A place where you need to follow for what happening in world cup

Тілбұзарға төрден орын тимесін

329

Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген сөзін санама қаққан қазықтай қадап алдым. Осы сөздің мәнін терең ұғына отырып, ана тіліміздің мәртебесін асқақтату — өзімнің абыройлы міндетім екендігін ойыма тоқып алдым. Өзім таза қазақ ауылында өскендіктен болар, ана тілім бөтен сөздермен былғанып, шұбарланған емес. Халық ауыз әдебиетімен сусындап өскендіктен болар бабалар аманаты болған толғауы тоқсан қызыл тілде көсіліп сөйлеуге машықтанып, тауып айтар ділмарлығыммен дараланып келемін.
Мінбердегі міндеттердің алғы шебінде тұрған тіл мәселесі бүгін ғана көтеріле салған жоқ. Тіл тағдыры — тұтас ұлттың тағдыры. Ұлт ұстазы Ахаң — Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», — десе, Мағжан Жұмабаев: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ», — деген екен. Бір ғасыр бұрын айтылған Алаш арыстарының бұл сөздері дәл бүгінгі заманның да тамыр бүлкілін дөп басып тұрғандай. Бізге дейін де тіл жанашырларының жанайқайы халықтың құлағына жетіп, әлі күнге дейін тілдің күрмеуі қиын тұстары зерделенуде. Алаш зиялыларының ана тілімізге арналған еңбектері, тіл жолындағы алуан күрестері – бүгінгі өзі де азат, тілі де азат күнге жеткен қазақ баласына тағылымды мұра, өміршең өсиет. Бұл жолды жалғастырушылар бұл күнде де бір тобыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің тұңғыш Жолдауында қазақ тілінің мәртебесі туралы қадап тұрып айтты. “Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келеді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз қажет”, – деді. Мемлекет басшысының мемлекеттік тілімізге баса назар аударуы елдің ерекше ықыласын оятып, ұлт зиялылары өз үндерін қосуда. «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші, тілдегі олқылықтар оң нәтижесін беріп, төл тіліміз әлемдік деңгейге жететін күн де туар.
Тіл төңірегіндегі қуантарлық жәйттер де аз емес. Баршамызға мәлім, биыл дархан дала дарабозы, ұлт ойшылы, кемеңгер Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Айтпағым былтырғы жылдан бері Абай өлеңдерін оқудан эстафета бастап, тіпті ол алыс-жақын шет елдерге тарап, өзге ұл өкілдері біздің ана тілімізде саңқылдап сайрағанда бір сүйсінген едік. Демек, озық ойлы отыз елдің қатарына қосылуды көздеген көреген еліміздің Абай шығармашылығы арқылы танылуы үлкен жетістік әрі жеңіс деп білемін.
Жақында ғана екі қарт кісінің әңгімесіне құлақ түріп қалдым. Екеудің таңданыспен таңдай қаға айтып отырғаны мектеп табалдырығын аттағанына 5-6 жылдың төңірегіндегі бүлдіршіндеріміздің қазақшаға судай ағып тұрғандығы. Күнделікті тұрмыста қолданылатын көкөністерді, мәселен орамжапырақ, қияр, қызанақтардың орысша баламасын мүлдем қолданбай, тек қазақша айтатын көрінеді. Тіпті әлгі бір апамыздың немересі «Хайуанаттар бағына барып, керік, сусиыр көрдім» дегенінде «Ол не?» деп тосылып қалғанын да жасырмағанын жеткізді. «Иә, бұл балаларымыздың «Балапан» телеарнасын үзбей көретіндігінің арқасы десті екеуі.
Шын мәнінде, менің де тілі енді ғана былдырлап шығып келе жатқан екі балапаным бар, екеуі де «әкешім, анашым» деген кезінде елжірей қарайсың. Екеуіне бізді осылай атаңдар деп үйреткен де емеспіз. Ал, біз ата-анамызды әлі күнге дейін «мама, папа» деп шақыратынымызды жасыра алмаймын.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын» деп жар салды.
Елі үшін алаңдаған ержүрек бабамның қорқынышын жан-жүрегіммен сезіне отырып, ой елегінен өткізіп, балапандарымды бесік жырымен әлдилеп, енді ертегі айтуды жаныма серік еттім.
Қазақ тілін жетік меңгеріп, оралымды, отты тілімізге келгенде орағыта сөйлеп, таңдай қақтырып жүрген өзге ұлт өкілдерінің де саны артып келеді. Тіпті БАҚ өкілдерінің арасында қазақша бағдарлама жүргізетін өзге ұлтты журналистер бұрын саусақпен санарлықтай болса, бүгінде қарасы артып келеді. Көпұлтты еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілімізде сөйлеп, өз тілдерін де, қазақ тілін де құрметтесе нұр үстіне нұр болар еді.
Ойымды мынадай өлең шумақтарымен түйіндеймін.
Ана тілім отқа түсіп күймесін,
Дұшпан біткен табалап бір күлмесін.
Тіл тағдыры, ел тағдыры егіз ғой,
Ізгі ойлар ұлттық рухты тербесін.
Көңіл күпті жасырайын мен несін,
Баз біреулер ала жіпті термесін.
Ел еңсесін басып жүрген әлі де,
Тіл бұзарға төрден орын тимесін.

Айғаным АСҚАРБЕК.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.