Таразда түзеу мекемесінің қабырғасынан түйіншек лақтырмақ болған азамат қолға түсті. Оқиға Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/2 мекемесінде болған.
Кеше сағат 19:30 шамасында мекеме қызметкерлері №1 аумақтағы электр подстанциясының маңында жүрген күдікті адамдарды байқаған. Нәтижесінде, жедел бөлім қызметкерлері – әділет майоры Ш. Айнақұлов, әділет капитаны М. Қанатов және әділет аға лейтенанты Д. Сиябеков 1989 жылы туған Тараз қаласының тұрғынын қолға түсірді.
Өзін Ю. К. деп таныстырған азамат ұстау кезінде пластик шөлмекті жабысқақ лентамен (скотч) ораумен айналысып жатқан. Тәркіленген ыдыстың ішінен 3 дана ұялы телефон анықталған. Күдікті аталған шөлмекті мекеме қабырғасынан лақтыру мақсатында дайындағанын мойындады.
Аталған дерек бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі кодексінің 481-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы материал дайындалды.