Түркістан облысы полиция департаментінің басшылығы ержүрек азаматты арнайы қабылдап, марапаттады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылында болған. Отбасымен кешкі серуенге шыққан жасөспірім қыз үйіне ертерек қайтқан. Сол сәтте соңынан ерген күдікті шашынан тартып, шетке қарай сүйреп алып шыққан. Бетінен ұрып, жерге құлатқан. Көмек сұрап айқайлаған оның аузын жауып, қылқындырған. Сол тұстан әйелімен бірге өтіп бара жатқан Сүйіндік Сейітжаппарұлы қыздың даусын естіп, бірден көмекке ұмтылған.
«Жүгіріп келе жатқанымды көрген күдікті қаша жөнелді. Қыздан мән-жайды сұрап білген соң, бірден соңынан қудым. Кейін қуып жетіп, оны полицияға тапсырдым. Менің орнымда басқа біреу болса да осылай көмектесер еді. Бұл менің азаматтық борышым деп білдім. Ең бастысы, қыздың жағдайы жақсы», — дейді Сүйіндік Сейітжаппарұлы.
Бүгін Түркістан облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков бейбіт күннің батыры Сүйіндік Сейітжаппарұлын қабылдады. Арнайы сыйлықпен марапаттап, алғыс айтты.
Ал күдікті қамауға алынды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлімі «Зорлау» және 24-бабы 3-бөлігі «Қылмысқа дайындалу және оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.