A place where you need to follow for what happening in world cup

«Тұрғындардың түпсанасында дәрігерлерге сенбеушілік бар»: Министр еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелерге тоқталды

99

Соңғы кездері ауыр дертке шалдыққан балаларға әлеуметтік желі арқылы қаражат жинау белең алуда. Бұдан бөлек елімізде ана өлімінің жиілеуі, тіс дәрігерлердің салғырттығы мен жемқор медицина қызметкерлері сынды мәселелер баршылық. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният аталған проблемаларға тоқталып, оларды шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.

– Бүгінде тіс дəрігерлері де қазақстандықтардың тағы бір бас ауруына айналғандай. Мəселен, қазір білікті-біліксіз стоматологтың қолында дипломы болса, емхана ашып, өз қызметтерін жүргізе береді. Ал оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Салдарынан тағы да тұрғындар жапа шегеді. Бұл туралы не айта аласыз? Неліктен тіс дəрігерлердің қызметіне қатаң тексеріс жүргізілмейді?

– Қазіргі таңда Қазақстанда Ақтөбе, Алматы, Атырау, ШҚО, Қостанай, Маңғыстау, СҚО өңірлеріндегі 7 мемлекеттік стоматология мекемесін қоспағанда, стоматологиялық қызмет, негізінен, жеке клиникалар базасында ұйымдастырылған.

Мемлекет есебінен кейбір санаттағы азаматтарға «Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмекке жататын халықтың жекелеген санаттарының тізбесін бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-106/2020 бұйрығына сәйкес шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек сай көрсетіледі. Ал одан тыс барлық стоматологиялық көмек ақылы әрі бәсекелес нарықтың еншісінде. Бұл тек бізде ғана емес, бүкіл елде осылай.

Айтайын дегенім, мейлі жоспарлы әлде шұғыл медициналық көмек аясында көрсетілген қызмет болсын, мейлі ақылы стоматология қызметі болсын, пациенттен міндетті түрде жазбаша ақпараттандырылған келісім алу керек. Келісімде емделуші емдеу әдістері, емдеу кезіндегі ықтимал асқынулар мен салдары туралы ескертілгенін растайды.

Сондықтан жекеменшік стоматология көмегіне жүгінген кезде, медициналық көмек көрсету жөнінде шарт жасасуды талап ету қажет. Бұған қоса медициналық қызметке лицензияның және оған қосымшаның бар екеніне, сондай-ақ клиника мамандарының қызметтің осы түріне сертификаттары бар-жоқтығына көз жеткізіп алуға кеңес береміз. Лицензиялар және оған қосымшалар мерзімсіз беріледі, ал сертификаттар 5 жылға жарамды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жоғары және орта медициналық білімі бар тіс дәрігерлері стоматологиялық көмек көрсете алады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 424-бабының 1-тармағына сәйкес, қызметтің бұл түріне сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адамның медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметпен заңсыз айналысқаны үшін жеке тұлғаларға – 5, лауазымды адамдарға – 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 70 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.

Дегенмен бұл министрлік стоматологияны өз бетімен жібергенін білдірмейді. ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті азаматтардан арыз-шағымдарды қабылдап, мұқият сараптау жүргізеді.  Мәселен, биыл келіп түскен шағымдар мен өтініштерді талдау кезінде олардың көпшілігі сапасыз тіс жұлуға (35), сапасыз емдеуге (23), тісті сапасыз протездеуге және брекет орнатуға (18) қатысты екені мәлім болды. Сондықтан стоматологиялық көмек көрсету сапасы бойынша шағымы бар азаматтар ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне және оның аумақтық бөлімшелеріне жүгіне алады.

МФБК- байланыс нөмірі: 8 7172 74 26 27;

ӘМСҚ сall-орталығы: 1406.

МФБК аумақтық департаменттерінің байланыс деректерімен МФБК сайтында танысуға болады.

– Көптеген оқырмандарымыз  дәрігерлердің қосымша ақша бермейінше қарамайтынын айтады. Әсіресе, шұғыл ота жасау үшін ақ халаттылар осындай қадамға барады. Қарап отырсақ, бұл жемқорлықтың айқын көрінісі. Мұнымен қалай күресеміз? Осындай жағдайға тап болған азаматтар қайда шағымдана алады?

– Өкінішке қарай, ондай жемқорлық не қызметін асыра пайдалану фактілері ара-тұра кездеседі. Ондай жағдай жөнінде бұлтартпас деректер болса, E-otinish  арқылы немесе министр блогына арыз-шағым жазуға, сондай-ақ  министрлік сайтында көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы немесе, әлгінде айтқанымдай, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне хабарласып шағым түсіруге болады.

Халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін арттыру біз үшін ең басты приоритет. Министрлікке 2021 жылы 27 мың өтініш келіп түскен. Биылғы жартыжылдықта 14 мың арыз-шағымды қарастырдық. Осы арқылы халықпен кері байланыс орнатып денсаулық сақтау саласының қай бағытын күшейту керек, заңға қандай өзгеріс енгізу керек екенін бағдарламаймыз.

Осыған байланысты халықпен кері байланыс және қоғамдық мониторинг механизмін барлық өңірлерде сынақтан өткізіп, сапаға ішкі және сырты сараптаманы ұйымдастыру және өткізу ережесін де бекіттік.

Былтырдан бері Damumed мобильді қосымшасы арқылы халықтың медициналық көмекке қанағаттану деңгейін өлшеп, сауалдама ұйымдастырып жүрміз.

Әлбетте, бұл проблемаға біржақты қарауға болмайды. Кейде адамдардың өзі туған-туысы сырқаттанып қалса, жағалай таныс іздеп кететіні жасырын емес. Тұрғындардың түпсанасында дәрігерлерге сенбеушілік бар. Бұған бәлкім, дәрігерлердің төмен жалақысы, саладағы қаржы тапшылығы, инфрақұрылымның ескілігі, кейбір дәрігерлерде адамдармен жөнді сөйлесу дағдысының болмауы т.б. факторлар әсер ететін шығар. Кез келген медициналық ұйымда медициналық көмек сапасына жауап беретін басшы орынбасары бар. Кейде мәселенің байыбына барып, шешімін табу үшін сол тікелей ұйым  басшылығына да шағымды жеткізе білу керек деп есептеймін.    

– Соңғы уақытта интернет, әлеуметтік желі арқылы ауыр дертке шалдыққан балалардың еміне қаражат жинау кең етек алуда. Бір жағынан ата-аналарды да түсінуге болады, амалы таусылғандықтан олар осындай қадамға баруға мәжбүр. Кей жағдайда ақша жинаудың мұндай тәсілі расымен нәтижесін көрсетіп жатады, бірақ еміне қаржы жиналмай көз жұмып жатқан бүлдіршіндер де баршылық. Министрлік тарапынан бұл мәселе көтерілді ме? Бұл жайында не айта аласыз?

– Әлеуметтік желіде емделу үшін қаражат жинау мәселесінен хабардармын. Кейде ата-аналар кейбір аурулардың отандық клиникаларда емделетіні жөнінде біле бермейді немесе отандық мамандарға сенбейді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жанындағы арнайы үйлестіруші топ  мүмкіндігінше мұндай деректерді қадағалап, ата-аналармен байланысқа шығып отырады. Мән-жайды анықтап, отандық клиникаларда емдеу мүмкіндігі жөнінде ақпарат береді немесе шетелге емдеуге жіберу мәселесін талқылайды.

Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 26 мамырдағы «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емделуге жіберу және (немесе) емдеуді отандық медициналық ұйымдарда жүргізу үшін шетелдік мамандарды тарту қағидаларын әзірлеуді бекіту туралы» № 45 бұйрығына сәйкес, Қазақстанда жүргізілмейтін жоғары технологиялық медициналық көмекке көрсетілімдер болған жағдайда, ауыр дертке шалдыққан Қазақстан азаматтарын, әсіресе 18 жасқа дейінгі балаларды  шетелге жібереді немесе оларға шетелдік мамандарды тарту арқылы отандық клиникаларда емшара жасалады. Мысалы, мидың хирургиялық қол жетпейтін функционалды маңызды аймақтарында орналасуына байланысты радиохирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ) қажет ететін артериовеноздық мальформациялар мен ісіктер; эндоваскулярлық емдеуді қажет ететін ми діңгегі, жұлын тамырларының артериовенозды мальформациялары және артериялық аневризмдер, трансоральды жолмен сылып тастайтын бассүйек ісіктері; кератопротездеу; көмей, кеңірдек стенозы; нейроэндокриндік ісіктерге Lu (лютеций) 177 изотопымен радионуклидтік терапия т.б. аурулар бойынша мемлекет есебінен шетелге жіберу мүмкіндігі бар.


2021 жылы осындай сирек әрі ауыр дертке шалдыққан 66 пациент шетел клиникаларына жолдама алды, ал 32 пациентке шетелдік мамандарды тарта отырып, отандық клиникаларда ота жасалды. Олардың басым бөлігі  кәмелет жасқа толмаған балалар. Биыл шетелге 70 пациент жіберу және 34 пациентке шетелдік мамандардың көмегімен отандық клиникаларда емдеу жоспарланып отыр.

