A place where you need to follow for what happening in world cup

Төрт түлік қыстан қоңды шықты

261

Малдың қоңдылығын сақтау жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті талап ететін, қиындығы мен жауапкершілігі мол еңбек екені белгілі. Десе де, қыс айлары шалғайдағы малшылар үшін ең жауапты кезең болып саналады. Бұндай шақта машақаты мол тірліктің бел ортасында жүрген шопандар қауымының алдында тұрған басты мақсат – төрт түлікті қыс құрсауынан аман алып шығып, олардың жақсы өсіп-жетілуіне жағдай жасау. Қысқаша қайырғанда, бұның бәрі де қыстаудан шығынсыз шығудың қамы.

Осыған байланысты, ауданымыздағы қыстақтардың жағдайын біліп көрген едік. Жалпы, ауданда дәл осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың шаш етектен екеніне көз жеткізуге болады. Мәселен, аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, мал қыстатуды шығынсыз өткізу мақсатында ауданда арнайы штаб құрылған екен. Аудандағы мал қыстауларының жалпы саны 350 болса, мал қыстату науқаны кезінде ондағы қоралардың барлығы да жөндеуден өтіпті. Қазіргі таңда ауыл сыртында орналасқан қыстаулардағы мал басының жалпы саны 168480-ге жетіп отыр. Ал, қыстаудағы мал азығына келер болсақ, ауданда төрт түлікті қыстату үшін 133900 тонна шөп жинау жоспарланған. Алайда, шаруалар ширақтық танытып, жоспарды 104,9 пайызға орындап, 140500 тонна шөп жинаған. Қыстауларға мал азығын жеткізу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылдарға жем-шөп сататын 14 кәсіпкер тұрақты жұмыс істеп тұр. Әрі-беріден соң малдың қоңды болуы жем-шөпке байланысты екенін қаперге алсақ, шулық шаруалардың бұл қарқыны құптарлық жағдай екені де түсінікті.

Әрине, қағаздағы мәліметке құлақ асқан бір бөлек, ал оны көзбен көру бір басқа. Сол себепті, біз де қыстаудағы қым-қуыт тірлік пен тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысқан малшылардың жай-күйін білу мақсатында аудан орталығынан шалғай орналасқан Қорағаты ауылдық округіндегі қыстауларда болып қайттық. Бір қарағанда, қырат-төбелер сол қалпы бұйығы жатқандай көрінеді. Алайда, қыстақтағы қараша халықтың қарбалас тірлігі таусылған ба? Ертелі-кеш қора-жайын қамдаған шаруалардың тынымсыз тірлігіне үңілсеңіз, дала төсінен қарбаласқан қауырт тірлікті байқайсыз. Мысалы, біз атбасын бұрған «Ғалымжан» шаруа қожалығындағы жұмыстың да қызып жатқанын көзбен көрдік. Ауылдық округтен 25-30 шақырым қашықтықта орналасқан аталмыш шаруа қожалық 2000 жылы құрылыпты. Алғашында небәрі 1 сиыр, 1 жылқы және 43 бас қоймен басталған шаруашылық бүгінгі күнге дейін мал санын бірнеше есеге көбейтіп, шаруасын шалқытып отыр. Шаруашылық жетекшісі Ғалымжан Сарыбаевтың айтуынша, жиырма жылдың ішінде қорасындағы малды 400 бас қой, 20 бас жылқы, 15 бас сиырға көбейтіпті.

– Алғашқыда кәсіп бастаудың қиынға соққаны рас. Дегенмен, бұл өзіміздің ата кәсібіміз болғандықтан аяққа тұрып кеттік. Негізгі мақсатымыз да сол — мал басы санын арттыру. Әрине, жұмыс оңай емес. Әр малдың астын мұқият тазарту, оларды сауу, жем-шөбін уақытылы беру сынды күнделікті тіршіліктің өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Малдың қоңды болуы оған лайықты жағдай жасаудан басталады. Сондықтан ең әуелі қора-қопсыны жайлы етіп жасадық. Жалпы алғанда жағдайымыз жаман емес. Биылғы қыс та тұяқтылар үшін жайлы болды. Малымыз күйлі шықты. Қыстың ортасында 100 бас қойды төлдеттік. Ендігі кезекте алдағы наурыз айынан бастап жаппай мал төлдету науқанына кіріспекпіз.

Сонымен бірге, мал басын асылдандыруды да қолға алудамыз. Осыдан екі жыл бұрын Түркістан облысынан гиссар тұқымды қошқарлар әкелдім. Нәтижесі жаман емес. Бұдан бөлек, 10 басқа арналған мал бордақылау алаңы да бар. Сәтін салса, биыл оны кеңейтіп, 100 бас сиятындай етіп салуды көздеп отырмын. Сонымен қатар, төрт түлікті түгел өргізіп отырғандықтан, оны жем-шөппен қамтамасыз ету де аса маңызды. Сол себепті 10 гектар суармалы және 136 гектар жайылымдық жер алдым. Суармалы жердің 5 гектарына жаздық арпа, ал қалғанына жоңышқа егудемін. Жиын-терін жұмыстарына арналған ауылшаруашылық техникаларын да алдық. Жалпы, жағдайымыз жыл өткен сайын жақсарып келеді, — дейді шаруашылық жетекшісі Ғалымжан Рахымбайұлы.

Расымен де, аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бақыт Бетпаевтың сөзіне сенсек, қыстақтарда төтенше жағдай туындай қалса, аудандағы жол құрылыс мекемелерінің және коммуналдық шаруашылықтың жол тазалау техникалары сақадай сай тұрған көрінеді. Оның үстіне, ауылдық округтердегі шаруа қожалықтардың да техникалары көмекке әзір тұр. Әзірге ақпан айының қарсыз болуына байланысты қыстақтарға қатынас аса қиындық туғызып отырған жоқ. Десе де, атакәсіпті  қолға алған қыстақтағы ағайындар әлі де болса табиғаттың тосын мінезіне әзір болуымыз қажет дейді. Шынында да, аяқ астынан көтерілетін жел де, біресе төпелете жауып, ертесіне еріп кететін қар да малшыларды сақ болуға шақыратыны рас. Үстіміздегі қыс аса қатты болмағанымен, шаруа баққан жандар мал басы көк майса шөпке жеткенше тынымсыз еңбек ете бермек.

Ерғали АСХАТҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.