A place where you need to follow for what happening in world cup

Тәрбие – тал бесіктен

610

Көктем келді. Жер дүние жасарып, табиғат жаңарып, айнала әсемдене түсті. Тынысыңды ашатын таза ауаның, жасыл шөптің иісі тіптен ерек. Дей тұрғанмен, қар еріп жер беті ашылғанда тамаша көрініспен қатар көңіліңді күпті ететін жәйт та жоқ емес. Айналамыздағы қоқыс, түрлі қалдықтар табиғат тамашасын бұзып қана қоймай, бізді де ақырын тұншықтырып жатқаны белгілі.

Бүгін әдеттегідей саф ауамен тыныстап, көтеріңкі көңілмен жұмысқа қарай бет алғанымда айналамдағы қоқыс қалдықтарын көріп жаздай жадыраған жаным құлазып қала берді. Түрлі бөтелке қалдығы, балалар тәттілерінің қағаздары, целлофан, пластик заттар барлығы айнала сәнін құртып қана қоймай, экологияға да зор қауіп төндіріп тұр емес пе?! Егер бұған бәрі көз жұмып қараса, бір-бірін түземесе, балаларға айнала тазалығының маңызын түсіндірмесе жағдай ушыға бермек. Бұлай жалғаса беретін болса соңы жақсы болмасы анық.

Мен осы мақаламда балаларымызды табиғат тазалығына үйрету жайында айтқым келеді. Иә, бала деген жас шыбық секілді. Қалай баптап, күтсең солай өседі. Қисық-қыңыр болуы да, я әдепті, қамқор болуы да біздің қолымызда.

Апта сайын әр мұғалім өз сыныбымен сынып сағатын өткізеді. Түрлі тақырыпты қамтитын бұл сабақтың бірін табиғат ананы қорғауға арнау маңызды. Мәселен, бір ғана: «Табиғат – біздің анамыз, табиғат – біздің панамыз. Оны әркез қорғаймыз, Біз ақылды баламыз» деген өлең жолдары арқылы кішкентай балақайларға табиғатқа қамқорлықпен қарау керегін түсіндіруге болады. Оны «Табиғатты ластама, қоқысты жерге тастама. Тазалықты сақтаймыз, Игі іске бастаймыз» деген сынды тілге жеңіл, жаттауға оңай тақпақтармен сабақтап, әр баланың ойына ой қосамыз. Сондай-ақ, тақырып төңірегіндегі түрлі мысалдар, жұмбақ, жаңылтпаштар арқылы ойды кеңінен ашып, жан-жақты түсіндірсек баланың ақ қағаздай санасы бәрін түсініп, ойға түйіп алады.

Иә, сыныптағы тәрбие маңызды, әрине. Дегенмен, бұл тәрбие үйде де жалғасын тапқаны дұрыс. Ата-ананың сөзі бала үшін өте маңызды әрі  мұғалімге айтып, сұрай алмаған мәселені бала әке-шешесінен қысылмай сұрап, біле алады. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін балаға әрдайым айтып отыру керек. Өкінішке орай, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын әке-шеше бар. Кедергі көп. Оның бастысы – өзіне еріксіз иіріп ала жөнелетін интернет, әлеуметтік желінің түр-түрі. Бұлар баланың ғана санасын улап қана қоймай, үлкендердің де уақытын ұрлап, санасын жаулап жатыр емес пе?! Бала мен ата-ана арасындағы алшақтық, дұрыс диалогтың болмауы, ананың балаға  көңіл бөлмеуі үлкен проблеманың бастауы екені даусыз. Иә, бұл бөлек тақырып әрі үлкен мәселе.

Еңбек – бала тәрбиесіндегі негізгі жолдың бірі. Көктем келіп, дала жұмыстары қыза түседі. Міне, балаңызды жұмсап, шамасы келетін істі тапсырып, тыңғылықты орындауға үйрететін кез нағыз. Тал-дарақ егіп, арық тазалап, қоқыстарды жинақтап балаңызға үлгі болуға тырысыңыз. Бала айтып түсіндіргеннен гөрі, көргенді жақсы қабылдайды. Ата-ана бала үшін айна. Сізге қарап бой түзейді. Сіз арқылы айналаны таниды. Бұл үлкен жауапкершілік. Балаға жаңа киім-кешек, түрлі ойыншықтар, дәмді, тәтті тағамдар алып берумен ата-ана қамқорлығы, міндеті шектелмейді. Ең негізгісі – балаға адам болуды үйрету. Қатеден сабақ алып, өзіңді түзеп, балаңа жақсы үлгі бола білу ата-ана міндеті.

Біздің болашағымыз – бүгінгі бүлдіршіндеріміз. Алтын уақытымызды текке зая етпей, болашағымызды баянды, жарқын ететін ұрпағымыздың тәрбиесіне арнайық, ардақты ата-аналар.

Меруерт Әбсәт, Ораз Жандосов атындағы негізгі мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі

Шу ауданы Шоқпар ауылы

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.