 Елімізде дәрігерлердің салғырттығы салдарынан науқастардың өлімі көбейіп кетті. Әсіресе, әйелдердің босану кезінде көз жұмуы жиі айтылып та жүр. XXI ғасырда мұндай жағдайдың орын алуы денсаулық сақтау жүйесіне үлкен таңба. Бұл тұрғыда не айта аласыз? 

– Рас, 2021 жылғы статистика деректері бойынша республикада ана өлімінің көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда 22,6%-ға өсті. Оның себебін бұған дейін де бірнеше мәрте жария түсіндіргенмін. Біз ана өлімінің себептеріне үңіліп, оның 82%-ға жуығы экстрагениталдық аурулар салдарынан көз жұмғанын анықтадық. Яғни, негізінен пандемия өршіп тұрған кезде пневмония және коронавирус инфекциясынан қайтыс болған. Өзіңіз білесіз, жүкті әйелдің физиологиялық ерекшеліктері болады, жүктілік кезінде иммунитеті әлсіз, ауруға бейім келеді. Оның үстіне 2021 жылы өлім-жітімнің көбеюіне «дельта» коронавирус штамының жоғары патогендігі әсер әтті. Ал 14%-ы жүрек-қантамыр, жүйке жүйесі, эндокриндік жүйе, асқазан-ішек жолдарының аурулары және онкологиялық аурулардан қайтыс болған. Айтайын дегенім, ана өлімі дәрігерлердің қателігінен, әлде басқа да себептерден болды деп шағым түскен жайттардың бәрі мұқият тексеріледі. Ешқандай жағдай ескерусіз қалып жатқан жоқ.

Шыны керек, соңғы үш жылда пандемия салдарынан әрі жүкті әйелдердің коронавирустық инфекциямен сырқаттануының өсуіне байланысты босандыру қызметіне кәдімгідей салмақ түсті. Перзентханалардың бір бөлігін инфекциялық стационарларға айналдыруға тура келді. Бұған қоса 2021 жылы туу көрсеткіші жоғары болды, бұл қосымша ресурсты талап етті. Осындай әрқилы факторлардың жиынтық әсері ана өлімі бойынша нашар статистикаға алып келгені рас.

Қазір жағдай біршама тұрақтанды. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, биыл ана өлімі 2,4 есеге төмендеген. Алайда арқаны кеңге салмай, ана мен бала денсаулығын қорғауды министрлік ұдайы қаперде ұстайды. Мысалы, қазір нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді қолға алдық. Ол үшін еліміздің жетекші мамандарынан, медициналық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамынан босандыру қызметінің өзекті мәселелері бойынша сараптамалық кеңес құрылды. Әрбір өңірге консультативтік-практикалық көмек көрсету үшін республикалық клиникалар немесе медициналық ЖОО қызметкерлерінен куратор бекітілді.

Сондай-ақ босандыру ұйымдарының тәжірибелі мамандарының жалақысын көтеру, ынталандыру, босану құнын арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Барлық деңгейдегі медицина қызметкерлер жұмыс орнында, симуляциялық орталықтарда үздіксіз кәсіптік оқудан өтеді, жас мамандарға тәжірибелі медицина қызметкерлерінен тәлімгер бекітіледі.

Бұған қоса ДДСҰ өкілдігінің техникалық қолдауымен медициналық қызметкерлерді антенаталды күтім (босануға дейінгі – ред.) мен тиімді перинаталдық технологиялар бойынша оқыту жүргізіледі. Сондай-ақ жыл соңына дейін шетелдік жетекші клиникаларға 40-тан астам акушер-гинеколог, неонатолог, реаниматолог дәрігерлерді біліктілігін арттыруға және инновациялық практикалық дағдыларды игеруге жібергелі отырмыз.

Министрлік еліміздегі денсаулық сақтау ұйымдарын түгендеп, материалды-техникалық базасын мұқият сараптама жасағанын айттым ғой. Осы сараптама нәтижесінде басым бағыттар бойынша 2025 жылға дейін 187 млрд теңгеден астам сомада медициналық техникаға қажеттілік бар екенін анықтадық. Әрбір өңірде денсаулық сақтау басқармасының басшылары «ана өлімін азайту жөніндегі жедел жоспар» әзірледі. Соған сәйкес медицина ұйымдарындағы, әсіресе перзентханалардағы материалдық-техникалық базаны жақсартуға айрықша көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, жүкті әйелдер мен балаларға кешенді, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін біз Нұр-Сұлтан, Қостанай, Жезқазған, Атырау, Орал, Шымкент, Сарыағаш қалаларында және Түркістан облысының Ордабасы ауданында 8 заманауи перинаталдық орталық салуды ұсынып отырмыз.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.