызды міндеті жоқ. Адамның өмірі ең құнды болғандықтан ақ халатты дәрігерлер соңғы минутқа дейін табандылықпен күресіп, үміті үзілген науқас өмірге қайта оралған жағайлар да аз емес. Емделуші үшін әрқашанда дәрігер өз өмірін сеніп тапсыратын, сүйенетін адам.
Денсаулық – басты байлық. Жүрек – тіршілік белгісі. Адамның қай жері ауырса, жаны да сол жерде дейді ғой.
Соның ішінде жүрек – адам бойындағы ең маңызды бөлшек. Ол дене бөлігі қызметін атқарады. Сонымен қатар адам баласының барлық жақсы, жаман көңіл-күйлері жүрекке тікелей әсер етіп, сол арқылы сыртқа шығады.
Дана Абай: «Тіл жүректің айтқанына көнсе жалған шықпайды» – деген. Ия, адамның ең аяулы жері – жүрек. Ең тазасы да сол. Жүрек бәрін басқаратын мүше. Адам баласының денесіндегі қан айналымы жүрек арқылы жүзеге асады. Ең нәзік, ең сезімтал да – жүрек. Осы жүректі емдеу мен сақтауда Медицина саласының Кардиология орталықтарының алатын орны ерек.
Мұнда өз істерінің кәсіби шеберлері, білікті мамандар қызмет атқарып келеді. Осындай мақтауға лайық орта- Жамбыл облыстық көп бейімді ауруханасы кардиология бөлімшесі деп айтар едім.
Сөзіміздің әлхиссасы жүрек ауруына қатысты болып отыр. Себебі біраздан бері мазалап жүрген, жүрек жақында сыр берсін.
Қай жерің ауырса сол жерде жаның демекші, әсіресе жүрек болса, оның алдын ертерек алу керек.
Бірақ біз қазақпызғой, ой ештеңе етпейді, үй соғып алайық, келін алып, немере сүйейік, жұмыстан босамаймын деп жүріп аламыз.
Менде осылай уақыт өткізіп алыппын. Бір сәтте емделу қажет болды.
Сонымен Жамбыл облыстық көп бейімді ауруханасы кардиология бөлімшесіне келіп емделуге жаттым.
Бұл күні ұзақ жылдар осы салада жемісті еңбек етіп келе жатқан 30 жылдан бері елге еңбегі сіңіп келе жатқан кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Жұбандықова Рауза Мақсұтқызынан бастап, 18 жылдық еңбек өтілі бар Бектенқызы Асель, он жылдан астам еңбегі бар Мамура Рустамбековалар жылы ұшырап қарсы алып, барынша ем дом жасады.
Қуанышқа орай екі үш күнде есімді жиып, аяққа тұрдым.
Ақ халатты абзал жандар тек ем доммен ғана емес, көркем мінездерімен де емдейді екен.
Ақиқатында бұл мамандыққа адам кездейсоқ келмейді. Алдымен жүрек қалауы керек болса, дәрігерге ең қажетті мінез өжеттік, қайсарлық, қиындықтан қорықпайтын батырлық пен шыдамдылық.
Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, ақ халатты періштедей көз алдында көлбеңдей жүріп, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып,ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жандар сіздерге мың алғыс.

 

Болат Үсембаев, Сарысу ауданы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.