Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің қатысуымен Жетітөбе ауылдық округінде жыл қорытындысына арналған басқосу болып өтті. Тиісінше, жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімдігінің бірқатар бөлім басшылары, осы округтен сайланған аудандық мәслихат депутаты Гүлнар Мұсаханова қатысты. Жиында тұрғындар учаскелік полиция инспекторы Айдар Әбделиев, ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Батыржан Таңатовтың баяндамаларын тыңдады. Округ әкімінің міндетін атқарушы Б.Таңатов атқарылған жұмыстарды айта келе, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарға да баса мән берді. Атап айтқанда, жыл ішінде Кәріқорған, Қосмұрат, Майбұлақ, Тасбастау, ауылдарында бірқатар көшелер жөнделіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, Шыңбұлақ ауылында футбол алаңы мен кіші футбол алаңшасын ашу жоспарда тұр.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жылды қорытындылаған баяндама жасап, тұрғындардың өтініштеріне назар аударды. Баяндамаға орай жарыссөзде округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев сөйлеп, ауылдық округ әкімінің м.а. Б.Таңатовтың және аудан әкімі Нарбай Ергебековтың атқарған жұмыстарын қанағаттанарлық деп бағалады.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан ағын судың аздығы, мал жайылымы мәселесі, жер пайдалану, кәсіпкерлікті дамыту, интернет пен ұялы байланыстың жайы туралы мәселелер көтерілді. Қойылған сұрақтардың барлығына жауаптар беріліп, кейбірі хаттамаға енгізілді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