A place where you need to follow for what happening in world cup

ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН ҚОШТАСТЫ

119

Құрметті тараздықтар, қадірлі жерлестер!

Отанымыз – кең байтақ Қазақ елінің өркендеуіне үлес қоссам деген тілек әр азаматтың жүрегіндегі ізгі ниет деп есептеймін.

Сенім артылған соң, еліміздің кез-келген өңірінде мемлекеттік саясатты іске асыру – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Алайда, сол міндеттің басталатыны сияқты, аяқталатын да кезеңі болады. Ол – заңдылық. Сондықтан, мен өзімнің Жамбыл жеріндегі қызметімді тоқтатып, тағы бір өмір белесінен өттім.

Осыдан тура 2,5 жыл бұрын Жаратқанның қалауымен қасиетті Әулиеата жеріне жұмыс ауыстырған едім.

1 жылдан аса облыс әкімінің орынбасары ретінде 9 басқармаға жетекшілік еттім. Қордай оқиғасынан соң тұрақтылықты қалыптастыру, әлемді жайлаған пандемиямен күрес, елімізде бұрын-соңды болмаған жаппай білім беруді онлайн форматқа ауыстыру сияқты аса жауапты кезеңде күні-түні еңбек еттік.

Ал, өткен жылдың наурызынан бастап Тараз қаласының әкімі болып тағайындалдым. 400 мыңнан астам тұрғыны бар облыс орталығына басшы болу – халықтың әл-ауқатын жақсарту, сан-салаға серпін беру, қаланы көркейту, халық сенімінен шығу сияқты міндеттерді жүктеді.

1,5 жылға жуық уақыт аралығында атқарған жұмыстарымыз тараздықтардың көз алдында болды. Оның бағасын халықтың өзі бере жатар. Ең бастысы – әрбір жоспарымызда, басымдық берген бағыттарымызда тұрғындардың сұранысы мен қоғамның пікірі ескеріліп отырды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын барынша іске асыруға тырыстық. Халық санағы, жалпыхалықтық Референдум сияқты республикалық науқандарды абыроймен атқардық.
Игі істер мен әрбір жобаның сәтті іске асуында – жамбылдықтардың қолдауы мен әріптестерімнің еңбегі зор.

Іске асыруға үлгермей қалған жобалар мен ақталмай қалған үміттер болса кешірім сұраймын.

Өкінішке қарай, пандемия кезінде талай жаны жайсаң жамбылдық азаматтарымыздан қапыда айрылдық. Алла оларды алдынан жарылқасын. Маған қашанда батасын беріп, ақыл-кеңесін аямаған ардагерлеріміз, ескертуімен қатар еңбегімізді бағалап, қолдағандар көңілдің төріндесіздер! Баршаңызға алғыс білдіремін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, жақсы күндерде көрісейік, ағайын!

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.