A place where you need to follow for what happening in world cup

Тектен нәр алған тозбайды

303

Ұлы қайнардан  сусындаған, текті де терең тамырлы бай тарихы бар қазақ халқы қашанда асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға айрықша мән берген. Халқымыз ықылым заманнан «Елін сүйген ер болар» деп айтудан жалыққан емес. Осындайда «Ерді кебенек ішінде таны» деген даналық сөзі бірден ойыма орала береді. Тоқсан жылдық тарихы бар Шу өңірінің әр кезеңдерде алға жылжуына үлес қосқан, екі дәуірдің куәсі  болған ел ағалары арамызда әлі де баршылық. Солардың бірі — Қазақбай Баетов десек, қателеспейміз.

Ауданға сыйлы азаматты әсіресе өзінің өскен өңірінің жұршылығы аса қадірлейді. «Атасының баласы» немесе «атасына тартқан» деген сөз кез келген адамның кеудесіне мақтаныш сезімін оятары ақиқат. Көзкөргендердің ұрпақтары «Қазақбай Рахманқұлұлының түр-тұлғасын Бает атасына тартқан» деседі. Бает ақсақал жайлы аңызға айналған әңгіме көп. Бүгінгідей көлік жоқ, байланыс жоқ уақытта Бает қажы жаяу Меккеге қажылыққа барған екен. Сол кеткеннен үш жылға дейін бір хабар болмай, қарасы да көрінбейді. Сарыла күткен ағайын-туысы оралмаған ұлдарына ас бергелі жатқанда келген деседі. Өзі адуынды, елге сөзі өтімді, қасиетті кісі болған екен. Ауылдастар сөзге келіп қалса,  «жалған айтсаң, Бает қажының үйінен нан же» деп, сөзінің растығына сену үшін осы сөзді жиі қолданған екен. Ашаның қос аюы атанған Байелі-Бает батырымыздың бірі — осы Бает атамыз. Байелі-Бает атымен Қорағаты өзенінің төңірегінде сай бар. Осы Бает қажының Рахманқұл деген ұлынан көрген тұңғыш немересі Қазақбай тектінің тұяғы десек, артық айтқандық болмас. Бает қажыны құрметтейтін ауылдың өнегелі әжелері атасының баласы деп Қазақбайды атымен атамаған екен.

Бает қажының көзін көрген Саракүл атты бір әже Қазақбай Баетов Алға ауылына әкім болып барғанда сонда тұратын ағайын-туыстарына «Сары баланы үйлеріңе шақырып қонақ етіңдер» деген екен. «Сыйласарлық тектінің кім танымас нұсқасын» деген осы  болса керек. Әкесі Рахманқұл да Ұлы Отан соғысына қатысқан «елім» деген ердің бірі болған. Бұдан ұғатынымыз, Қазақбай Рахманқұлұлының  атасы да, әкесі де тектіліктің табы ескен азаматтар болғаны. «Жақсыдан жақсы туады жарқылдаған» деген осы шығар, бәлкім…

Жетпістің желкенін керген ел ағасы ширек ғасырға жуық уақытта үзеңгіден бір түспеген. Осы жылдар ішінде талай қызметтің тізгінін ұстады. Еңбек жолын автобазада механик болудан бастаған ол сол салада бас инженерлік және директорлыққа дейін көтеріледі. Одан кейін аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Ленин совхозында партком хатшысы, Кеңес үкіметі кезінде аудандық кеңестің депутаты болса, егемендік алған жылдары Төле би, Алға ауылдық округтерінде әкім болып, елімен етене қызмет  атқарды. Аудандық мәслихаттың депутаты, қоғамдық кеңестің мүшесі Қазақбай Баетов бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ел ағасы.

Қазақ халқы ат қоюға үлкен мән беріп, ұрпағының сол атқа сай өмір сүргенін қалаған. Жазарымызға арқау болған кейіпкеріміздің атында бір ұлттың, бір ұлыстың аты бар. Демек, Қазақбай Баетовтың жаны да, жүрегі де қазақпен бірге деген сөз. Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық демекші Қазақбай Рахманқұлұлы  Баетовпен бірге атасы мен әкесінің де қосарланып, еленіп жүргеніне қарап, оның да атын келешек ұрпағы мақтан тұтады деп ойлаймын.

Айғаным АСҚАРБЕК

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.