A place where you need to follow for what happening in world cup

“Спортшыларды қашанғы сырттан тасимыз”: Қазақстан құрамасындағы кениялық атлеттер, олардың жалақы мөлшері және бұған өзге спортшылардың көзқарасы қандай?

145

Жақында АҚШ-та жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтті. Сол жарыста еліміздің атынан сайысқа түскен кениялық спортшы Нора Джеруто үздік болып, Қазақстанның жеңіл атлетикадағы алғашқы алтынын әперді. Елімізде Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысып жүрген шетелдік спортшыларға айтылып жататын сын аз емес. Ол спортшылардың кейбірі жүлделі орындарға ие болып жатса да, бұл халықтың сөзбен түйреуіне тосқауыл бола алмай қалып жатады. Өз кезегінде бұл көрсеткішті де сынаған қазақстандықтар табылды. Олардың дені, өз спортшыларымызбен қашан мақтанамыз? Қашанғы спортшыларды сырттан тасимыз? деген сұрақтарды қояды. Біз бұл сұрақтарды Жеңіл атлетика федерациясының спорт директоры Павел Кукинге қойдық, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әңгімені әріден бастау үшін, Қазақстан тарихында алғаш рет теннистен “Уимблдон” жарысында жеңіске жеткен Елена Рыбакинаны еске алайық. 23 жастағы Рыбакина «Үлкен дулығаның» соңғы кездесуінде әлемдік рейтингтегі №2 теннисші Онс Жаберді жеңген еді. Бұл бүкіл қазақ елі үшін тарихи жеңіс әрі үлкен жетістік болды. Соған қарамастан, Рыбакинаны ұлтына, шыққан жеріне қарап сынағандар болды. Жарыстан соң Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз жиынында Елена Рыбакина өзінің қазақстандық екенін дәлелдеп, көп сұраққа нүкте қою үшін Қазақстан төлқұжаты мен жеке куәлігін көрсетуге мәжбүр болды. Осыдан кейін халықтың көп сұрағына жауап берілгендей болып, сынаулар азайғандай еді. Бірақ осы жеңісті сәттен бір айдан кейін АҚШ-та жеңіл атлетикатадан әлем чемпионаты басталып, оған Қазақстан атынан кениялық спортшылардың қатысатыны белгілі болды. Сұрақтар қайта көбейіп, сынаушылар қатары қайта артты.

Жеңіл атлетикадағы кениялықтар

Дэйзи Джэпкимэй, Нора Джеруто, Каролин Кипкируи және Шадрак Коэч 2017 жылы отандық жеңіл атлетиканың «Алтай Атлетикс» клубына қосылған. Жеңіл атлетика федерациясы өкілінің мәліметінше, атлеттер 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алу ниетімен ҚР тиісті мемлекеттік органдарына жүгінген.

“Ережелер негізінде азаматтық алынды. Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін спортшылар оларды ел құрамасына қабылдану өтінімдерін қарау үшін федерацияға жүгінді. World Athletics Халықаралық жеңіл атлетика қауымдастығының спорттық азаматтығын ауыстыру туралы ережелеріне сәйкес олар үш жылдық карантин кезеңін күтті”, — дейді Павел Кукин.

Спортшылар World Athletics-тен Қазақстан Республикасының атынан сынға түсуге ресми түрде рұқсатты 2022 жылдың 30 қаңтарында алған. 2022 жылғы сәуірден бастап жеңіл атлетика бойынша ҚР ҰҚК-ға қабылданған.

Кукин Қазақстан атынан сайысқа түсу үшін спортшыларды тарту Федерацияның төлемдерімен қатар жүрмегенін айтады. Алайда клуб аталған спортшылардың және оның барлық мүшелерінің кәсіби өсуі үшін барлық қажетті жағдайларды жасаған. Бірақ федерация өкілі нақты қанша қаражаттың жұмсалғанын айтпады.

Осы тұста осыдан бес жыл бұрын Өскеменде облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен «Алтай Атлетикс» кәсіби жеңіл атлетика клубы құрылғанын айта кеткен жөн. Дәл осы Ахметовтің мұрындық болуымен бірнеше кениялық спортшылар ұлттық құрамаға шақырту алған.

Федерация өкілі спортшылардың Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында тұратынын айтты. Олар үшін әр күнтізбелік жылға жеке дайындық жоспарлары жасалып, жаттығу базалары анықталып және жарыс маусымының негізгі старттары таңдалады екен.

«Шыдамдылықты дамыту үшін жаттығу жиындары орта және биік тау жағдайында өтеді, олардың негізгілері Кенияның Итен қаласындағы және Қырғызстанның Ыстықкөл тау көлінің жағалауындағы базалар, онда бүкіл әлемнің кәсіби спортшылары жаттығады», — деп қосты Кукин.

Ол сонымен қатар кениялық спортшылардың қысқы және жазғы маусымдарда барлық ұлттық біріншіліктер мен чемпионаттарға қатысатынын атап өтті.

Кениялық спортшылардың жалақы мөлшері қандай?

