A place where you need to follow for what happening in world cup

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

307

Апта басында ауданымыздағы Жаңақоғам ауылдық округіне «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Олжас Қаржауов арнайы келіп, тұрғындармен кездескен болатын. Ондағы мақсат – өткен жылы ғана жүзеге асқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» жобасы аясында несие алып, тірлігін тіктеп отырған ауылдықтардың қазіргі жағдайын біліп, түйткілді мәселелерді шешу.

Иә, бұрын-соңды өзге облыстардың тәжірибесінде қолданылып көрмеген қанатқақты жоба билік басындағылардың қолдауына ие болып, ауылдағы ағайын бір серпіліп қалған еді. Ел игілігіне бағытталған жобаның арқасында тұтас ауыл тұрғындары төрт түлігін түгендеп, кәсіп ашуға үлкен мүмкіндік алды. Әлбетте, алғаш рет жүзеге асып отырғандықтан кез келген нәрсенің кемшіліксіз болмасы анық. Міне, осыған байланысты «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» басшылығы тұрғындармен кездесіп, оларды толғандырған түйткілді мәселелерге түгелдей жауап берді. Мәселен, ауыл тұрғыны Анар Сәрсенбекова несиеге алған малы жаз айында кене шаққаннан кейін өліп қалғанын айтып, көмек сұрады. Сонымен бірге, мал азығы бойынша бағаның тым қымбат болуы да шаруалардың ширақ қимылдауына қолбайлау болып отырған көрінеді. Оған қоса, ауылшаруашылы бағытындағы техниканың да жетіспеушілігі ауылдықтарды алаңдатып отыр. Міне, тұрғындар дәл осындай шешімін күткен мәселелерді аудан әкімі Әлихан Балқыбеков пен корпорацияның басқарма төрағасы Олжас Қаржауовтың назарына ұсынып, түйткілдің түйінін тарқатып беруді сұрады. Өз кезегінде Олжас Есалханұлы мал шығынына байланысты сұраққа жауап беріп, несиеге алған төрт түлікті ресми сақтандыру керектігін жеткізді.

– Пилоттық жоба аясында мал алып, уақыт өте келе белгісіз жағдайлармен төрт түлігінен айырылып қалған тұрғындар бар. Бұл мәселені басқа ауданның тұрғындары да көтерген болатын. Аталған мәселені түпкілікті жою үшін несиеге алған малды арнайы келісімшарт негізінде сақтандыру қажет. Ескеретін жәйт, алған малыңызды құжат жүзінде сақтандырғаннан кейін жыл сайын сақтандыру компаниясына малдың негізгі бағасынан бас пайыз көлемінде қаржы төлеу керексіздер. Ал, мал азығының қымбат болуына келер болсақ, алдағы уақытта пилоттық жоба аясында құрылған кооперативке 1000 гектар көлемінде жер беруді жоспарлап отырмыз. Аталған жерге егілген мал азығын кооперативтің мүшесінде бар азаматтар арзандатылған бағада ала алатын болады. Сондай-ақ, техника мәселесінде де дәл осындай жағдай. Қажетті техниканы кооперативке лизингке немесе каникулға беретін боламыз, — деді О.Қаржауов.

Тұрғындар тарапынан айтылған мәселелердің барлығы да алдағы уақытта өз шешімін таппақ. Корпорация басшылығы қанатқақты жобаны оңтайландырудың жолы қарастырылып, 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген тұрғындардың жұмысын одан әрі ширату жұмыстары да бір жүйеге түсетінін жеткізді.

Ерғали АСХАТҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.