A place where you need to follow for what happening in world cup

Таластағы жылыжайлар мол өнім беріп жатыр

25 569

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Талас ауданына жұмыс сапары Үшарал ауылдық округінен басталды. Аймақ басшысы ауылдағы облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бойынша пилоттық жоба аясында жүзеге асқан жылыжай жұмысымен танысты.

20 соттық жерге орналастырылған жылыжайда екі ауысыммен қызанақ және қияр егіледі. Қазіргі таңда мол өнім салған қызанақты жинау жұмыстары басталуда.

Жылыжай иесі Ерғазы Сыздықбеков 20 тоннаға дейін өнім жинауды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Кәсіп бастауға пилоттық жобаның көп көмегі тиді. Жобамды «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ мақұлдап, кәсібімді жүзеге асыру үшін сегіз миллион теңгені 2,5 пайызбен берді. Бүгінде алған несиемізді толық жауып тастадық. «Талас-2020» кооперативі тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Үш жылдан бері өнімді Қаратау мен Тараз қаласындағы сауда нүктелері мен әлеуметтік дүкендерге өткерудеміз, — дейді Е. Сыздықбеков.

Жылыжай көмірмен жылытылады. Көкөністі баптаумен айналысып жүрген кооперативтің агрономы Қанат Алдабергенов жылыжай жаз айларынан бөлек тоғыз ай жұмыс істейтін айтты.

Биыл 10 миллион теңге табыс тапқан жылыжай иесі алдағы уақытта оның көлемін бір гектар алқапқа дейін арттыруды жоспарлауда.

Сондай-ақ, мұнда облыс әкіміне ауылдық округтегі аталған пилоттық жобаның іске асу барысы баяндалды.

Жоба аясында 197 үшаралдық тұрғынға жалпы көлемі 524,7 млн. теңгені құрайтын жеңілдетілген несие берілген. Ауылдықтар мал басын шамамен 2000-ға арттырған.

«Талас-2020» АӨК құрылып, 18 дана ауыл шаруашалығы техникасы сатып алынған. Өткен жылы кооператив 25 миллион теңге табыс тапқан.

Әр отбасының тұрақты табысының болуын қатамасыз етуге тиіспіз. Ауылдық округ әкімдері өздеріне артылған жауапкершілікті сезініп әрекет етіп, әр ауланың ахуалынан жақсы хабардар болып отыруы маңызды. Жобаның мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, ауылдықтардың тұрмысын тіктеуге күш салу керек. Жоба алдағы уақытта да жүйелі жалғасуы тиіс,-деді Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бойынша пилоттық жобаның екінші кезеңіне аудандағы Ойық ауылдық округі еніп отыр. Қазіргі кезеде дайындық шараларының барысы қызу жүруде.

Бұдан соң облыс әкімі «Қайқы» көлін, «Нұрабай» каналын және «Бөлекқызыл» су қоймасының жай-күйін көріп, өтіп жатқан су деңгейімен танысты. Аймақ басшысы қазіргі таңда су мөлшерінің мол екендігін атап өтіп, оны тиімді пайдаланып, қоймаларға барынша су қорын жинақтап алу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, Талас және Сарысу аудандары суды өзара келісе отырып, бөлісіп, пайдалану керектігін баса айтты. Бұл өз кезегінде екі аудандағы шаруалардың мәселесін оңынан шешуге ықпал етпек.

Аймақ басшысы Кеңес ауылдық округінің тұрғыны Мұрат Ордабаевтың 13 соттық жерге есептелген жылыжайымен де танысты.

Жылыжайда шалқан мен қияр өсуде. Қазіргі таңда шалқан алғашқы жемісін бере бастаған. Жеке қаражат есебінен салынған жылыжайдың жұмысын оң бағалаған облыс әкімі мұндай жылыжайлардың санын арттырып, көлемін ұлғайтудың маңыздылығын тілге тиек етті.

Нұржан Нұржігітов алдағы уақытта жылыжайы иелерінің бірқатар шығындарын өтеп беру мақсатында мемлекет тарапынан қолдаулар қарастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Мұнда аймақ басшысына ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар баяндалды.

Материал Жамбыл облысының әкімдігімен ұсынылған

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.