Павел Кукин спортшылар барлық басқа спортшылар сияқты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК нұсқаушы спортшысының бір ставкасының тарификациясына сәйкес жалақы алатыны айтады. Жалақы мөлшерін де нақтылаудан тартынған Кукин кениялық спортшылармен бірге жұмыс істеген бес жыл ішінде елімізде орта және алыс қашықтыққа жүгіруде спортшылар арасында бәсекелестік артқанын сондай-ақ 20 жылдан астам уақыт сақталған рекордтар жаңартылғанына баса назар аударғысы келді.

Айта кетейік, АҚШ-та өткен жарыста 3 000 метр қашықтықты кедергілерді еңсере отырып жүгіріп өткен Нора Джерутоның 70 мың доллар (34 млн теңге шамасында) сыйақы алатыны белгілі болған. Сонымен қатар 10 000 метрге жүгіруден 7 орынмен келген Каролин Чепкоеч Кипкируи 6 мың доллар (3 млн теңге шамасында) алады.

«Өңі өзге болса да, ол біздің спортшы»

Қазақстандық жеңіл атлетші, Олимпиада ойындарының үміткері әрі жақында АҚШ-та өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленген Надежда Дубовицкая Нора Джерутаның жеңісіне барлық спортшылармен бірге қуанғанын айтады.

«Біз барлығымыз оның алтын медаль алатынын күттік. Себебі ол қанша уақыттан бері көшбасшы болып жүрді. Мен тіпті Норамен бірге «Гауһартас лигасына» бірге ұшып барғанмын. Біз ол жарысқа түскенде барлығымыз – Алтай құрамасының бүкіл спортшылары жанкүйер болып отырдық. Бізді камерадан көрсетпеуі мүмкін, бірақ біздің қолымызда еліміздің байрағы болды, біз тек жеңісті ғана күттік. Өйткені ол біздің спортшы. Оның өңі өзге болғанына қарап, өзіміздің спортшылармен қатар қоймағанымыз дұрыс болмас еді», — дейді Дубовицкая.

Спортшы басқа елдерде сырттан келген спортшыларға ешкім назар аудармайтынын айтады. Осылай деген ол Нораға көптің көзі бірден түскеніне таңданады.

«Осыдан 5 жыл бұрын, олар біздің «Алтай Атлетикс» құрамасының сапына ауысып келгенде мұндай үлкен көрсеткішті бірден көрсеткен жоқ. Яғни, осы 5 жылдың ішінде біздің ортақ жұмысымыздың нәтижесінде олар үлкен жетістікке жетті», — деп қосты ол.

Надежда Дубовицкая кениялық спортшылар туралы өзге спортшылармен де көп пікір алмасатынын, олардың да пікірі оң екенін жеткізді.

Өз спортшыларымызды үлкен жарыстардан қашан көреміз?

Жақында өткен жеңіл атлетикадан Әлем чемпионатына Қазақстан ұлттық құрамасының 12 спортшысы қатысты.

Спортшылар спринт, алыс қашықтыққа жүгіру, спорттық жүріс, көлденең және тік секіру секілді жеңіл атлетиканың барлық түрлерінен сынға түскен.

Федерация өкілі әлем чемпионатында өз спортшыламыздың да үлкен көрсеткіш көрсеткендерін айтады. Мәселен, «Алтай Атлетикс» клубының спортшысы Жанна Мамажанова марафон тәртібінде кеңес заманынан бері келе жатқан еліміздің рекордын жаңартқан.

Павел Кукин қазіргі уақытта резервтегі спортшыларды даярлаудың жүйелі жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.

«Федерация 2020 жылдан бастап 16-20 жас аралығындағы 30 спортшыға перспективалы спортшыларды қолдап, оларды кәсіпқойлар деңгейіне дейін өсуі және ұлттық құрама командаға кіруге мүмкіндік беру үшін стипендия төлейді. Сондай-ақ Федерация жаттықтырушылар мен төрешілер құрамын оқыту мен біліктілігін арттыруды тұрақты түрде өткізіп тұрады. Осының барлығы болашақта жеңіл атлетиканың барлық түрлерінен еліміздің намысын қорғайтын спортшылармен құрама команда түрінде оң нәтиже береді», — деп сендіреді ол.

Сонымен қатар ол жаппай балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Жекелеген салалар бойынша балалар жарыстарын өткізу тиімділігін көрсетті деген Кукин, осындай жобалар арқылы жеңіл атлетикамен шұғылданушылардың келу санын арттырып ғана қоймай, жалпы бұқараны спортқа қызықтыра аламыз, деп түйіндеді.

Айта кетейік, Қазақстан АҚШ–та өткен жеңіл атлетикадан 2022 жылғы әлем чемпионатында 22 орынды иеленді. 49 жаттығу түрінен өткен әлем чемпионатында елімізден 12 спортшы қатысып,  13 жаттығуда жүлдеге таласты.

Еліміздің тарихында алғаш рет спортшыларымыз 5 спорт жаттығу түрінен алғаш рет жүлде алды. Олар: 3000 метрге кедергімен жүгіру, 100 метрге кедергімен жүгіру, Сырықпен секіру, Жетісайыс және 3 қарғып секіру.

3000 метрге кедергімен жүгіру, 5000 метр, 10 000 метрге жүгіру сайыстарында алғаш рет елімізден спортшыларымыз бақ сынады.

Спортшыларымыз 400 метр, 5000 метр, 10 000 метр, марафон, 3000 метрге жүгіру сайысында ел тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.