A place where you need to follow for what happening in world cup

Волонтер жастар жақсылық жасауға құштар

390

Ерікті түрде көмек-қолдау көрсетіп, жұрттың ықыласына ие болып жүрген волонтерлер осынысымен-ақ қоғамның ажырамас бір бөлшегіне айналып келеді. Волонтерлік жұмыстың өзі кең сипат ала бастады. Оның мәні –  айналамызда шын мәнінде ізгілік пен мейірімділікке мұқтаж жандардың көп екендігінде.

Жалпы бұл қоғамдық жұмыстың жастар тәрбиесіне ықпалы зор. Өзгеге қол ұшын созу – адам бойындағы парасаттылық пен патриоттылық сияқты адамдық қасиеттерді сіңіре түседі. Сонымен қатар, осы мақсат жастарды ел дамуында бір мүдде, бір мақсат төңірегінде біріктіретінін де айтқан жөн.

Біздің қаламызда да мұндай волонтерлық қауымдастықтар аз емес. Соның бірі – «Қазақстан волонтерлар лигасы». Қазіргі таңда қозғалыстың бір филиалы М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде де жұмыс істейді. Ұйым жастары «мен қоғамнан не аламын емес, мен қоғамға не бере аламын» деген принциппен жұмыс жасап, жаңа белестерге нық қадаммен келе жатыр. Волонтерлар мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етеді, қараусыз қарт кісілерге үй шаруасына жәрдемдесіп, қамқорлық көрсетеді. Қараусыз қалған жануарларды уақытша ұстайтын мекемеге барып, қызметкерлерге кейбір көмек түрлерін ұсынады. Әртүрлі жәрмеңке, акция, квест  ойындарын өткізеді.

«Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» деген екен Дени Дидро. Ерікті волонтер болу дегеніміз риясыз мейірімділік көрсету, жаңа дағдыларға үйреніп, адамдарға жақсылық жасау. Өмірде жазмыштың жазуынан төрт қабырға ішіне қамалып, тағдырына налып отыратын мүмкіндігі шектеулі жандар қаншама. Соларға жан жылуын сыйлап, қызықты да əсерлі істер мен оқиғалардың ортасында болуы үшін көмектесу, тағдырдың тезімен қиын жағдайға тап болған адамның жанынан табылу, қолынан келгенше сүйей білудің өзі қайырымдылық. Ол екінің бірінің қолынан келмейтін іс.

Мұқтаж адамдарға көмек қолын соза алатын кез келген адам волонтер бола алады. Волонтерлік қызметтің мақсатты бағытталған тобы түрлі көмекке мұқтаж жандар болуы мүмкін: ауру жəне ауру балалар, нашақор немесе маскүнем ата-ана балалары, жастар, мүгедектер, зейнеткерлер жəне кедей адамдар, сонымен қатар ҮЕҰ, жануарлар, табиғат жəне тағы басқалары.

Волонтерлік көмектің бір түрі – асар жасау. «Асар» – бұл ерте уақыттағы «көмек сұраған» адамдарға ерікті көмек көрсету түрі. Бұл шақыруға келушілер, қыстақ салуда, той жəне жерлеу рəсімдерін ұйымдастыруға көмек берген. Асар түрлі жастағы жəне əр түрлі əлеуметтік статусқа ие адамдарды бір іске біріктірген. Бұл ерікті көмек беру идеясының таралуындағы алғашқы қадамдар. Ол қоғамдық игілік үшін қажет қадам.

Волонтерліктің пайда болуы мен даму тарихына тоқталар болсақ. Волонтер түсінігі əлеуметтік қызмет идеясы ретінде өте ескі түсінік, «социум» түсінігі секілді. Адам тарихында ерікті көмекке ешқашан қоғам қарсы болмаған.

Волонтерлік көмек адамдардың түйткілді мәселелерді бірлесіп шешуге деген ниетінен туындаған. Ертеректе ауыл жұрты науқандық кезеңде бірге өнім жинаған, үй соққан, жол жөндеген. Тек XIX ғасырда индустрализация, ақша рөлінің жоғарылауы, урбанизацияға қостаушы аутичтілік, анонимділіктер, бір-біріне көмек беру жəне ынтымақтастық секілді құндылықтарды үзді.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіндегі «Қазақстан волонтёрлар лигасы» былтыр тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде атап өтуде халық бірлігін арттырып, елді ұйыстыруға арналған ізгі жобаларға басымдық берді. Себебі, әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуде мемлекет, қоғам, бизнес өкілдері арасындағы әріптестікке артылар үміт зор.

Облыстық ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Қазақстан Волонтерлар лигасы» ҚҚ ұйымдастыруымен текелілік жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үй шаруасында көмек көрсетіліп, азық-түлік жиынтықтары табысталды. Аталған шараға қала жастары, еріктілер белсенді атсалысты.

Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің волонтерлары және облыстық полиция департаментінің қызметкерлері есірткіге қарсы іс қимыл басқармасы және «Жасыл ел Тараз» ұйымымен бірлесіп акцияға өткізді. Ұлыс күні Наурыз мерекесіне орай «BAURSAK PARTY» акциясын ұйымдастырды.

Жыл сайын М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің волонтерлары «Қасиетті Рамазан» атты іс-шара өткізіп отырады. Сондай-ақ, былтыр студент жастар облыстық Жастар басқармасымен бірге «Берекелі Дастарқан» ауызашар қоржындарын таратты. Іс-шарада таратылған ыстық тағамдар «Төрткүл» керуен сарайында әзірленді. Осы игі шараны ұйымдастыруға Тараз қаласының Жастар ұйымдары үлкен үлес қосты.

Волонтерлар екі апталық «Қамқор жүрек» жобасын жүргізіп, одан басқа түрлі салалық рейдтерге қатысты. Сондай-ақ Тараз өңірлік университеттің волонтёрлары үнемі «Өмір сыйла» акциясы аясында донор болып, қан тапсырып тұрады. Еріктілер қан тапсыру арқылы өзге біреудің тағдырын құтқара алатынына нық сенімді.

Дулати университетінің
медиа-қызметі

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.