A place where you need to follow for what happening in world cup

Жүйелі жұмыс Қордайдағы тіршілікті жандандыруда

253

Биылғы жылы Қордай ауданында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын дүйім жұрт естіп, көріп жүр. 150 мыңға жуық тұрғыны бар Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ілгерілетуге үстіміздегі жылы мемлекет қазынасынан қосымша 35 миллиард теңге бөлінген. Бұл мемлекеттің өңірлер мен аудандардың дамуына ерекше көңіл бөлгенінің айқын көрінісі болса керек. Бейсенбі күні ауданға облыстық қоғамдық кеңес мүшелері келіп, бірнеше елді мекенді аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың куәсі болды.

Әмзебек Жолшыбеков және облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов бастаған қоғамдық кеңес мүшелері іссапарын Арал ауылынан бастады. Естеріңізге сала кетсек, Арал ауылында су қабылдағыш нысан және су құбырының құрылысы жүргізілуде. Аталмыш нысанда тереңдігі 90 метр болатын екі ұңғыма бұрғыланған. Ал, су қабылдағыш нысанның өзі Арал ауылынан 1,2 шақырым жерде орналасқан. Орталықтандырылған су құбыры 280 абонентке қызмет көрсете бастамақ. Мердігер «ТемірСтройСервис и К» ЖШС. Қазір аумақты жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, көп ұзамай аяқталмақ. Мердігерлерге өз сұрақтарын қойып, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаевпен сұхбаттасқан қонақтар Әлжан ана ауылына ат басын тіреді. Мұнда олар «Агроспецстрой» ЖШС құрылысты жүргізіп жатқан құны 323 миллион теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінінің құрылысымен танысты. Қаржыны «Самұрық-Қазына» АҚ бөлген екен. Онда тұрғындар күрес, бокс және басқа да спорт түрлерімен шұғылдана алады. Құрылыс жұмыстары жақын арада аяқталады деп күтілуде.
Осыдан кейін қоғамдық кеңес мүшелері Ауқатты ауылына жол тартып, ауылдық №9 орта мектеппен танысты. Биыл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 275,8 млн.теңге қаржы бөлінген. Сыйымдылығы 600 орындық білім ошағында оқушылар емін-еркін білім алуы үшін барлық жағдайлар жасалған.
Биыл аудандағы басты жағымды жаңалықтың бірі – елді мекендерді газдандыру болғаны рас. Былтыр Қордай ауданы тұрғындарының 30 проценті ғана табиғи газ тұтынып келсе, биылғы газдандыру жобасы аяқталған кезде қордайлықтардың 95 проценті «көгілдір отынға» қол жеткізетін болады. Осы орайда Сортөбе ауылындағы газдандыру жұмыстарын көрген қоғамдық кеңес өкілдері өздерінің таңданысын жасырмай, ауыл тұрғындарын бұл қуанышты жаңалықпен құттықтап, ізгі тілектерін айтты. Қаракемер ауылында да «көгілдір отынның» келуіне қуанып жатқан тұрғындар көп. Облыс орталығынан келген қонақтар тұрғындармен жүздесіп, газ кіргізудің қазіргі қарқыны жөнінде сұрады. Сондай-ақ, Қаракемерде екі пәтерлік он тұрғын үй салынып жатыр. Мердігер «Атырау-ЖВИ» ЖШС құрылыс жұмыстарын жақын уақытта аяқтайды деп күтілуде. Бұл үйлерді Қаракемер ауылына жұмысқа келген жас мамандарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көпбалалы, жалғызбасты аналарға беру жоспарлануда.
Биыл «Samruk-Kazyna Trust» Ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен Масаншы ауылында құны 57 млн. теңгені құрайтын стритворкаут, кіші футбол және балалар ойын алаңы салынды. Нысанмен танысқан қоғамдық кеңес мүшелері болашақта бұл ауылдан аты әйгілі спортшылар шығатынына сенім білдірді.
Қоғамдық кеңес мүшелері Қордай ауылына барып, көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты. Атап өтсек, аудан бойынша көп қабатты тұрғын үй құрылысын 2023 жылға дейін дамыту картасы әзірленіп, бекітілді. Бекітілген карта бойынша Қордай ауылында 22 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланды. Осыған орай биыл Қордай ауылында бірден 3 көпқабатты үйдің құрылысы басталды. «Батыс» тұрғын алқабында бой көтерген екі үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Жылдың соңында тапсырылуы тиіс үйлер біраз тұрғынның баспанаға деген мұқтаждығын өтейді деп күтілуде.
Ауданның біраз жерін аралап, қарқынды құрылыстарды көрген облыстық қоғамдық кеңес мүшелері игі жұмыстарға оң бағасын берді.

Келесі күні облыстық қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімдігінде көшпелі отырысын өткізді. Іс-шараға аудан әкімі Рүстем Дәулет бастаған басшылық өкілдері де қатысты. Әмзебек Жолшыбеков төрағалық еткен жиында күн тәртібінде бір сұрақ тыңдалды. Ол – Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында, оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының орындалуы туралы болды.
Кеңес төрағасы алғысөзді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбековаға беріп, өз кезегінде басқарма басшысы үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Нақты сандар мен дәйектерді алға тартқан Гүлдана Әлімжанқызы Қордай ауданындағы тындырымды тірліктерді ерекше атап өтіп, сөз кезегін келесі баяндамашыға ұсынды. Облыстық «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасының басшысы Жорабек Баубеков болса, биыл облыс бойынша жұмыспен қамтылған азаматтардың саны артқанын айтып, біздің ауданда бағдарлама нақты нәтижелер бергенін жеткізді. Жиында сонымен қатар облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Қасымхан Төлендиев баяндама жасаса, аудан әкімі Рүстем Дәулет осы жылы Қордай ауданында атқарылған барлық жұмыстар жөнінде ауқымды ақпарат ұсынды. Слайд пен бейнероликпен сүйемелденген барлық саланы қамтыған Рүстем Рысбайұлының баяндамасы қызықты болып, көпшіліктің көңілінен шықты. Өз кезегінде қоғамдық кеңестің мүшелері өз сұрақтарын қойып, мардымды жауап естіді.
Облыстан ат терлетіп келген қонақтар ауданда атқарылған ауқымды жұмыстарды өз көздерімен көріп, тұрғындармен тілдесіп, қысқа мерзім ішінде мұндай тірліктер бұрын-сонды жасалмағанын жеткізді.
— Биыл Қордай ауданына 35 млрд теңге бөлінді. Бұл өте үлкен сомма екені шындық. Біздің міндетіміз – бөлінген қаржының мақсатты орындалуы және тиімді игерілуін бақылау. Екі күнде бірнеше елді мекенді аралап, атқарылған жұмыстарды көрдік. Биылғы жыл пандемияға қарамастан нәтижелі іске толы болыпты. Аудан басшылығына, құрылыс басында жүрген азаматтарға және қолдау көрсетіп жүрген тұрғындарға айтар алғысымыз шексіз. Біз де осы облыстың тұрғынымыз, мұндай өзгерістерге біз те қуанып тұрмыз, – деген Әмзебек Жолшыбеков аудан басшылығының жұмысына оң бағасын берді.
Кеңес отырысында бірқатар ұсыныстар түсіп, көпшіліктің қолдауына ие болды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.