A place where you need to follow for what happening in world cup

Тілге жанашырлық – елге жанашырлық

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауына

230

Ана тіліміздің үндестік заңдылығын бұзып сөйлеу, сөздердің соңғы буындарын қысқарта салу бой үйренген әдетке айналып барады.
Көшеде жүргенде болсын айналама зер салып, сөйлеу мәнерлеріне құлақ түріп жүремін. Күні кеше ғана екі адамның «Саламалейкум!» жауап «уаликм» дегенін есіттім. Бұл күндегі естейтін сөздердің бірі. Сондай-ақ, жастарымыз өзбек тілінде «салам» десе, екіншісі «Саламатсыз ба?» деп қояды.
Міне, бүгінгі біздің қоғамда осылай шала қазақ тілі қалыптасуда. Ал, мына сөйлесу түріне назар салсаңыз:
– Айнұр қай йаққа баратырсың?
– Й дүкенге баратырмын. Мемен барасың ба? Қай йақтан келатырсың?
– Қумаш, кеше бардым ғо. Адасып атсаң званда. Салималар да бағана ан ақта жүрген.
— Дауай, лан, мен кеттім…
Мұндай сөздер қазір ешкімді таңғалдыра қоймас. Бірақ, бұл біріншіден, ана тілімізге деген салғырттық. Сөздерді түбірімен нақты қолданудың орнына буындарын жұтып айтуды өздерінше сәнге балайтындар қатары саңырауқұлақша көбеюде.
Шала қазақтар деп жатамыз. Ана тілімізде таза сөйлей алмайтындарды ғана емес, тілді бұзып, осылайша қорлағандарды да солай атап жатамыз.
Теледидардағы думанды бағдарламалардан «Бері тұрсай, қасай» деп айтып жүргендерді де есітіп қаламыз. Біле білсген адамға теледидарды бүкіл жұрт көреді, онда айтылған әрбір сөз бен әрбір қимылға мән беретінін неге ұғын-байды деп ойлап қоямыз. Осылайша ана тілімізді дүйім жұртқа өзгерте таратып, өз залалын тигізіп жатқанын біледі ме екен?!
Тіл тазалығына. Оның ішінде тілді қолдану практикасын бажайлап қарасаңыз жата қалып жылағыңыз келеді? Жүрегің ауырады…
Бүгінгі таңда дендеп енген әлеуметтік желілердегі пікірлер, смартфондардағы хабарламалар сауатсыз жазылады. Көп ретте. Орашолақ сөйлемдер өз алдына, қазақша әріптерді қолданбайтындар көп. Ал, банкоматтардағы операциялар негізінен орыс тілінде атқарылады.
Осы туралы ойлана келіп «Сіз банкоматты қай тілде қолданасыз?» деген сауалнама жүргізіп көрген болатынмын. Сонда қолдану тілін таңдағанда «қазақ тілі» деген түймені басатындардың 2-ақ пайыз екені жайлы білгенде қатты қарным ашты. Қарным ауыз бекітіп ораза аштықтан емес, өз тілімізде таңдайтындардың жоқтың қасы екендігін білгеннен…
Оны тоқтату мүмкін бе?… Мұнан да сорақысы балам балабақшадан келе салып, «анашым мен сені мам деймін, сен мені сына деңіз» дейді. –Оу балам не үшін десем, Арнұр, Мәдина, Арман, Жаннұр барлығының аналары «сына», «доча» деп шақырады. Ал, олар мам, пап деп атайды. Мен ғана анашым, көке деймін,-деп томсырая қарағаны әлі көкейімнен кетер емес. Жасы төрттен енді асқан бала…
Бала тілінің қалыптасуы бірін¬ші кезекте отбасына байланысты болса, одан кейін тәрбиешісі мен ұстаздарына байланысты. Баланың сөйлеу дағдысын қалыптастыратын да солар. Алайда балаға тіл үйретеді деген тұлғалардың кейде балалар деген сөзді «балдар» деп айтып жатқанын да есітіп қаламыз. Мектеп пен балабақшадағы тәрбие, сөйлеу мәнері қолға алынуы қажет. Десекте көпке топырақ шашудан аулақпын, кейде балалармыздың күнделікті қолданатын әжетхана, дәріхана, емхана, асхана, қаламсап секілді сөздерді пайдаланғанын көргенде өзімізде солардан үйреніп, бой түзейтініміз рас.
