Бүгін Nur Otan партиясының саяси кеңесі өтеді. Ал 28 қаңтарда өтетін съезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия басшысы қызметіне тағайындалады деп күтілуде. Партия басшысының ауысуымен саясатта қандай өзгерістер орын алуы мүмкін? Бұл туралы саясаттанушы Ғазиз Әбішев 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
28 қаңтарда партия басшысы өкілеттігі Қасым-Жомарт Тоқаевқа табысталады. Бұған дейін партия тізгіні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевта болған. Саясаттанушының пікірінше, өкілеттіктің Тоқаевқа берілуімен Президент Парламенттің төменгі палатасын бақылай алады.
«Қараша айында партия басшысының өкілеттігін табыстау жайлы шешім қабылданған. Президент партияны толық өз бақылауына алады. Демек Парламенттің төменгі палатасы да оның бақылауына өтуі мүмкін. Себебі заңда көрсетілген, басқарушы партия құрамынан сайланған Мәжіліс депутаты партиядан шығарылса, оның депутаттық мандаты да тоқтатылады. Демек Президент Тоқаев партия басшысы ретінде депутаттарды қызметінен босата алады немесе өзінің нұсқауы бойынша жұмыс істеуге мәжбүрлей алады», — деп мәлімдеді Ғазиз Әбішев.
Сонымен қатар саясаттанушы партия билігін қолға алу арқылы Тоқаев саяси өзгерістерді тиімді жасай алатынын қосып өтті.
«Президенттің қолында партия басшысынан бөлек басқа да маңызды өкілеттіктер бар. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы сынды. Ол партия басшылығынан бас тартса да ештеңе өзгермес еді. Дегенмен қазіргі қаңтардағы дағдарысты, саяси транзиттің аяқталуын ескерсек, Президент басқарушы партияның көмегімен саяси өзгерістерді тиімді іске асыра алады», — дейді саясаттанушы.
Ғазиз Әбішев басшының алмасуымен Nur Otan-ның саяси бағыты да өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Президент Twitter парақшасында «Жаңа саяси мәдениет» жайлы жазған болатын. Әзірге мұның нені білдіретінін білмейміз. Мүмкін сөз бостандығының ауқымы кеңейеді. Бәлкім жоғарғы және жергілікті билікте тұлғаландыруға емес, институцияландыруға баса мән беріледі. Мұның барлығы партияның жаңа бағдарламасында көрініс табады», — деп аяқтады сарапшы.
Айта кетейік, 22 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы төрағасы өкілеттігін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізіп беру туралы шешім қабылдаған еді.