Қазақ тілі – өте бай, құнарлы тіл. Алайда әрбір сөзімізді осылайша өзгертіп айтуымыздың өзі оның өскелең ұрпақ алдындағы қадір-қасиетін төмендететіні сөзсіз. Біз бүгінде тіпті Табиғат әлемінің өзіндік ерекшеліктеріне де мән бермейтін болдық. Мысалы, ағаштың барлығын тал деп атау кең етек алып барады. Тал – көп ағаштың бір ғана түрі екенін ескермейміз. Сонда, қарағай, үйеңкі, қарағаш, қайың деген атаулар ертең ұмыт болып кете ме деген қауіп бар.
Барлық салада шала сөйлеу, шала қазақтану кең етек алуда. Шала қазақ дәрігер, шала қазақ журналист… Емханаларда да ақ халатты киіп алып, «о йақ», «бү йақ» деп жүрген дәрігерлерді байқап жүрміз. Сұраулы сөйлемнің ор¬нына хабарлы сөйлемнің сөздерін қойып: «Ауырады ма?» Дұрысы: Ауыра ма?
Түбір сөздердің де түбірін сақтамайды. Машиналар «мәшинелер» деп айтылады. Бұл сөздердің түбірі сақталған. Екеуі де дұрыс. Шала қазақтың тілінде «мәшіндер». Түбір сөзден бір әріптің түсіп қалуына байланысты жалғаулары да өзгеріп кеткен.
Өз орнымен сөздерді қолданбау, әріптерді қысқартып айту түптің түбінде сөздің мағынасын, яғни айтылатын ойды бұзады. Мәселен, Алсам – «асам», дарға асам сияқты естіледі. Келсем – «кесем», пышақпен кесем; келме – «кеме», жүзетін кеме; қалма–«қама», тұтқында; асығар емес – «асық емес», жіліктің асығы емес.
Әріптері түсіп қалған сөздердің басқа сөзге айналып, өзгеше мағына беріп тұрғанын аңғару қиын емес. Ал, осыны түсінетін жандар кемде-кем.
Көбіне орысша сөйлегендерді шала қазақтар деп атаймыз. Бұл дұрыс емес. Олар сол тілде сауатты сөйлеп, сауатты жазады. Оларды орыстанғандар дегеніміз жөн секілді. Орыстанғандардың арасында талай ұлылар болған. Сондықтан орыстанғандар мен шала қазақтарды айыра білуіміз керек. Өйткені шала қазақтарда тіл жоқ.Не қазақшаға, не орысшаға ,не өзге тілге келмейтін «Атқан», «отқан», «атсың», «отсың», «атыр», «патыр», «Не істеп атсың», «не істеп отсың», «деп атыр», «деп атқан», «деп отқан» … деп әріптері түсіп қалған мүгедек сөздермен сөйлейді.
Мұндай түсініксіз сөздер мәнін жоғалтып қазақ тілінің дыбыс үндестігін сақтай алмайды.
Не әрі, не бері емес жазбалар тілімізді бүлдіре бастады. Кейбіреуін байқасақ, кейбіреулеріне көзіміз үйреніп кеткен.
Тағы бір мысал келтірсек: Қазақстанда жасалған «Тұлпар-Тальго» пойызында әр вагонының сыртына «Жатын орындар» деген жазуды бәріңіз көрген боларсыздар. Дұрысында «жататын орын» болуы керек.
Жаһандану дәуірі дейміз. Рухани жаңғырудың өзектілігі де осы ана тілімізді, ұлттық ерекшелігімізді, кодымызды сақтап қалуымызда…Ал мен шалақазақпын деп мақтаныш тұтып, төсімізді ұрсақ, болашағымыз не болмақ?!
Ана тілімізді сақтау, тазалығы мен байлығына нұқсан келтірмеу әрқайсымыздың өз қолымызда. Өз қателіктерімізді мойындауымыз қажет. Ұсақ-түйек болып көрінгенімен, әрбір сөздің бірте-бірте бүкіл ұлтты жойып жіберетіндей күші бар екенін ұмытпағанымыз ләзім.
Сөйлем мен сөздерді орынды қолдануы туралы қатаң талаптар болуы керек. Қысқартып, не әріптерін өзгертіп айтуға ешқайсымыздың хақымыз жоқ. Сондықтан ұстаздардан бастап жас-кәріміз дұрыс сөйлеудің үлгісін көрсетуіміз қажет.
Бұл тек тіл маманының ғана мәселесі емес, тілді сақтап қалу әрқайсымызға қатысты екенін ұғынғанымыз жөн. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»деген. Тілі енді шыққан сәбилеріміз бен жеткіншектерге дұрыс сөйлеу тәрбие сағат-тарын ұйымдастыру да артықтық етпес.

Дариха Үмбетиярова, Журналист. Сарысу ауданы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.